Мен жарқын болашақты жасаушы ұлы ұстазбын

Қасымханова Нургул

Ұстаз болу жүректің батылдығы…

 

ХХІ ғасырда білімнің жоғары сапалы және әділ болуына ықпал ету үшін білім беру жүйесінде реформа жүргізу қажеттілігі туралы пікір туып, көптеген шет елдердегідей сыни тұрғыдан ойлауды, қиялды, әлемдік сананы дамыту, шығармашылыққа үйрету, мектеп деңгейінде оқыту тиімділігін арттыру мақсатында елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлік бағдарламасы бойынша оқыту жаппай жүргізілуде. Бұл жайлы барлығымыз хабардар болғанымызбен ішіне ене алмай жүрдік. Солардың бірі менмін…

Күннен күнге коучинг, формативті, суммативті бағалау, кәсіби қоғамдастық, т.б. жаңа сөздермен сөздік қорымыз молайып, ХХІ ғасырда нені оқыту керек?, ХХІ ғасырда өмір сүруге балаларды қалай дайындаймыз? деген сұрақтарға жауап іздей бастадық.Оның жауабын алғаш курстардан өтіп, Кембридж бағдарламасы бойынша сындарлы оқытуға үйрететін құзіретті мұғалімдеріміз бермек болды. Десе де, «100 жылға жуық тәжірибесі бар» дәстүрлі оқытудан арылуға олардың да әлеуеті жеткіліксіз болды. Курс қарқынды жалғасып, алғашқыларды «жақтаушылар» көбейіп – педагогикалық-психологиялық тұрғыдан, олардың еңбек жалақысына үстеме қосылып материалдық тұрғыдан көзқарас өзгеріп, оқытудағы реформа басқаша бетбұрыс алды.Кейбір кезде мұны жаңалық деп қабылдап, кейде кезінде болып, кейіннен ұмыт болған дүние сияқты көрсек те, заман талабына сай, санамызға сіңіріп, қолданысқа енгізіп, оқи жүріп, әріптестерімізді оқыттық. Иә, осылайша мектептің білім беру мен тәрбиедегі беталысы «100 градусқа өзгерді». Осы тікбұрыштың артында, ендігі жерде, мектепте білім берудің «ескі» және «жаңа» идеялары пайда болды. Білім беру үдерісінде азды-көпті қиындықтар туа бастады. Ол қиындық алдымен мектеп басшысының жұмысына кедергі келтіретіні сөзсіз. Жаңа көшке жаңаша басшылық ету керек…

Мен осылайша 2017 жылдың көктемінде «Жаңартылған білім беру мазмұнының  біліктілігін арттыру бағдарламасы» бойынша курсқа келдім. Курстас ұстаздармен бірге мені Педагогикалық шеберлік орталығының позитивті басшылығы мен тренерлері ашық-жарқын көңіл күймен күтіп алды. Алғашқы күннен-ақ қызық та қиын, қиын да қызық үдерістің белсенді қатысушысына айналдым. Жаңа идеялардан біраз білетінім бар деп жүрсем, білмегенім әлі көп екен. Мұндағы әр сабақтың күн сайын, тіпті, сағат сайын өзгешеленіп, түрленіп отыратындығынан әр түрлі әдістермен «миға шабуыл» жасалып, алдын ала тақырыпты болжай алатын, әр түрлі дереккөздерден ақпарат алып, оны тиімді пайдаланып, тақырыпты өз бетіммен түсініп алатын болдым.  Менің шебер тренерім дәл сондай қызықты мазмұнда мектеп басқаруды терең меңгертіп, түрлі жолдарын үйретті, білім беру ісі бойынша әлемдік ақпараттар мен мәліметтер алдым. Жақында оқушылардың білім деңгейін анықтайтын Халықаралық PISA бағдарламасы бойынша алғашқы ондықта тұрған мемлекеттердің білім беру жүйесін жан-жақты қарастырдық. Сонда олардың жетістікке жетуінің бірден бір жолы алған білімін өмірлік тәжірибеге ұштастыра отырып берілетіндігі болса, екіншіден оның тек ізгілік жолында пайдалануы үшін баланы өнерге үйретумен қолдап отыратындығын түсіндім. Осы кезде «өнер-білім» деп екі ұғымды бір сөзге айналдырған хакім Абайдың ұлылығы санамда жаңғырды. Ол сол кезден-ақ өнердің бағасын білген еді. Оның да еңбекпен келетін ырыс екенін түсіндіре келіп, «алдау қоспай адал еңбегін сауған қол өнері — қазақтың әулиесі сол» деп адал еңбек етіп, өнермен айналысқан кісіні өте жоғары бағалады, өнердің білімге жетелейтін бірден-бір жол екенін айтты.

Заманауи білім берудегі көшбасшылықты жете зерттеп жүрген ғалым Лейтвуд: «Көшбасшылық дегеніміз – жеке әлеуметтік қозғаушы күш емес, көзге көріне қоймайтын бағыттар мен қозғалыстар арасындағы қарым-қатынас. Бірақ, бұл – айтарлықтай маңызды, ұйымның дамуына нақты үлес қоса алатын қарым-қатынас» деген анықтама жасады.

Мен «ғылым таппай мақтанбауды, өнер таппай баптанбауды», «өнер-білім бар жұрттан» оқып үйренуді өсиет еткен ұлы Абайды туған дана қазақтың ұрпағы екенін бір сәтке де ұмытпаған, елімнің болашағын қалаушы жас ұрпақты оқу-білім мен ізгілікке үйретуші ұстаз емеспін бе… Ендеше, мен әрі жас әрі кемеңгер тәуелсіз елімнің сындарлы идеялармен жаңғыртылған білім беру жолында көзге көрінбейтін, алайда маңызды үлес қосатын жарқын болашағын жасаушымын…

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *