Зұлмат: Қазақ даласындағы аштық жылдарға шолу
Қиын қыстау кезінде қазақ еліміздің басына төнген үлкен қайғы-қасіреттердің бірі – зұлмат жылдардағы ашаршылық болған еді. 1928 жылы бүкіл Қазақстанда 23 мың адамның мал-мүлкі тартып алынып, олардың 5531-і бай-кулактың қатарына жатқызылып, 221 адам ату жазасына кесілді. Одан кейін 1930-1933 жылдары адам өмірі күрт өзгеріске әкелген ашаршылық пайда болды. Ашаршылық кезінде әр ошақта ішетін су, жейтін нан болмаған. Соның кесірінен 1,5 миллион адам қайтыс болған, оның 1,3 миллионы қазақтар болған. Қазаққа тиген қасіреттің нәтижесінде қазақтар саны 38-42%-ға кеміген болатын. Оған қоса ашаршылықтың кесірінен сол жылдары қазақ халқы басқа елдерге көшіп кеткен екен. Оның ішіндегі ең көп көшіп барған елдер: Қытай, Ауғанстан және Түркия болған. Ашаршылықтың ең басты себебі – ұжымдастыру деп пайымдайды. Қысқаша айтқанда, тарихшылар геноцид деп айтады. Бұл геноцид Голощекиннің ұйымдастырған жоспарының нәтижесі. Голощекин қазақ халқын қырғынға ұшыратқысы келіп, 5 бағытты жоспар құрған. Нәтижесіне келгенде, Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, көбінесе қазақтарды аштыққа, қайғыға және үлкен апатқа ұшыратты. Қазақ елінің кең байтақ жеріндегі зарлаған ана, шырылдап қалған бала, босап, өлексіп сасыған қазақ даласы – сол большевиктік эксперименттің нәтижесі болған еді.