Жастар ғылымға не үшін келу керек?

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті, ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының докторанты 

Сарсенгали Ботагөз Жасұланқызы

https://www.kaznu.kz/ 

Алматы қаласы Білім  басқармасының «№129 Жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Сарсенгали Гульжан Жасұланқызы 

Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Адам санасының даму шыңы артқан сайын, ғылыми өзгерістер де орын алуда. Жаһандану үрдісінің  қарқынды жүруі және төрімізге келіп орнығуы ғылымның дамуына және әлем елдерінің үдемелі тәжірибе алмасуына жол ашты. Адамзаттың болашағы жастардың қолында болғандықтан, жастардың ғылымға келуі кемел келешек үшін маңызды факторлардың бірі саналмақ.

Ғылым деген не? Адамзат үшін аталмыш ұғымның алар орны қандай? Кез келген үрдістің, құбылыстың, ерекше немесе күнделікті қайталанатын қарапайым әрекеттердің түсіндірмесін ғалымдар ғылымға сүйеніп дәлелдеуге тырысады, яғни, ғылым деп – уақыт пен кеңістікте бар, шынайы объективтердің, құбылыстардың болмысын, ерекшелігін, орындалу заңдылықтарын арнайы үлкен тәжірибеге сүйене отырып, түсіндіретін таным саласы. Қазіргі таңда ғылым адамзат өмірінің маңызды бір бөлшегіне айналды десек қателеспес едік, себебі, ғылымның дамуы арқылы адамзаттың өркениеті өрістеп,  әлеуметтік жағдайы, экономикалық ахуалы және политикалық көзқарастары, ұғымдары қалыптасып, біршама деңгейде дамыды.

Ғылымның дамуы адамзат өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Бірі ғылыми жетістіктер, ашылулар адамзат өмірін жеңілдетті десе, енді бірі, керісінше пайдасынан зияны басымырақ деген пікірде. Соңғы жүз жылдықта ғылымның қарыштап дамығандығына бүгінгі күнгі көрініс айқын дәлел бола алады. Мысалы, 1904 жылы Никола Тесла адамдардың үлкен қашықтықтан байланыса алатындығын мүмкін деп тұжырымдаса, көп ұзамай бұл тұжырымда іс жүзінде орындалды. Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, әлем халқының 70%-ы аталмыш мүмкіндікке ие болып отыр, яғни, дамыған елдердің  кез келген тұрғыны телефон, ғаламтор, компьютер секілді құралдардың белсенді қолданушысы болып табылады.

Ғылым саласының дамуы өзге салалардың да дамуына әсер ететін фактор екендігі ақиқат. Сондықтан да, кез келген мемлекет елдегі білім саласымен қатар ғылыми орталықтардың, ғылыми жетістіктердің коэффициентіне аса назар аударады. Ғылымсыз  ел дамымасы айдан анық. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып отырады. Қазақстан жас мемлекет болса да, “Азия барыстарының”  экономикалық даму моделін назарға ала отырып, ғылым саласының дамуына үлкен зейін қою керектігін түсінді. Біліммен ғылым саласының дамуы бойынша әлемдік рейтингте еліміз 40 – орынға жайғасты. Ғылымдағы басты көрсеткіш – ол абыройлы басылымдарда ғылыми еңбектердің жариялануы болып табылады. Отандық ғылым бұл көрсеткіштен де кенже қалар емес. Қазақстандық ғалымдар  Scopus мәліметтер қорындағы қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 2011 жылмен салыстырғанда 34 есеге (577 -ден 19 879 -ға дейін), ал Web of Science дерекқорында 59 есеге (425 -тен 25 088-ге дейін) өскен. Жоғарыда айтылып өткендей, ғылым саласының дамуы адами капиталдың дамуына, экономикалық ахуалды қуаттандыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға орасан зор мүмкіндіктер ашқандықтан ғылым саласында қызмет ететін мамандардың санын арттыру қажеттілігі туындайды.

Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында болғандықтан, жастардың ғылымға аяқ басуы еліміздің келешектегі ахуалы үшін өте маңызды. Ғылымның дамуымен әлем азаматтары “ақпараттық тәуелсіздікке” қол жеткізді. Жастар үшін ақпараттың үлкен ағымы ашылды, яғни, болашақ мамандықтарын таңдауға да үлкен мүмкіндіктер пайда болды. Әлемдік тенденцияны бақылай келе, өкінішке орай, жастардың таңдауы ғылымға емес, эконмикалық салаға, шетелдік компанияларда жұмыс істеуге түсті. Ғылымның дамуымен қатар, адамзаттың өмірге деген көзқарасы да үлкен өзгеріске ұшырады. Бүгінгі күні көпшіліктің мақсаты жоғары жалақы, баспанаға қол жеткізу. Осыған байланысты ғылым саласында бақтарын сынап көргісі келетін жастардың саны саусақпен санарлық. Қазіргі таңда ғылыми қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Ғылымның дәрежесін көтеріп, жастарды ғылымға тарту үшін ғалымның айлық жалақысын айтарлықтай көбейту керек.

Дегенмен де, жастардың ғылымға келуі үшін мемлекет тарапынан көптеген іс — шаралар орындалып жатыр. Мысалы, “EXPO-2017” көрмесінің іске асырылуы жас ғалымдардың мотивациясын арттырып, болашақта жүзеге асыруға болатын идеялар топтамасымен таныстыру болды. Сонымен қатар, жастардың білім алуы үшін жоғарғы оқу орындарында жеңілдіктер жасалынып, арнайы шәкіртақылар тағайындалды. Ғылыми жетістікке жеткен жас ғалымдарға берілетін сыйақы мөлшері артты. Алайда, ғалымдардың жалақысы төмен болуы және ғылыми салаға бөлінетін қаржының мөлшері салыстырмалы түрде аз болуы жастардың ғылымға аяқ баспауының негізгі себебі болып отыр. АҚШ, Жапон, Германия елдері секілді ғылымға бет бұрған жандарға жағдай жасалса, аталмыш салаға келер мамандардың саны қазіргіден едәуір көп болар еді. Өркениетті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Соны­мен бірге ғалымның еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, мемле­кет­тің ғылымға деген көзқарасы оның ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5%. Ал Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны  0,2%, кейде одан да аз бөліп келеді. Және біздің мемлекет ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны жөнінен алдыңғы орында, ал ғылыми нәтижелерден соңғы орындарда орналасқан. Оның себебі, ғылымда кездейсоқ атағы бар, алайда ғылымға тікелей қатысы жоқ адамдардың қатары көбейіп кеткен. Осы себептерден, Қазақстан ғылымының жағдайы мәз емес. Ғылыми мекемелер қазіргі заманғы күрделі қондырғыларды сатып алуға қауқарсыз, мемлекеттік және академиялық бағдарламалармен жобаларды жоғары деңгейде қолдана алмайды, халықаралық қатынастарды дамыта алмайды, жалақы өте аз болғандықтан талантты жастарды ғылымға тартуға шамасы жоқ. Бүгінде әлемде ғылым саласында бәсекелестік өте жоғары. Мемлекет қанша мықты болса да ғылым мен технологияның көмегінсіз ұзаққа бара алмайды. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерді шешіп, отандық ғылымды дамыту үшін тиісті, сапалы жұмыстар жүргізілуі шарт.

“Қазақстан -2050” стратегиясын ел назарына ұсынған сәтте, елбасы ғылымға басымдық беретіндігін тілге тиек еткен еді. Елімізде осы даму жоспары аясында көптеген іс – шаралар жүзеге асырылды және ғылым саласында да біршама жетістіктерге жеттік. Мысалы, пандемия барысында QazCovid-in атты Қазақстандық вакцинаның жарыққа шығуы, сондай – ақ, мұнай өңдеуге арналған катализатордың табылуы және т.б.

Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қорыта келгенде, ғылым саласы біздің өмірімізде аса маңызды рөл атқарады. Әртүрлі ауруларға қарсы дәрі-дәрмектердің жасалынуы, ғаламтордағы ақпарат ағымы, ұшақтардың пайда болуы және т.б.секілді ғылыми ашылулар, жетістіктер адамдар өмірін жеңілдетті, яғни, уақытын үнемдеуге, денсаулығын күтуге мүмкіндіктер ашты. Дегенмен де, бұл даму қарқынын тоқтатып алмай, болашақ ізбасарларды даярлау – еліміз үшін, әлем үшін басты мақсаттардың бірі болып табылады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *