Су — тіршілік көзі

 

Білім беру саласы: Әлеумет
Ұйымдастырылған оқу-қызметі: Қоршаған ортамен танысу
Тақырыбы: Су – тіршілік көзі.
Мақсаты:
Білімділік: Балаларға су туралы түсінік беру және судың қажеттілігін, оның адамның, құстың, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіндегі маңызы туралы түсіндіру.
Дамытушылық: Судың табиғатта баға жетпес сый екенін айту, түсініктерін қалыптастырып дамыту. Суды үнемдеп пайдалануға және судың барлық ерекшеліктері туралы сипаттау.
Тәрбиелік: Қазіргі кезде адамзат ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғат-ананы қорғап,аялауға үйрету. Суды ластамауға тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс – тәсілдері: көрсету, түсіндіру, тәжірибе жасау, сұрақ – жауап, мадақтау.
Сабақтың көрнекілігі: глобус, су, қант, тұз, қасық, сүт, гуашь бояулары, әр түрлі суреттер және т.б
Сөздік жұмыс: судың қасиеті, түссіз, дәмсіз, иіссіз, қатты, сұйық, бу.
— Балалар барлығымыз шаттық шеңберге тұрып, қонақтармен амандасайықшы.
Шаттық шеңбері:
Самал жел бізді желдетші,
Күн нұры бізді жарқырат.
Таза ауа дем берші,
Мөлдір су бізді салқындат.
Ал енді балалар барлығымыз жайғасып отырайық. Бүгінгі ашық оқу қызметінің тақырыбын айтпас бұрын, мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп тұр, ал сендер мұқият тыңдаңдар:
Дәмі де жоқ, түсі жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ. Ол не?
Жауабы: Су.
Дұрыс балалар, әрине су. Ал ендеше бүгінгі ашық оқу қызметінің тақырыбы – «Су – тіршілік көзі» екен. Ойыма ақын су туралы мынадай өлең жолдары есіме түседі.
Су жүргізер тіршіліктің тамырын,
Су жоқ болса, тіршілік тамам бауырым.
Судың біз біле тұра маңызын,
Көп болған соң ұмытамыз қадірін, — дейді.
Балалар осы өлең жолдарында айтқандай су болмаса тіршілік болмайды.

— Көп тамшыдан су пайда болады. Су өмір бойы айналымда болады. Ол жаңбыр болып жерге түседі. Арық болып өзенді құрайды. Содан кейін қайтадан күн шуағымен бу болып аспанға көтеріліп, жер бетіне жаңбыр болып оралады.
— Жер бетінде су көп болса да, барлығы бірдей ішуге жарамды бола бермейді. Су тұщы және тұзды (ащы) болады. Біз ішу үшін тұщы суды пайдаланамыз.
Су — тіршілік көзі. Оны тамаққа пайдаланамыз, шөлімізді басамыз. Сонымен қатар егін суарамыз, өрт сөндіреміз. Жан — жануарлар, балықтар, құстар да сусыз өмір сүре алмайды. Балалар, мына ғаламшарға қараңдаршы, жер бетінің көп бөлігін су алып жатыр. Суды ғаламшарда көк түспен белгілейді. Ал ауыз су сол сулардың 2, 5 пайызын құрайды. Сондықтан ауыз су тапшы. Суға қоқысты тастауға болмайды, жазда теңізге түсуге барғанда, өзімізден кейін қалған нәрселердің барлығын жинап бірге алып кетуіміз керек. Суды бекерге төкпей үнемдей білуіміз керек. Дана халқымыз»Суды бекерге төкпе»,»Судың да сұрауы бар»деп айтатыны сондықтан.
Балалар су қандай зат? (балалардың жауаптары тыңдалады)
Ал судың иісі бар ма, иіскеп көріңдерші? (балалар суды иіскеп көреді)
Судың пішіні бар ма?
Біз қазір судың пішіні бар ма, жоқ па соны тексереміз. (тәрелкеге су құю)
Әрине жоқ, суды қай ыдысқа құйсаң ол сондай пішінді болады.
Судың дәмі бар ма? Осыны да біз тексерейік, алдарында ыдысқа су құйылған. Сол суды ішіп көріңдер. (балалар суды ішіп көреді)
Енді осы суға кейбіреулерің қант қосып көріңдер, ал басқаларың тұз қосып көріңдер. Суды ішіп көріңдер дәмі қандай болды екен? (балалардың жартысы суға қант қосады, ал басқалары тұз қосады, өздерінің сезімдері туралы айтады)
Дұрыс суға біз не қоссақ, сол заттың дәмін сеземіз, ал судың дәмі жоқ екен.
Судың түсі бар ма? Егер де бояу қосып жіберсек, оның түсі өзгереді. Оны да тәжирибе арқылы дәлелдейік. Стакандағы суға гуашь бояуларын қосайық. (балалар суға гуашь бояуын қосып араластырады, судың түсі өзгергенін айтады)
Сонымен қатар су мен сүтті салыстырып көрейік, су бар стақанға қасық салайық, қасық көрінеді ме? Иә көрінеді, ал сүт құйылған стақанға қасық салсақ ол көрінеді ме? Жоқ көрінбейді, сондықтан судың түсі жоқ, ол – мөлдір екен.
Балалар сонымен су – түссіз, дәмсіз, иіссіз, тұрақты пішіні жоқ табиғи ресурс. Осыны дәлелдеу үшін біз сумен тәжирибе жасап көрдік.
Білесіңдер ме судың үш қасиеті бар – сұйық, қатты, бу. (үстел үстінде тұрған ыдыстағы су, мұз және қайнаған суды көрсету)
Стақандағы суды тоңазытқышқа қойсақ, ол мұз болып қатып қалады. Ал мұзды жылы жерге қойсақ, ол еріп суға айналады. Суды шәйнекке құйып қайнатсақ, қақпағынан бу шығады, яғни бу болып ұшады.
Мен сендердің қолдарына мұз беремін, ұстап көріңдерші не болады екен? (балаларға мұз беру, ол ери бастайды.)
Мұзбен не болады? Иә дұрыс айтасыңдар ол ери бастайды, себебі біздің қолымыз жылы.
Балалар сендер су туралы мақал – мәтелдерді білесіңдер ме, қане айтыңдаршы?
1. Су бергеннің сауабы бар,
Су төкеннің жауабы бар.
2. Ағын су жолын табады,
Ақ адам оңын табады.
3. Сумен ойнама – батарсың,
Отпен ойнама – жанарсың.
4. Су анасы – бұлақ,
Сөз анасы – құлақ.
Жарайсыңдар балалар су туралы мақал – мәтелдерді біледі екенсіңдер.
Сергіту сәті:
Сылдырлайды мөлдір су,
Мөлдір суға қолыңды жу.
Жуынсаң сен әрдайым,
Таза бетің, маңдайың.
Тазалықтың досы,
Су дегенің осы.
Ал кім су туралы тақпақтар біледі екен? (Балалар су туралы тақпақ айтады)
Су туралы қандай тыйым сөздерді білеміз?
1. Су ішкен құдыққа түкірме.
2. Түнде суға барма.
3. Түнде судың бетін ашық қалдырма.
4. Өзен, көлдерді ластама.
Балалар суға қоқысты тастауға болмайды, жазда өзенге, көлге түсуге барғанда, өзімізден кейін қалған нәрселердің барлығын жинап бірге алып кету керек. Осының бәрін суға тастауға болмайтынын білу керексіңдер.
Адамдар сусыз өмір сүре ала ма?
Ал, жануарлар мен өсімдіктер ше?
Жарайсыңдар балалар, сусыз адам да, жануар да, өсімдіктер де тіршілік ете алмайды. Сондықтан «Су – тіршілік көзі» деп айтамыз.
Өзен мен көлдерде, теңіздер мен мұхитта нелер тіршілік етеді? (әртүрлі балықтар, өсімдіктер)
Олар сусыз өмір сүре ала ма?
Адамдарға су не үшін қажет?
Судың қажеттілігі туралы не білеміз? (суретпен жұмыс)
Суды ішеміз және жуынамыз.
Сумен өсімдіктерді, бау – бақшаны суарамыз.
Сумен ас әзірлейміз.
Сумен кір тазалаймыз.
Суға адамдар да, жануарлар да шомылады.
Жарайсыңдар балалар, ал енді «Күн мен жаңбыр» деген ойынды ойнайық. Ойын шарты: Мен сендерге күн дегенде сендер жүгіресіңдер, серуендейсіңдер, ал жаңбыр дегенде қолшатырдың астына тығыласыңдар жақсы ма?
Балалар «Күн мен жаңбыр» ойынды ойнайды.
Өте жақсы балалар, ал енді барлығымыз орнымызға отырайық, міне бүгін біз сендермен су туралы көп мәлімет алдық. Ал енді осы сұрақтарға жауап беріңдерші:
Судың иісі, дәмі, түсі бар ма?
Судың қандай қасиеттері бар?
Қандай тәжірибе жасадық?
Сусыз өмір сүруге бола ма?
Суды күнделікті өмірде қалай пайдаланамыз?
Қандай ойын ойнадық?
Суды үнемдеу керек пе?
Жарайсыңдар балалар бүгінгі ашық оқу қызметіне белсене қатысқандарыңыз үшін сендерге алғысымды білдіремін. Ал енді келген қонақтармен қоштасайық!
Сау болыңдар!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *