РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ДАМУДЫҢ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ  

Түйіндеме

 

Елміз 30 елдің қатарына кіру мақсатында қабылданған «Ұлттық Рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының еліміз үшін маңызы зор. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодтты сақтап, қазақы құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді сақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің президенттік тізгінді қолға алғаннан кейін Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында-ақ мәдениеттің үштағаны – кітапхана, музей, театрға қолдау көрсетуді Үкіметке тапсыруы тегін емес. Олай болса руханияттың үш тағаны болған тақырыптың маңыздылығы мен перспективаларына  тоқталуды жөн көрдім!

 2017 жылдың 12 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданып, көптеген істер атқарылған болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтарын дамыта түсу мақсатында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының алғашқы бағыты осы «Рухани жаңғыруға» арналмақ. Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Әсіресе жастардың, жас ұрпақтың халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін мұндай бағдарламаның маңызы зор.

Барлық білім кітапта. «Ұлттық Рухани жаңғыру» жобасының ішінен бірінші кезекте «Оқитын ұлт» жобасын ашуы, соның шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін, мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді танымал етуді бірінші кезекке қоюы тегін емес. Иә, адамның жансарайын ашу үшін ең әуелі – білім керек. Ал білімнің асыл қазынасы – кітап екенін хақ! Дәл осы қазынаның ордасы кітапхана десек, адамға ауа қалай қажет болса, бұл шаңыраққа да қолдау сондай қажет!

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Кітап – аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген тәмсілі білімсіз адамның күні қараң екенін ұғындырады (1). Кітаптың күллі білім атаулының асыл қазынасы екенін айтпаған ойшылдар мен ақын-жазушылар кемде-кем. Абай данадан қалған дәл осы екі қатар жолдың өзі біз сөз етіп отырған қазынаның қасиеті қаншалықты жоғары екенін аңғартады. «Артық ғылым – кітапта, ерінбей оқып көруге», – дейді Ұлы Даланың дара ойшылы (2). Ал Бродский деген еврей ақыны «Ізгілікті ояту үшін кез келген қонақүйде поэзия кітаптары жату керек» деп айтыпты (3). Тарихы мен танымы бөлек танымал елдерде әлі күнге дейін кітаптың орны бөлек. Білім мен біліктің, мәдениет пен барлық тәрбие атаулының ақ бастауы кітап екендігін олар біледі.

Мемлекет басшысының Жолдауда айрықша мән берген, Үкіметке кітапханашыларды қолдау керектігін айтқаны барша жұрттың көңілін қуантты. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңдағы сараптамада аз пайызы ғана болмаса, бұқара халық жаппай кітап оқиды дегенге сену, өзіміз бала кезде естіген «ерте, ерте, ертеде» деп басталатын ертегілер еліне еніп кеткенмен бірдей екені ащы да болса ақиқат. Кітап – білімнің қайнар көзі десек те бүгінгі қоғамда таңды-таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып әдеби шығарма оқитын жастардың легі сиреп барады. Бабаларымызды үлгі тұтып, салған сара жолдарын жалғап, білімді инемен құдық қазғандай қылып алуға ұмтылып, кітап құшақтап жүргендер аз. Сонда Мағжан атамыз елдің болашағы деп сенген жастар рухани азықты қайдан таппақ? Бұл – бүгінгінің өзекті мәселесі. Оған кедергіні қоғам ең алдымен электронды-техниканың өте жылдам дамып келе жатқандығымен байланыстырады. Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған техниканың дамығаны жақсы. Десе де біз ауыз әдебиетімізді, көркем шығармаларымызды, заманның заңғар жазушыларын да ұмытпауымыз керек. Бұл – қазіргі таңда кітап мүлдем оқылмайды деген сөз емес. Десе де кітапты бір қолдан екінші қолға өткізіп, мұқабасын тоздырып барып, парақтарын қайта түптеп оқып жата жастана оқып жатқан жастар аз.

Орыс жазушысы М. Горький: «Кітап – мұхит, сол мұхиттан не терең? Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем. Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем. Кітап – әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – десе (4), Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», – деп баға берген(5). Бұған қарап біз кітаптың тарихымызды танытатын, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние екенін аңғаруға болады. Ендеше «Ұлттық Рухани жаңғыру» жобасында рухани құндылықтарымыз  Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр жас кітаппен дос болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін.

Осы бір олқылықтың орнын толтыру, жастардың білім нәрімен сусындауы үшін «Рухани жаңғыру» жобасы қабылданды. Бүгінде министрлік қолдауымен оқырмандардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуына ең қолайлы және қолжетімді бірден-бір орын – кітапханаларда жүргізілді. Атап айтқанда, «Бір ел-бір кітап» оқу акциясы жаңа форматта ұсынылды. Өңірлердегі көпшілікке арналған кітапханалар «Әдеби өлкетану» жобасы ұйымдастырылды. Осы ретте жоба аясында әрбір өңірге тиесілі әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармашылығын өзге өңірлердегі оқырмандарға таныстыру және насихаттау шараларына басымдық берілді.

Əр халықтың тарихында, рухани өмірінде, мəдениетінде əріден келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа таралып отырған мұра, қымбат қазына бар. Бұл байлық бəріне ортақ, Ал бізге сол рухани азық – кітап арқылы беріледі. Кітап арқылы бойымызға сіңіреміз. Ол бүгініміз бен ертеңімізді таразылар тарихи да құнды мұра. Кітап – білімнің кəусар бұлағы, тұнған ойдың қоймасы. Кітап – бар байлықтың бастауы, ілім-білімнің қайнар көзі. Міне, осындай ұлағатты ой туғызатын кітап құдіреті қазақ даласында ежелден қастерленген. Ендеше Мемлекет басшысының «кітапханашыларға қолдау керек» деп қадап айтқан сөзінің жаны бар. Рухани жаңғырғымыз келсек кітапхананың табалдырығын тоздырмасақ та, бір сәт сол қасиетті шаңыраққа кіріп, кітаптың құдіретін сезініп тұрайық. Еліміздің дамып, алға жылжуына қоғам санасының жаңғыруы аса қажетті. «Ұлттық Рухани жаңғыру» Ұлттық жобасын берік ұстансақ, кітапқа, ұлттық кодқа көңіл бөлсек биік белестерді бағындырарымыз хақ. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болды. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері сөзсіз.

Музей – ұлт мұрасы. «Рухани жаңғыру» жобасын жаңғыртудағы, ұлттық кодтты ұлықтаудағы тағы бір дүние – ұлттық музей ошағы. Топырағын түртсең тарихы көрінетін Ұлы Даланың әр тасында мағыналы шежіре тұнып тұр. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның киелі объектілерін зерттеу мен зерделеуді қамтитын әралуан іс-шаралар ұйымдастыру да рухани жаңғырудың жаңа перспективалары мен ұлттық кодты дәріптеудің жарқын көрінісі. Ал бабадан қалған сол құнды жәдігерлерімізді ғасырлар қойнауына еніп, бабалар өмірінен сыр шерткен тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап көргіңіз келсе музейлерге барамыз. Сондықтан болар мыңдаған жылдық тарихи сыр бүккен, ұлттық құндылықтарымыз бен бабаларымыздың қолтаңбасы сақталған ұлттың ұлы құндылықтары сақталған бұл орданы да қолдау мемлекет саясатының басты тетіктерінің бірі.

Музей – ғасырлар қойнауындағы құнды жәдігерлермен қауыштыратын қасиетті шаңырақ. Музей – құнды заттарды тізіп қоятын қойма емес, ол халық жадын жаңғыртушы әрі тәлім-тәрбие орталығы. Мұндағы әрбір жәдігердің «жаны» бар, бойында көне дәуір сыры бар. Музей бір сәт өткен уақыт пен көшкен кеңістікті зат бейнесінде жеткізіп, жан-дүниеңмен сезіндіретін мәдени-рухани құбылыс. Міне, сол көне дәуір куәгерлерін барынша жарқы­ратып көпшілікке көрсету бар да, жоғалтып, шашыратып алмай, келер ұрпаққа табыстау міндеті бар.

Тәуелсіздігін алып, шекарасын шегендеп, алты құрлыққа аты шығып жатқан қазіргі қазақ ұлысында құдайға шүкір, сан қырлы музейлер бар. Әр музей өз ерекшелігімен құнды. Елімізде музейдің дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Таным мен тағылым» бөлімінде біле білсек, біздің музей саласы қызметкерлері үшін айрықша маңызды міндеттер алға қойылған. Тарихи дәйектерді жинақтауда, мәдени мұраларымызды насихаттауда біздерге үлкен жауапкершілік жүктелетіні аян. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолдау керек деп қадап тапсырған музей жайлы әңгімемізді бір ғана мақалаға сыйдыру мүмкін емес.

Ендеше, ұлт болашағы болатын ұрпақ алдында кез келген музей қызметкерінің мойнында салмағы батпандай жауапкершілік тұр. Осы жауапкершілікті арқалап жүрген жандардың ұлт алдында ұялмайтындай еңбек етуі үшін де қолдау керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бір жолда мыңжылдық тарихымыздың алтын арқауы болған музей қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мемлекет тарапынан қолдау кезек күттірмейтін міндет екендігі айтылады. Жалпы музей қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты жанкештілікті талап ететінін білгіңіз келсе, музейге барып, бір сәт қыр-сырымен танысып көріңіз. Жаһандану заманында еліміздің тарихы мен тағлымын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткен тарихын халық арасында, кейінгі ұрпаққа таратуда мұражайлардың маңызы зор. Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Өткенді ұлықтап, тарихи мұражайымызда таныту, кешегі бабалардың еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеу – бүгінгі күннің талабы. Өйткені ел болашағы тарихты танып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруден қалыптасады.

Сахна өмір айнасы. Кітапта қатталған дүние мен музейде сақталған мұраны сахна төріне шығарып, сан ғасырдың қойнауына апарып келетін, сол үшін де ұдайы қолдауды қажет ететін өнердің қара шаңырағы ол – театр! Адам баласының айнымас көзқарасы мен жарқын жолына, өмірінің нұрлы болуына рухани байлықтың тікелей әсер ететіні ұғынықты жайт. Оның ішінде көпті қасиетіне ұйыта білген театрдың орны ерекше.

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр», – депті зерделі сөздің зергері Ғабит Мүсірепов. «Театр – адамның жаны, көңіл күйі, болашаққа деген көзқарасы» деп Б. Киікбаев  айтқан. «Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғары интенция» деген екен орыс философі Александр Герцен. Театр деп аталатын өнердің сан қырының ордасына айналған қара шаңыраққа бұдан артық қандай баға беруге болады?! Жаралы жанның жанардан аққан жасын тыятын да, соқыр кеудеге сыйқырлы сезім құятын да, тегіңді танып, тарихыңды түгендетіп, қоғамдағы небір келеңсіздік пен кереметтерді алдыңа жайып салатын, сол арқылы адамды тәрбиелей алатын, руханиятымыздың бәсі биік бір шаңырағы шынымен де – театр екені даусыз. Қан қызыл түстес шымылдық жайлап ашылғанда, іштегі күбір-сыбыр бір сәтке басылғанда арғы жағынан басқа бір өмір басталып, тарихқа айналып кеткен ғасырларға жетелеп әкететінін театрға барып жүрген кез келген көрермен біледі. Жоғарыда біз сөз еткен кітапхана мен музейге қажет қолдау театрды да айналып өтпеуі керек. Осы бір құндылықтардың асыл қазынасындай болған үш шаңырақтың қадірін білу үшін әр адамның санасында сәуле болғаны жөн-ақ.

Тарихқа зер салсақ, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылған. Оның алғашқы сахнасында Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылыпты. Содан бері театр дейтін ұлы өнердің көші тоқтаған емес. Жылда театр айлығы өтеді. Театр айлығының мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты бағыттарды іске асыру, рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін театрлардағы қойылымдар арқылы көрермендердің адами құндылығын арттыру.

Сәкен Сейфуллин қазақ театрын ашқан кезде былай деген екен: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек» дейді. Театр – халықтың айнасы. Бірақ, бүгінде кітап оқудың азайып, музейге бару сиреп, театрға өз еркімен келудің мұңға айналғаны ақиқат. Міне, «Рухани жаңғыру» жобасы қазақ дейтін ұлы халыққа ауадай қажет құндылықтарын одан әрі дамытуды баса назарға алды.

Кітап оқып жан дүниемізді байытсақ, музейге барып тарихымызды танысақ, театрға келіп танымымызды өзгертсек білім көкжиегіміз кеңейетіні анық. Ал бұқараның көшін бастаған кез келген ел ағасының міндеті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің кемел болуы жолында ең қажетті назар аударған мәдениеттің үштағанына барынша қолдау көрсету. Қорыта келе, театр ол өнер мен мәдиниет ордасы және түрлі өнердің бастауы. Біртұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың ұлттық санасын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – Ұлттық құндылықтарды сақтау. Әр ұлттың өзінің дәстүрі, мәдениеті, тарихы, әдебиеті болатыны анық. Қазір өркениет дамыған заманда ұлттық рухымыздан арылып қалмауымыз керек. Ол үшін бүгін Қазақстанға рухани жаңғыру аса қажет. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Сондықтан «Рухани жаңғыру» жобасының ұлт перзенттері үшін пайдасы орасан зор.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *