Тәрбиеші болу бақыт

Мухамбетжанова  Сауле  Амирхамзиновна

     «Бала бақытым,байлығым»-дегендей дана  халқымыз бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген .

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген. Ендеше, тәлімгерлердің басты міндеті – тәрбиеленуші бойында отаншылдық сезімін ояту болып табылады. Өйткені, біздің елімізге болашықта да адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген, таза, елжанды азамат керек. «Тәрбиеші болу үшін адамның жандүниелік қасиеттері – пәктік, ізгілік, әділеттілік сияқты сөздермен байланысты сипатталуы қажет» ,-деп Е.Бөкетов айтпақшы, мен тәрбиеленушілерге жай ғана білім беріп қоймай, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы жақсылық пен ізгілік нәрін себуге тырысамын.  Қарамағымдағы тәрбиеленушілерді мақсатты өмір сүруге үндей отырып, туған анасын сүюден, Отанын сүюге, бүкіл адамзат баласын сүюге жетелеймін.

Жұмысымдағы алдыма қойған негізгі мақсатым — балалардың танымдық қабілетін жан-жақты дамыту, әр баланың қабілетін, талантын ашу, өзіне-өзінің сенімін нығайту, дене тәрбиесінің қалыпты дамуын және де ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Мемлекеттік стандарт талаптарын орындау барысында ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің саяхат, ойын, пысықтау, кіріктірілген түрлерін жиі қолданып, жақсы нәтижелерге жетудемін. Әдістемелік жұмысымның барысында педагогикалық технологиялардың ойын, денсаулық сақтау, проблемалық, халық педагогикасының тиімді әдіс-тәсілдерін  қолданып, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерім жоғары деңгейде бағалануда. Жаңа тақырыпты түсіндіру барысында техникалық құралдарды, пысықтауда дидактикалық ойындарды тиімді пайдаланып отырамын. Заман талабынан қалмай, ілесе дамып отыру үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін. Халқымыздың рухани көсемі А.Байтұрсыновтың  «Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек, оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек» деген пікірін басшылыққа ала отырып жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін іздеп, оны игеріп, өз шығармашылығымда көп қолданамын.

Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің  дәндерін қондыру — менің жұмысымның мәні.

Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен  сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге  тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту.

Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын мұғалім оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты  қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Тәрбиеші жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді.

Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанып   балабақша мекемесінде  еңбек етіп жүрген педагогтарымыздың еңбегі ұшан теңіз. Таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, өз өмір тәжірибемнің, мейірімнің дәндерін қондыру – педагог жұмысының мәні.

Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт.

Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші, бақытты жанмын деп білемін.

Бүгінде мен қазақ елінің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына өз үлесімді қосып жатқаныма  бақытты санаймын.

Қортындылай келе мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі ең озық педагог,болуы керек.Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *