Ана тілі пәнің оқытудың маңыздылығы

Автор: Умбеталиева Брлянт Кумарбековна

Қазіргі таңда, оқыту үдерісінде білім беру мен тәрбие өзара бірлікте қарастырылып, қағидалары бекітілді. Осы орайда білім беру мекемелерінде жүргізілетін тіл дамыту сабақтарының құрылымы мен сапасына ерекше көңіл бөлу талаптары туындап отыр. Осы тұста балаға отбасында, балабақшада және мектепте әдеби тіл нормаларын сауатты игертуді талап етеді. Ұстазға жүктелетін міндеттің қаншалықты зор екенін ой елегінен өткеріп, пайымдап көріңізші. Шәкіртті жатық сөйлеуге, ойын көркем де бейнелі жеткізуге, сауатты жазуға дағдыландыру үшін ұстаз көп ізденіп, талмай жұмыс жасайтындығы ақиқат.

Бала ана тілінің қыр-сырын терең меңгермейінше, қоршаған орта, табиғат жайында білім алуы, жалпы даму үдерісі ойдағыдай болуы мүмкін емес. Өйткені тіл – адамдар арасында табиғат сыйлаған ең құдіретті қатынас құралы. Адамзат тіл көмегімен өз ойын жеткізіп, өзгенің жан сырын ұғына алады. Тілі жақсы дамыған бала санасын, жүрегін билеген сезімін дәл, шебер жеткізе алады. Оқу материалдарын ойдағыдай меңгереді, табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі артады. Бала тілін дамыту үшін арнайы оқытуды ұйымдастырудың қажеті жоқ. Тек ауызша және жазбаша сөйлеуге тақырып ұсынып, баладан соны баяндау талап етілсе болғаны дейді. Екінші бір тобы тіл дамытуды баланың өз ой-пікірін ауызша және жазбаша формада жүйелі байланыстырып беруге дағдыландыру деп біледі. Сондықтан тіл дамытуда мазмұндама мен шығарма түрлерін көптеп жаздыруды ұсынады. Енді бір ғалымдар тобы ана тілі сабақтарында игерілген білімді пайдалана отырып, соның негізінде бала тілін дамытуды ұсынады. Ол үшін игерген пән материалдары, атап айтқанда, сөз, сөз тіркесі, сөз таптары, сөйлем, орфография, орфоэпия және пунктуациядан, т.б. білімдерін іс жүзінде пайдалануға мүмкіншілік тудыратын арнаулы грамматикалық жаттығулар, мазмұндама мен шығарма жаздыру қажеттігін айтады. Расында, тіл өте күрделі, сонымен қатар ғылыми тілмен айтқанда дифференциалды құбылыс. Тілдің дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамының, грамматикалық құрылымының, синтагмалық қатынастың өзара сатылай байланыста орнығатындығын дұрыс пайымдай білу нәтижелілікке қол жеткізетін бірден-бір жол.

Аса көрнекті педагог К.Д.Ушинский ана тілінің білім берудегі ролі туралы: “Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты, географияны, жаратылыс ғылымдарын және математиканы өз сөзімен айтып бере алмайтын күйге ұшырайды». Ана тілі басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинастыратын басты, өзекті пән. Сондықтан да қазіргі кезде бастауыш мектепте оқушылардың сөздік қорын молайтып, сол үйренген сөздерін қолдана отырып, айтайын деген ойын анық жеткізіп сөйлеуіне зор көңіл бөлінеді. Бастауыш мектепте оқытылатын әр пәннің оқушы тілін дамытуға қосар үлесі болғанмен, бұл үлкен міндетті жүзеге асыруда «Ана тілі» пәнінің атқаратын қызметі зор. Пәннің негізгі мақсатының өзі – оқушының сөздік қорын дамыту. Және сөздік қормен қоса оқушының тіл мәдениеті нормаларын меңгеруіне түрткі болады. Оқушылардың таза, жатық, түсінікті сөйлеуін қалыптастыру – осы пәннің міндеттерінің бастысы.

Осы орайда белгілі ғалым Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», — дейді. Жалпы, ана тілі сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғышарты қаланады. Бастауыш сыныптарда ертегі, аңыз, әңгіме оқытудың және сабақ тақырыбына байланысты мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш пайдаланудың маңызы зор. Баланы қызықтырады, баланы оқи отырып, тыңдай білуге үйретеді. Қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді, тілін ширатып, жан-дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады. Мысалы, ана тілін оқыту барысында мақал-мәтелдермен мынадай жұмыс түрлерін жасауға болады. Тақырып мазмұнына сай мақал-мәтелдер айтқызу, оны өз сөзімен, ойымен дәлелдету. Көрініске, табиғатқа, суретке қарап тұрып мақал айту.

Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау, кейіпкерлердің іс — әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп, тәрбиелік жағына көңіл бөлу – бастауыш сынып бағдарламасында ескерілетін жайт. Алайда, көркем мәтінді оқыған соң, талдаған тұста сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп, барлық талдауларға еркін қатысуына түрткі болады.

Яғни ана тілі пәнінің оқыту-әдістемесінің өзі баланың жан-жақты білім нәрімен сусындауына жағдай жасағандығын көрсетеді. Әрбір білім алушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ана тілін меңгертетін әрбір ұстазға алғысымыз шексіз. Ұстаздар жүйелі түрде білімдерін арттырып, жаңа оқыту-әдістерін меңгеріп, оны балаға сапалы түрде жеткізе білгенде, кез келген ұстаз өз мақсатына жетері даусыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Рахметова С. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми – әдістеме.лік негіздері: педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. — Алматы: 1994

  1. Уәлиханұлы Н., Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті. — Алматы: 20023.
  2. Балақаев М., Серғалиев М. Оқулық. — Алматы: Зият Пресс, 2004. — 140 б

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *