Тәуелсіздігімізге 30 жыл!

Алматы қаласы КММ№101  санаториялық  бөбекжай

Балабақшасының тәрбиешісі

Көпекова  Сандуғаш  Керимовна

Қазақ халқы ежелден ақ төскейде малы, төрінде басы қосылған іргелі ел болды.

Халқымыздың ұлан-ғайыр жерімен қоса, өзіндік салт- дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен діні болды.

Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, халқымыздың әр буыны әр түрлі сынақтарды басынан өткергені белгілі. Ата –бабаларымыз ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты да көріп, зұлмат өмірді де бастан кешірді.

Соған қарамастан, жерімізге, елімізге көз тіккен дұшпандарымызбен етігімен су кешіп жүріп, ақтық демі шыққанша, қасық қаны қалғанша шайқасты. Батыр бабаларымыз бойларындағы сарабдал ақылы мен қажырлы күш – қайратын біріктіре отырып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен өз елін, өз жерін қорғай білді. Ұрпағына да ұлы даласын аманаттап кетті.

Жылдар жылжып, азаттықты аңсаған бабаларымыздың асқақ арманы да орындалды.

1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіз, егеменді ел деп жарияланды.

Содан бері арада талай жыл өтіп, міне биыл Қазақстан Мемлекетінің  тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы өзінің белгіленген шекарасы, тілі мен діні, мемлекеттік рәміздері , ұлттық құндылықтары , салт-дәстүрлері бар тәуелсіз елге айналды.

Осы 30 — жыл ішінде мемлекетіміз көптеген жетістіктерге жетті. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын кезең-кезеңімен алып қарастыратын болсақ, әр кезеңнің өзінің жеткен жетістіктері мен атқарған орасан зор шаруалары бар.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдық кезеңінде, Қазақстан мемлекеті өз іргетасын қалады. Тәуелсіз еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назрбаев болды. Осы Елбасының  басшылығымен көптеген маңызды жұмыстар атқарылды.  Ата заңымыз қабылданды. Ұлттық валютамыз айналымға еніп, қарулы күштеріміз құрылды.

Елордамыз Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіп, оған Астана атауы берілді. Дүние жүзіндегі қандастарымыз ата жұртқа қайта оралып, халқымыздың саны көбейе түсті. Еліміз халықаралық ұйымдарға мүше бола бастады. « Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданды. Ұлттық қор құрылды.

Тәуелсіздігімізге жиырма жыл толған жылдары, халқымыздың экономикалық әлеуеті арта түсті. «Мәдени мұра» — бағдарламасы жүзеге асты. Түрлі саммиттер өткізуге, халықаралық маңызы бар жобаларға бастамашы болды. Құрылыс саласы да осы жылдары өте қарқынды дамыды.

Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығында шекара мәселесі түбегейлі шешілді. «Қазақстан – 2050» -бағдарламасы қабылданып, дамыған 30 елдің қатарына жетуді жоспарладық.

 

2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Бұл ойында еліміздің намысын қорғаған спортшыларымыз 70 медаль иеленді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Сауда Ұйымының мүшесі атанды.

2016жылы Қазақстанның егемендік алғанына 25жыл толды. 2017 жылы Қазақстанда ЕХРО-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме Астана қаласында өтті. Көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

2019 жылы  19-наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9-маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

Тәуелсіз елімізде бұдан басқа да көптеген маңызды шаруалар атқарылуда. Бүгінде Қазақстан Мемлекеті «Мәңгілік ел»- болуға ұмтылуда.

Тәуелсіз еліміздің тәуелсіз жастары да өз мемлекетінің мүддесі үшін барларын салуда. Спорт, өнер салаларында  көптеген жетістіктерге жеткен жастарымыз бар. «Болашақ» бағдарламасымен оқып, өз еңбектерімен елінің өркендеуіне үлес қосып жатқан жастарды мақтанышпен айтуға болады.

Сондай-ақ, еліміздің мектептерінде, балабақшаларында Тәуелсіздігіміздің  30- жылдығына байланысты іс-шаралар жиі өткізіледі. Бұл іс-шаралардың мақсаты – еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы болатын жастарды Отанды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге , туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға , тарихын терең білуге тәрбиелеу.

Осыған орай, балалар да өз Отандарына деген құрметін , сүйіспеншілігін суретке салу арқылы, ән айту ,жыр арнау арқылы да білдіруде.

Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығына орай Қасым –Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен, 30-жылдықты мерекелеу жөнінде Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Президент Тәуелсіздіктің 30- жылдығын елеулі мереке ретінде атап өтуді әрі әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыра отырып өткізген жөн екенін баса айтты. Сондай-ақ, айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы тиіс екенін де атап өтті.

Міне, бүгінгі күндері елімізде тәуелсіздігімізді тойлауға байланысты көптеген ауқымды жобалар іске асырылуда.

Тәуелсіздік –бұл біздің еркіндігіміз, баға жетпес байлығымыз!

Еліміздің еңсесі тік, тәуелсіздіктің тұғыры биік болғай!

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *