«Қазақтағы» жер мәселесі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің 1-курс студенті — Бауржан Альмира
Ұлы қазақ халқының тарихының түп-тамыры тереңде жатыр деуіміз келісті сөз. Ұлан-ғайыр жердің, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан елдің тілі, діні, ділі һәм мәдениетінің өзі бірте-бірте алтын уақыт ағымымен дами түсті. Әр заманда ел басына тұнжырай түскен қара жауын мен ауырлығы зілдей қылышын сермеген жау қолы өз қияметін селдей соқтырды. Жиырмасыншы ғасырда қазақ даласында орыс Патшасының жаудырған оғы тым ащы, тым өткір болып, жазылмас қызыл жосыған жара қалдырғаны өкінішті. Қазақ жерін тартып алып, бұрындары бекініс, округ құру негізінде “сыртқы қастан қорғаймыз” деп сылтауратып, елді өзіне бағындыра бастады. Ал нық сол ғасырда Алаш елінің жерін күштеп алып, зауыт, фабрикасын салғызып, орыс переселендеріне беріп, шаруашылықтарына, жаңа қалаларын құруға пайдалана бастады. Әрине, мұндай жан төзгісіз уақиға орын алар шақта қазақ зиялы өкілдері бұл сұрапылдың жалғасын табуына қарсы шықты, пікірлерін, идеяларын рухпен өрлете батыл айтты, қадамын сенімсіз болса да, тәуекел етсе де алға басты. Жұртқа жаңалықтарды, ілімнің жарық нұрын газет, журналдар есебінен жеткізіп отырды. Ал сондай аты әйгілі, маңызы мың қырлы, ешқашан махрұм бөжеп отырмаған бірден-бір газет «Қазақ» газеті.
Қазақ газетінің бас редакторы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов пен қоғам қайраткері Міржақып Дулатов болған. Ал бастырушы қызметін алғашқыда Мұстафа Оразаев атқарса, кейін «Азамат серіктігі» қолға алған. Ахмет ишан Оразаев осы газеттің басылып шығуына қаржы жинастырып, өз қалтасынан қомақты үлес қосқан азамат. Тіптен, газетке автор ретінде «Қызылқұм елінде» іспетті мақалаларын жариялап тұрды. Қазақ газетінің кейінгі 1918 жылындағы нөмірлерінің редакторлық қызметін Жанұзақ Жәнібеков атқарды. «Қазақ» газеті қоғамдық-саяси және әдеби бағытты ұстанғаны белгілі. 1913-1918 жылдар аралығында Орынборда басылып тұрып, жалпы саны 265-ке жеткен.
Тағылымы терең газет беттерінде жиырмасыншы ғасырдағы көкейкесті проблемалар қозғалып отырды. Мұнда әдебиет тақырыбында С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қарашев, Б.Майлин, Ә.Бөкейханов тәрізді қажырлы еңбегі сіңген ардақты ғалым, жазушылардың әңгіме, өлеңдері, мақала мен шығармаларынан бастап, ел ішінде орны басым мәселелер, яғни шаруашылық, тұрмыс-тіршілік, бала тәрбиесі, осы аталған ағарту, мәдениет, сондай-ақ жер мәселесі қамтылған.
Жер мәселесінде қазақтың сайран жері, аяулы мекені сөзге алынады. Мәселен, 1916 жылы шырғалаңда ғұмыр кешіп жүрген елден әскер жинау жарлығының шығуы халықты одан бетер ашындырды. Қ.Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деген туындысында: …1916 жылы 25 июньде тылдағы жұмыстарға мобилизациялау туралы патшаның указы жарияланысымен-ақ қазақтың буржуазиялық ұлтшылдарының лидерлері бірқатар кеңестер өткізіп оларда патша өкімет орындарына көмек көрсету жөнінде шаралар белгіленді. Патша әкімшілігінің рұқсаты бойынша 1916 жылғы 7-августа Торғайда Қазақстанның бес облысы — Ақмола, Жетісу, Семей, Орал және Торғай облыстары өкілдерінің кеңесі шақырылды. Кеңесте феодалдық-рулық жоғарғы топ көтерілісшілер қозғалысына өздерінің дұшпандықпен қарайтынын және патшаның жігіттерді тылдағы жұмысқа мобилизациялау туралы указын қолдайтынын мәлімдеді. Дін басылары да реакцияны қолдап шықты,-дей келді. Қазақ газетінің 1916 жылғы 8 шілдедегі санынан «Патшаның бұйрығы ақиқат, сондықтан оған қарсы тұруға болмайды. Сол себептен де біз патшаның бұйрығын орындамай отыра алмаймыз» деп жазылғандығын көрсетеді. Яғни, біздің байқайтындығымыз, сол кездегі кеңестік идеологияның әсері, өзіндік жеке ой еместігін, солай болғанда ұлтшыл аталып, айдалып, асылып қаларын ақиқат екенін іштей түсінеміз, ол кезде батыл адамдар аздық етті, Ресей жүргізген саясаттан қорқыныш, үрей желінің ескендігін сол қазақ сезген. Бұдан түсінгеніміз, өз күнін әрең көретін қазақтан әскер алып, олардың жеріне көз тікті, бірте-бірте жаулаушылығын бастап, орыс жерімізді қол сұғушылықпен алдап, арбап кетті. Сырттай да, іштей де әр амалын жасап, жерді тартып ала бастады.
1910 жылы бюджет прениясы болғанда қазаққа законнан тысқары зорлық қылуды әлі қойған жоқсыңдар, — деп депутат Дзюбинский сөйлеген. Оған үкімет «бес-алты қазақты қыстауынан көшіріп, елу-алпыс мұжыққа жер берсек «қазақ-қазақ» деп құлақтың мазасын алады, осы дума қазақтың думасы ма?», — деп жауап берген. Көріп тұрғанымыздай, жер талқыға үнемі салынып отырды, жерге талас-тартыс азая қойған жоқ.
«Дума қазақ пайдасын тағы жесір қалдырып өте шықты. Бұдан кейін екі бюджет прениесі болғанда қазақ деп сөйлеген депутат жоқ. Бұларда не айып бар, тасқа шапқан пышақ не өндірер?», — деп жазған Әлихан Бөкейханов. Қазақ қамын ойлап, ел берекесін келтірген, мардымды еңбек етер жан аз болғаны соншалық, Әлихан Бөкейханов өз сөзінде қазақты жесір қалды деп теңеп отыр. Ел, жер тұтастығын сақтап қалар, аумалы-төкпелі заманда қара тасты қақ жарып шығар мықты адамдар некен-саяқ.
Тағы бір мәселе, тек жердің алынуы жайында емес, осы сатып алынған, бөлінген жердің өзін қалай пайдаланғаны туралы да сөз болды. Жер алудың өзін отырықшы және көшпелі түрде алу хақында нормалар қалыптаса бастады. Мысалғы, жерді отырықшы болып алса, қала салынып, сауда, өнер, ғылым дамиды, кітапханалар ашылып, ағарту ісі жетіліп отырады. Мұндай жолды көбіне орысша не болмаса мұсылманша оқыған-тоқыған қазақ алса, көшпелі нормада жерді ата-ана, туған-туысына мақтану, олардың ырзалығын алу мақсатында алып отырған. Осындай жерді алу түрлерін де сипаттап беріп оытрған басылымның бірі «Қазақ» газеті. Переселен бөлімшесіндегі Глинко осы қазақ отырықшы жер алса, аз жер үлесіне тиер, ал көшпелілікті ұстанса, міндетті түрде көшіп-қонуға көп жер сұрайды, бұл орысқа тиімсіз екендігін атап та көрсетті.
Сөздің тоқетері, «Қазақ» газеті тарихқа аты өшпес киелі жәдігер ретінде енді. Газет білім, ғылым, мәдениет, салт-дәстүр, саясат, яки берілген указдар мен олардың мәні, жер мәселесі, бала тәрбиесі, тағысын тағыларын қамтыды. Жер мәселелері өткір көп сыналды әрі көзқарастар, пікірлер кездеседі, алайда Ресей цензурасынан көптеген маңызы алтындай ақпараттар легі газет бетіне жарияланбай да қалды. Ақиқатқа дес берсек, газет авторлары, редакторлар, мақала жазушылар орны бөлек, ерекше мәліметтерді жеткізіп отырған. Осы газеттің өзі аз ғана өмір сүрсе де, сол ғұмырында заман хақында сыр шертіп, халықты ояндырып, сауаттандырып, өз ықпалын тигізе алды. Ендігісі, осы газеттен жас ұрпақ тарихы жайында оқып, сол ғасырдың күйін сезініп, ел үшін етік киіп су кешкен азаматтарды қадірлеп, мұраны зерттеп, саралап, дәріптей алса, бұл қазақ үшін тарихты ұмытпау, оны мұра ретінде таныстырып, жаңғыртып отыруға үлкен үлес болары хақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар).-Алматы: Білім, 2010. -308 бет.
2.Қ.Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» (1860-1958) Алматы “Мектеп” 1981
3.aikyn.kz сайты