Тау-кен саласының кемеңгері — Шахмардан Есенов

Суйеуова Набат Базархановна

аға оқытушы, магистр,

Есенов  университеті, Ақтау қаласы

 

Тау-кен саласының кемеңгеріШахмардан Есенов

Маңғыстау облысындағы оқу ордасына есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері, Лениндік және ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Одаққа  танымал ірі тұлға,  тау-кен саласының кемеңгері  Шахмардан Есеновтің туғанына биыл 95 жыл толды.

Осы шараға орай өзі дамуына аянбай тер төккен, еңбек сіңірген Маңғыстау өңірінде  орналасқан білім ордасы — Есенов университетінде  14- қазан 2022-жылы академик Шахмардан Есеновтың   95-жылдығына арналған «Ғылыми жаңғыру: тұлға мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Осы конференцияның негізгі мақсаты: Ш. Есеновтің еліміздің ғылымын дамытуға қосқан ғылыми үлесінің ерекшеліктері мен өзекті мәселелерін қарау және талқылау; ғылыми идеялары мен мұрасын жан-жақты насихаттау; ғалымның өмірі мен қызметі, ғылыми білімдері мен жетістіктерімен алмасу мақсатында елдің өскелең ұрпағына патриоттық және адамгершілік тәрбие беру үшін ғылыми алаң құру.

Өткізілген жиынға жақын және алыс шетелдердің,  Қазақстанның жоғары оқу орындарының ғалымдары, Есенов университет оқытушылар құрамы мен білім алушылары, бизнес-құрылымдардың өкілдері,  ардагерлер қатысты.  Конференцияның алғашқы салтанатты сәті — академик Ш.Есенов ескерткішінің алғашқы тасын қалау рәсімімен басталды. Конференцияның пленарлық отырысын Есенов университетінің президенті Б.Б.Ахметов алғы сөзбен ашып берді.  Маңғыстау облысының әкімі — Н.А.Ноғаев конференция ұйымдастырушылары мен қатысушыларын құттықтап, Шахмардан Есеновтің тұлғалық бейнесіне тоқталып  өтті.

Пленарлық мәжілісте бірқатар профессор, геолог ғалымдар баяндама жасады. Сонымен қатар, «Конференция материалдары» жинағында жақын, алыс  және Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындары ғалымдарының, студенттерінің мақалалары мен ғылыми еңбектері жарық көрді. Жиынға алғашқы мұнай атқылаған жылдары Шахмардан Есенұлымен бірге болған, өлкеміздің дамуына атсалысқан еңбек ардагерлері, мұнайшы-геологтар да қатысты.

Шахмардан Есенұлының өмір жолы тарихын қысқаша еске салсақ, ол 1927 жылы 5-тамыздан Қызылорда облысының Тартоғай ауы­лынан бастау алады. Соғыс басталғанда барлығы 13 жаста болды, сондықтан бала­лық, жастық шағында соғыс кезеңін, соғыстан ке­йінгі қиын сынақтарды бастан өткереді. Есенов 17 жасында Алматыдағы тау-кен-металлургия институтына (қазіргі Сәтбаев университеті) оқуға түсіп, қазақ геологиясының атасы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болады. Ол талант­ты жігітті бірден байқап, оның ұстазы, тәлімгері, өнеге-үлгі болатын адамына айналады. Институттан кейін Шахмардан ұзақ уақыт сол кездегі Жезқазған өңірінде  геолог, кейін геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болып қызмет етеді. Ол Жезқазған кен орындарында, сондай-ақ өзінің тікелей басшылық етуімен Батыс Қазақстан мен Маңғыстау мұнай-газ орындары- Жаңаөзен, Жетібай, Бозащы,  Қаражанбас, Қаламқас кен орындарында заманауи экономиканың негізін қалағандардың бірі. Небәрі 33 жасында КСРО-дағы ең жас министр Геология министрі болды. Дәлірек айтсақ,  сол кезеңді геолог замандастары «Қазақстан геологиясының алтын ғасыры» деп мақтанышпен атаған.

Ұлы тұлғаның есімін мәңгі сақтау мақсатында 1995-жылы ҚР Министрлер кабинетінің бұйрығымен Ақтау политехникалық институтына Шахмардан Есеновтің есімі берілді. Бүгін­де Маңғыстаудың бас оқу ордасы, яғни қазіргі Ш.Есенов атындағы университет те білікті мамандар даярлауда елеулі еңбек етіп, білім мен ғылым саласында қарқынды дамып келеді.

Геологтің ізденістері мен оның жетістіктерінің нәтижесінде бүкіл шөлді түбек — Маңғыстаудағы өмір түбегейлі өзгеріп, жандана бастады. Шағын портты қала үлкен облыс орталығына айналды, өңірде алғашқы атом электр станциясы салынды. Қазақстанның теңіз қақпасы саналатын Ақтаудың бүгінгі  көркеюі  академик пен оның әріптестерінің сол кездегі ерен еңбегінің арқасы деп бағалаймыз. Ш.Есенов сияқты дара тұлғамыздың үлгілі өмірі мен ерен еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізу, оны әрі қарай жалғастыру, зерттеу, кеңінен таныту – біздің міндетіміз.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *