Өз мамандығымды жақсы көремін

Өз мамандығымды жақсы көремін.

 

Мен кішкентай балаларды жанымдай жақсы көремін. Олардың қылықтары, еркеліктері, кіп-кішкентай тәтті сөздері адамды ерітпей қоймайды. Сондықтан болар, мамандығым-тәрбиеші. Мен өз мамандығымды жаңылыспай тапқан бақытты жандардың қатарынанмын. Әрқайсысы бір үйдің қызықтары мен бұзықтары, үміті, шырағы, аяулысы ғой. Барша адамзаттың кез-келгені ең бірінші тәрбиешінің алдынан өтеді емес пе?! Сол үшін де бұл мамандықты киелі мамандық дер едім.

 

Әрбір саланың өз қиындығы болады. Сол сияқты бұл мамандықты оңай деп айтуға болмайды. Мысалы, диханшы, мал баптаушы, банк қызметкері, заңгер т.б маман иелері жұмысты бабымен, жақсы орындаса нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал мен таңдаған тәрбиеші мамандығында басқаша. Біз тәрбиелеп өсірген кіп-кішкентай бүлдіршіндердің нәтижесі, олар ер жетіп, бой жетіп өскен соң, еліміздің мақтанышына айналар тұлға болып жатса, міне біздің жетістігіміз деп айтуға болады. Басқа саладан айырмашылығы осы.

 

Балалар шынайылық пен пәктіктің айнасы. Көп адамдар «бұрынғы бала кезіме оралсам ғой» деп айтып жатады. Өйткені, кішкентай кезде адамдар шын қуана алады, олар жасандылықтың не екенін де білмейді. Сондай ізгі қасиеттерді балалардан үйренуге болады деп ойлаймын. Менің балабақшада қызмет еткеніме екінші жыл, жалықтым деп айта алмаймын. Себебі, кіп-кішкентай тәтті бүлдіршіндерге арнаған уақытымды ең бір бақытты кезеңдерім дер едім.

«Гүлбану апай, мен сізді жақсы көрем» деген балапандардың ұсынған өз қолымен жасалған титтей де сыйлығы, жүрегімді жібітпей қоймайды. Алдағы мақсатым, білімімді кеңейтіп, тәжірибемді толықтыру. Мінезі жайдары, білімі терең, кішіпейіл тәрбиеші атанып жатсам, үлкен арманымның бірінің орындалғаны деп білемін.

 

 

КМҚК 148 Бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Издибаева Гүлбану Бержанқызы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *