«Кербұғы» шығармасы
Кәрібай Жаннұр,
Журналистика факультетінің
2-курс студенті
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан обылысы, Қатонқарағай ауданында дүниеге келген. Туған күні қазақ жазушысы Шерхан Мұртазамен тұспа – тұс келген жазушы, драматург, журналист қасиетті Алтай өлкесінде туылып, осы өлкенің сұлу да, көркем табиғатын өз шығармаларында әсем суреттеген.
«Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш — өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді».
Қасым Қайсенов
Қасым Қайсенов айтқандай Шығыстан жарқ етіп шыққан Оралхан Бөкей өзінің азғантай ғұмырында сондай асқарлы биікке өзін де, елін де, туған жерін де, әдебиетін де шығарып үлгерді.
«Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сол үшін де жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетпей қоймайды. Мен де арманыма жетемін».
Оралхан Бөкей
Қазірде Ару Алтай мен Оралхан Бөкейдің есімін қазақ әдебиетінде бір-бірінен бөлек елестету мүмкін емес. Кейін қаламгер жазушы өз дегеніне жетіп, қазақ прозасын көкке көтерді. Міне осындай поэтикалық көркемдікпен жазылған шығармаларының бірі «Кербұғы» шығармасына тоқталар болсақ.
Күш қуаты сарқылған кербұғының ішкі сезімін, өткенін, қарттықтың келгенін мойындағысы келмейтіні туралы баяндалады. Осы жылы да кербұғы бір топ маралды бастап шықпақшы болды. Бірақ кербұғының қауқарының азайғанын сезген жас бұғы оған қарсы шығады. Кербұғы ақырғы қуатын жайнап жауына шабуыл жасайды. Осы бір жекпе-жекте кербұғы жас бұғыға тойтарыс беріп шаршап тұрғанда, жас бұғы бүйірінен келіп соққы беріп құлатады да топ маралды үйіріп алып кетеді. Құлаған орнында жатып қалған кербұғы біраз уақыттардан соң ауырсынып орнынан тұрып, жаны жараланып,барлығына ренжіп, ішкі ойы шиеленісіп, бүкіл өмірі көз алдында өтіп жатты. Шығармада адамдардың осы бір жануардың мүйізіне деген қызығушылығы да жазылады.
Автор шығарманың соңын кербұғының мерт болуымен аяқтайды. Кербұғыға екі оқ келіп тиеді, оқ иелерінің кімдер екені де беймәлім және мерт болған кербұғыға да ешкім жоламаған. Кербұғы болса діңгек түбінде қала берген. Яғни бұл кербұғының жұмбақ өлімін одан арғы ойды жазушы оқырманның еншісіне қалдырып отырғандай.
Шығарманың түпкі ойы табиғат ананың перзенттерін сүюге, барды қастерлеуге шақырып, кие деген ұғымды түсіндіру. Сана биігі адамзаттан да озық жануарлардың бар екенін жеткізді. Текті жануардың жан айарлық хәлі арқылы жазушы өзінің ішкі әлемін паш еткендей. Кербұғыны адамға теңеп, кербұғы арқылы адамның жан дүниесін, ішкі сезім арпалыстарын, адамдардың қаншалықты қатігез бола алатынын автор көркем әрі ерекше суреттеген.
Өзі өшседе, артынан өшпейтін шығармалар қалдырып кеткен өр тұлға.