Эссе. «Өзін-өзі тану» сабақтары — бала тұлғасын қалыптастыру негізі

Айжарикова К.У.

Бала – бұл әлемдегі ең таз, ең пәк жан. Баланың қайталанбас ерекшелігі – оның иілгіштігі. Оның осы бір ерекше қасиетін балаға бағдарлай дұрыс та ұтымды пайдалану керек.  «Өзін-өзі тану» сабағы әр баланың ашылуына  , оның өзіне ғана тән қасиеттерінің дамуына жағдай туғызады. Баланың бойында өзіне деген сенім, өзіне деген құрмет, өз жасаған қылықтарына деген жауапкершілік сезімдері пайда болады. Өзіне деген сенімі бар бала өзінің ішкі ойын, өзіндік пікірін ешбір бүркемелеусіз, ашық сыртқа  шығара  алады. Яғни, оның ішінде, ойында шешімін таппаған және іштей оны күйзелтетін сұрақтар қалмайды. Бала әрбір сұрағына жауап тапқаннан кейін, оның ойымен өзгелердің санасқанын көргеннен кейін өзін жеке тұлға ретінде сезіне бастайды. Ол өз ортасында өзінің орнын, рөлін сезінеді.

«Өзін-өзі тану» сабақтары барысында бала кез-келген ортада өзін ұстау ережелеріне үйренеді және ол сол үйренгендерін күнделікті өмірде қолданады. Яғни, бала құрбы-құрдастарымен қарым-қатынастың, өзінен кішілермен және үлкендермен қарым-қатынастың тиімді жақтарын игере бастайды. Сонымен қатар сабақтарда әр балаға жекеше көңіл бөлінеді. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуында бұл әрине тиімді. Себебі, балаға неғұрлым көбірек көңіл бөлінсе, ол сонша ашылады.

Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, оның психологиялық, рухани, физиологиялық, әлеуметтік және шығармашылық дамуының  үйлесімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Өзін-өзі тану» пәні функционалды тұрғыдан маңызды пәндердің  бірі болып табылады .

Рухани-адамгершілік білім беретін «Өзін-өзі тану» бағдарламасының терең кіріктірілген моделінің оқу және тәрбие процесіне  енгізілді.

«Өзін-өзі тану» сабағы бойынша жүргізілген жұмыстар барысында ол баланы жеке тұлға  ретінде қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның ойлау қабілетінің дамуына жағдай туғызатынын көріп отырмыз. Сабақтардың басым көпшілігі баладан ойлануды қажет ететін, шешім шығаруды қажет ететін қызықты жағдайлардан тұрады.

Тағы бір айта кететін мәселе, ол «Өзін-өзі тану» сабағы бірнеше сабақтарды біріктіріп отыр десек те болады. Яғни, бұл сабақта бала көркем әдебиет, тіл дамыту, айналадағы қоршаған ортамен танысу, экология, валеология, бейнелеу өнері сияқты сабақтардан алған білімдерін шыңдай түседі. Бұл баланың алған білімінің оның ойында , санасында тереңірек бекуіне, орын алуына өте қолайлы.

«Өзін-өзі тану» сабақтарында табиғат және оның ғажайыптары жайында балаларға өте көп мағлұматтар беріледі. Сабақтардың көпшілігінде балаларға күннің нұрынан, әсем гүлден, мөлдір судан, таза ауадан және тағы да басқа табиғат көріністерінен ләззәт ала білу үйретіледі. Біз өз тәжірибемізде осындай жағдайлар балаларға жақсы әсер ететінін көріп отырмыз. Осы жұмыстар барысында бала өзінің табиғатпен тұтас екенін сезінеді , табиғатқа келтірген зиян өзіне келтірген зиян екенін түсінеді және осы түсінік оның санасында орын алып, болашақта өзін қоршаған ортаға зиян келтіруден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді.

Сонымен қатар «Өзін-өзі тану» сабақтарының ұйымдастыру тәсілдерінің, құрылысының өзгеше болуы және сабақтың арнайы жабдықталған кабинетте жүргізілуі балаға жақсы жағынан әсер етеді. Яғни, бала сабақты өзгеше қабылдайды және бұл баланың қиялының, шығармашылығының ерекше дамуына әсер етеді. «Өзін-өзі тану» сабақтары барысында бала санасында «бәрі де қолымнан келеді және бәрі де мүмкін»  деген ой қалыптасады. Осы ойдың нәтижесінде баланың өз мүмкіншілігіне деген сенімі артады.

«Өзін-өзі тану» сабақтары барысында ұсынылып отырған ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке , сыйластыққа, түсінушілікке үйретуді көздейді. Яғни бұл сабақтарда ойынның өзі де баланың бойына жалпы адамзаттық  қасиеттерді сіңіруді көздеп отыр. Міне, сабақтарда орындалатын барлық әрекеттердің бірінің мазмұнын толықтырып, өзара байланыста өтуі үлкен жетістікте көрінеді.

Бұл пән жеке тұлғаның өзін-өзі тануына және рухани баюына әсер ете отырып, әрбір тұлғаның жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді.Сонымен қатар ол жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануға және өмірлік ұстанымын, дүние танымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді. Адамгершілік-рухани тұрғыдан дәріс алған балалар өмірлік маңызды құндылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық арақатынас мәселесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі.

Өзін-өзі тануды оқыту баланың өзіндік бейімділіктерін ашу және оның мінез-құлқын, қабілеттерін ескере отырып, оны тұлға ретінде, іс-әрекет субъектісі әрі жеке дара субъекті ретінде дамыту, балалардың қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынас айқындамасын, адамгершілік мінез-құлықтың, әлеуметтік маңызын ашу, сондай ақ шығармашылық шыңын көтеру тәрізді міндеттерді  жүзеге  асырады  деп  айтуға болады.

      «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» себебі: өзін-өзі тану пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, тәрбиелейді,  яғни бала бойындағы махаббат сезімінің бастауын оятады; өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге, ойын  шыңдауға, яғни шығармашылық қабілетінің ұшқынын  ұштайды.

Махаббат пен шығармашылық білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.

Ф.И.Достаевский «Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе-өзің бағын, өзіңді-өзің тани біл» — деп айтқан болатын.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *