Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі

Иманбаева Меруерт Еркінқызы

Мақала авторы:  Иманбаева Меруерт, «Палатцы негізгі мектебі»КММ             қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Мақалада отбасындағы бала тәрбиесі,  тәрбие барысында туындаған мәселелер мен оларды  шешу  жолдары қарастырылды.

В статье рассмотрены  способы воспитании  детей в семье, образования проблемы в воспитании  и их пути решения.

 

The article discusses ways upbringing children in the family, problem and their way of solutions.

Тәрбие-біз кімдерді тәрбиелейміз, солардың жүрегіне ықпал ету.

Л.Н.Толстой.

«Тәрбие-тал бесіктен басталады»-деп ата-бабамыз ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Себебі, бала-болашақ иесі. Болашағың  жарқын  болуы үшін, ұрпағың дұрыс тәлім  алуы шарт.

Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне көп көңіл бөлініп,  зерттеу еңбектер жазылғанымен, отбасында балаға ертегі оқып, бесікке бөлеген аналар саны жылдан-жылға азайып келеді. Соның кесірінен сана-сезімді улайтын телеарналардағы түрлі ұрыс-керіс, атыс-шабыс, алдау-арбау сынды көрсе-тілімдер көптеп кездесіп,  баланың назарын өздеріне аудартады. Баланың  телміре қарауы өз алдына, кейін тіпті соларға еліктеп, көргенін өмірде іске асырғандары да баршылық.Осы мәселені басшылыққа алып, мақаланы жазудағы мақсатымыз:          

«Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған, жақсы, жаман болса, бала –солардан»[1] деп Жүсіп Баласағұни айтпақшы, адам баласы дүние есігін ашқаннан бастап, өмір соңына дейін тәрбиелі болып өсіп, жетілуін қамтамасыз ету- ата-анасының парызы. Кей кездері парыз жайында ұмытып кетіп, балаларын дұрыс жолдан тайдырып алады. Кейін «перзентім  бұрыс жолға қалай түсті?» — деп тізе ұрып қалған сәттер көптеп кездеседі. Міне, осындай жайттардың алдын алу үшін, менің мақалам тамшыдай болсын септігін тигізер деген үмітпен жазған ойым бар.

Мақаламның өзектілігі:Әрбір адам-жеке тұлға. Мейлі, әр адамның даму деңгейі әртүрлі болсын, бірақ ол-тұлға. Ал жеке тұлғаның дамуына себепші факторлар: тұқым қуалаушылық, қоршаған орта және тәрбие екенін бәріміз білеміз. Бірақ, соның ішінде отбасының рөлі ерекше. Себібі, нәресте кезінен бастап,  есейгенге дейін басым уақыт бөлігі отбасында өтеді.Осы аралықта бала бойына дарытатын тәрбие құнарсыз болса, оның жемісі де нәрсіз болмақ. «Біздің балалар-біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие- болашақтағы қайғымыз. Бұл-біздің көз жасымыз. Бұл-басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз»- деп педагог А.С. Макаренко айтпақшы, балаларымызға отбасында дұрыс тәрбие беруміз керек.[2] Себебі, олар біздің болашағымыз. Ал,болашақ жастар қолында.

Адам баласы заманды жамандауға бейім, бірақ, заман адамды емес, адам заманды билейтінін көбі аңғармай, жылтыраққа әуес болып, адами құндылықтарды ысырып отырады. Соның кесірінен өзіміз де, ұрпағымыз да түрлі қиындықтарға тап болады. Мәселен, отбасында бала тәрбиелегісі келмегендіктен, перзентін балалар үйіне тастап кеткендер баршылық. Нақты деректерге сүйенсек,2013 жылғы  жалпы статистика бойынша  ата-ана мен отбасының жылуына зәру 34 785 жетім бар екен.[3]  2014 жылдың маусым айындағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда тіркелген жетім балалар:

Балалар үйлерінде – 11 000

Патронатта – 2000

Туысқандарының қамқорлығында – 22 000.[4]санын құрайды.

Психологтардың пайымдауынша, отбасында мейірім, шапағат, махаббат көрмеген, сезінбеген балалардан көбінесе, қылмыскерлер пайда болады екен. Сөзімді дәйектеп кететін болсам, әлемдік рейтинг бойынша темір торда отырған адамдар саны көрсеткіші жағынан еліміз 35 орында екен.Еліміздің қару қолданып жасалған  балалар қылмысы соңғы 5 жылда 8 есеге өскен, жасөспірімдер қылмысы әр жыл сайын 3,5 пайызға жоғарлауда.[5] Статистиканың шығу себебіне қарасақ, барлығы тәрбиенің осалдығынан шыққанын аңғаруға болады. Осының зардаптары отбасы жағдайына әсер етіп, түрлі келеңсіздіктер тудырады.Осы жайында сонау  17 ғасырда өмір сүрген шешен, халық мұңшысы, Мөңке бидің жырынан қазіргі заман күйін көре аламыз. Мәселен, жырда

Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Алдыңды кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады.

Ішкенің сары су болады,

Берсең, итің ішпейді,

Бірақ адам соған құмар болады.

Бетіңнен алып түсетін іңің болады.

Алашұбар тілің болады.

Дұдамалдау тілің болады,

Халықтың қанын сорған жамандар болады,

Қабағын түйіп қойып,

Қайыр сұрайтын адамдар болады.

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.

Ит пен мысықтай ырылдасқан

Еркек пен қатының болады.

Сарылып келіп тосарсың,

Құны жоқ көк қағазды судай шашарсың. [6]-

деп халықтың мұңын жоқтайды. Бізге сол кезде құндылықтарымыз өзгеретінін ескерткен болатын. Бірақ, содан кейін  төрт ғасыр өтті. Соның өзінде біз оны жете сезіне, түсіне алмадық. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, болашағымыз бұлыңғыр болмауы үшін  алдын-алу шараларын жүргізуге болушы еді. Бірақ, өкінішке орай үстіртін тәрбие беріп, адам бойындағы сапалы  қасиеттердің көбін жоғалтып алдық.

Осындай түрлі жайттарды естігенде даңқты жауынгер, ержүрек батыр Бауыржан Момышұлының қорқыныш жайында айтқан  сөзінің мәні терең екенін аңғарамыз. Ол: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Бірінші, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі  айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, содан қорқамын»[7] — деген екен. Шындығында,  бұндай ұрпақ қоғамға қауіп төндіреді, егер  бала бойына имандылық, адамгершілік, игі қасиеттерді дарытса, ешқандай қол  тәрбие қамалын бұза алмасы анық.

Дұрыс тәрбие-күрделі ұзақ процес. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлілік қажет. Ондай болмаған жағдайда, тәрбие беруде белгілі бір нәтижеге  қол жеткізу қиындыққа түседі.[8] «Тәрбиелеу- халықтар бойына  білімге негізделген этикалық  ізгіліктер мен өнерді дарыту»-деп   әлемге әйгілі ойшыл, философӘл-Фараби айтпақшы, [7]  адам бойына дұрыс тәрбие ғылым-білім арқылы дариды. Бірақ, білімді адамның бәрі толыққанды дұрыс тәрбиеленген деп айта алмаймыз. Олардың ішінде де, жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтың «Оқыған азамат»  атты әңгімесіндегі  теріс тәрбие алған кейіпкерлері тәрізді  оқығандар да  бар екенін бәріміз білеміз.

Негізінен, балаға басым көпшілік тәрбие көзі кітаптан беріледі. Ондағы ақын-жазушыларының шығармаларынан бала өзіне керек мағлұмат алып, өмірге деген көзқарастарын қалыптастырады. Оқыса жақсы,  сауаты ашылып, түйген-білгені  молая түсер. Бірақ, қазіргі кезде жастарымыз, мектеп оқушылары «кітап оқу» десе, құлақтарына түрпідей тие ме, әлде қазіргі  кітап мазмұны қызықсыз ба, әйтеуір тондарын ала қашады. Оқулықтарды ақтарып мағлұматтар іздеп, уақытымызды кетіреміз деп, интернет желісімен дос болып алған. Керегі болса, кітапханаға емес, интернет салонға қарай жол тартады. Осы жайында әлем елдерінің  көпшілігі интернетті санаулы ғана мөлшерде сабақ, жұмыс үшін ғана қолданады екен де, ал қалған пайыздық көрсеткішін бос уақытты тиімді өткізу үшін желіні пайдаланатын көрінеді.

Мәселен, Украинада тек  интернеттің  17 % ғана балалар сабақ үшін қолданаса [9],ал  GfK  консалтингтік компанияның  зерттеуі бойынша Еуропа мен Азия елдерінде 57% жасөспірім  интернетті сабақ көзі ретінде қолданып, қалған 43% бос уақыттарын өткізу үшін интернетті пайдаланады екен.[10]Осыдан туындайтын жайт, ата-аналардың  балаларына қарауға уақыты жоқ па? Тіпті жоқ дегенде күніне жарты сағат уақыт балаға бөлсе, осындай көрсеткіш болмас еді. Осы ретте мен субъективті көзқарасыммен ата –ананың балаға бөлетін уақытын шамамен топшалап көрдім.

Бір күнде 24 сағат бар. Баланың  орта есеппен 9 сағаты ұйқымен өтеді делік. 1 сағаты таңғы ас, жуыну, киінуге кетеді.  6 сағаты мектепке бөлінсе, соның ішінде үйірмелерге қосымша 2 сағат қосуға болады. Жолға барып-қайту орта есеппен 1 сағат, үй тапсырмасына 3 сағат бөлсе,  24-9-1-6-1-3= 4 cағат. Тек 4 сағаты отбасымен бірге болуға арналады екен. Ал осы бір күнді 365 күнге, яғни бір жылға көбейтсек, 4*365=1460 cағат қана балаға бір жылда  уақыт бөлінеді. Ал, бір жылда 8736 сағат болады.

Ал ол уақыт кешкі сағат 6 жарымнан онға дейінгі уақыт аралығында  ата-аналардың   жұмыстан шаршап келіп, тамақ істеп, теледидар көріп, демалуына арналған уақытына сәйкес келеді. Көбінесе,  кейбір отбасылар осы аралықта баламен сырласуды кейінге қоя тұра, басқа заттарға  көңіл бөледі.

 

Бұл көрсеткіштен кейін елімізде жасөспірімдер саны қайдан азайсын. Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Балаға мейірім, көңіл бөлінбегендіктен, сыртпен дос болып, еріккеннің ілгегіне ілініп кетіп жатады.

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы — оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Жазушы С.В. Михалков:

«Адамның қалыптасуы  бала кезден басталады. Жақсылық та адам бойына сол бала кезде ілігеді»- деп айтпақшы, [1]балалық шақтағы дұрыс тәрбиенің маңызы зор. Ал ол отбасы арқылы жүзеге асады. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол- бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.

«Бала тәрбиесіне  әке мен шешенің мүмкіндігінше бірдей араласуы үшін, отбасы тәрбиесін  жоғары дәрежеде дұрыс жолға қою қажет»-деп педагог, психолог П.Ф. Каптеров айтқандай,[1] бала тәрбиесіне әкесі мен анасының бірге тәрбие беруі жемісті. Бала өзін отбасына толық керек екенін, оны үйде жақсы көріп, сағына күтіп, болашақта одан үміт күтетінін сезініп, дұрыс жолда тәрбие алып өседі. Бірақ, бала тәрбиелеген кезде көпшілігі баласын ең алдымен өзінді ойла, кейін өзгеге көмектес, я болмаса басқасы басқа, сен дұрыс бол деп жастайынан баланы өзімшілдікке, қатыгездікке үйретеді. Шын мәнінде ата-ана баласын теріс тәрбиелеп жатырмын деп ойламауы мүмкін, түп-түбінде бала қара басын ойлайтын қатыгез болып қалыптасқанын ата-ана өзі де байқамай қалып, қапаланады. Қазіргі кезде біз көбіне «Заманына сай бөркіңді ки»-деп, теріс тәрбие береміз. Керісінше, заманды жасайтын адам екенін  біле тұра, бала бойына игі қасиеттерді неге дарытпасқа?

Жазушы, педагог А.С. Макаренко: « Бала сіздің ғана қуанышыңыз емес екендігін, сол үшін  еліміздің алдында  жауап беретіңізді әрдайым  естен шығармауыңыз керек»-деген. [1] Яғни, отбасында бала тәрбиелеймін деп, атаның баласын емес, адамның баласын тәрбиелеуіңіз абзал.

Жоғарыдағыдай түрлі мәселелерді ескере отырып, отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты ұсыныстарым:

  • « Баланы бұзуға, түзеуге, себеп болатын бір шарт-жас күнінде көрген өнеге»-деп қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймаутов айтпақшы,[1] ата-ана әрдайым өзін өнегелі ұстауы керек;
  • Бала тәрбиесіне әке мен ана бірдей араласуы тиіс;
  • Баланы мейлінше, мейірімділікке баулыңыз. Себебі, қатыгездік-өмірге кесірін тигізеді;
  • Бос уақытыңызды ұрпағыңызға арнаңыз. Ол өзін ата-анасына керек екенін сезінуі керек.
  • Баланы мақтай да, жазалай да біліңіз.
  • Тұлға бойына адамгершілік тәрбиені молынан дарытыңыз. Себебі, қазіргі адамдардың көпшілігінде ол қасиет жойылып барады. Соның нәтижесінде заманымыз қиындауда;
  • Баланың бос уақытын қызықтыра біліңіз;
  • Сіздің балаңыз емес, елдің баласы ретінде тәрбиелеңіз. Сонда ғана сіз берген тәрбие жемісін береді.

Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйінінде айтарым, адам өзгерер, заман түрленер, бірақ та қандай жағдайда болмасын «АДАМ» екенімізді ұмытпауымыз керек. Кубалық ақын, жазушы Хосе Хулиан Марти «Адам бола білу- ең қиын мамандық»-деген екен.[1] Қиындығын ескере отырып, отбасында баланың нәрестелік шағынан бастап дұрыс тәрбие  беруміз абзал. Өйткені, біздің ұрпақ-ел болашағы.

Осы арқылы болашағымызды тәрбиелесек, аспайтын асу, алмайтын қамал болмасы анық екендігіне сенімдімін.

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. А.А. Теміралиева «Асыл мұра» нақыл сөздер жинағы. «Көшпенділер» баспасы, 2013жыл
  2. Ж.Әуелбайұлы «Жаман тәрбие-болашақтағы қайғымыз» мақаласы. Сыныптағы тәрбие журналы, №3. 2003 жыл
  3. http://baq.kz/kk/news/41648
  4. http://365info.kz/2014/07/balalar-yjinde-nelikten-bala-kop/
  5. Назар.кз «Жасөспірімдер қылмысы»
  6. Н.Келімбетов «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» Алматы – 1996 ж.
  7. С. Әбенбаев «Тәрбие теориясы мен әдістемесі» Алматы. «Дарын» 2004ж
  8. Ф. Жұмабекова « Мектепке дейінгі педагогика» «Фолиант» Астана 2008ж. 11 б.
  9. http://ain.ua/2012/03/14/76827
  10. ИноСМИ.Ruсайты

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *