ҚазҰУ басшылығы Түркияда зардап шеккендерге көмек көрсетті.
Әлемдегі ең маңызды жаңалықтардың бірі Түркия еліндегі ірі зілзала болып отыр. Аймақ тарихындағы ең ірі жер сілкінісі орын алғаны мәлім. Сейсмологтар жүздеген қайталанатын соққыларды тіркеді, олардың ең күштісі Рихтер шкаласы бойынша 7,6 баллға жетті. Күн сайын оқиға салдарынан қайтыс болғандар саны артып жатыр. Осы жағдайға байланысты елімізде көрші мұсылман халқына көмек ретінде қолынан келгенше материалды көмек көрсетіп жатыр. Осы мақсатта жоғары оқу орындары оқытушылары мен студенттері де қолынан келгенше көмек қолын аямауда. Еліміздегі озық оқу орындарының бірі — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті басшылығы мен ұжымы Түркияға 40 млн қаржылай көмек ретінде ақша аударды. Білім ордасының ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың бастамасымен қаражат жиналып, одан бөлек гуманитарлық көмек көрсету пунктері ашылды. Университет қызметкерлері мен студенттер Түркияда зардап шеккендерге ерікті түрде көрпелер, қол шамы, тұрмыстық заттар, киім-кешек және басқа да жылы киімдер өткізе алады. Көмек қабылдау пунктінде жалпы саны 20 киіз үй, сондай-ақ көрпелер, матрацтар, Гигиена құралдары, жылытқыштар, ересектер мен балаларға арналған киімдер жиналды. Жүк арнайы рейспен жөнелтіледі.
Университет пен Түркия арасындағы қарым-қатынас өте жақсы қалыптасқан. Оқу орнымыздың бірнеше студенттері мен магистранттары Түркия елінен жыл сайын арнайы шет елдік тағылымдамадан өтіп келеді. Түркияның білікті профессорлары университет қабырғасында сабақ береді. Сондықтан ҚазҰУ басшылығы Түркиядағы жапа шеккен халықтар үшін ұжымды тік тұрғызып, іс-шара ұйымдастырды. Университет ұжымы бауырлас халқымызға шын жүрегімен көңіл бідіріп, көмегін аямайды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Удербаева С.К.
Қазақстан тарихы кафедрасы.
Мукышева А.М.1-курс магистранты
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.