Жаңғыру жолындағы жас маман рөлі

Қалымғазина Ардақ Қалымғазықызы

                                                             Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан.

         Абай Құнанбайұлы

Бала күнімізде үлкендер «Өскенде кім боласың?»,-деп сұраса ойланбастан өзіміз қалаған мамандықты айта беруші едік. Ол мамандық не үшін, кім үшін қажет, оның ерекшелігі неде, ол мамандықты не үшін қалайтынымызды да түсінбей атай беретініміз есімде. Бала күнімізде неге екені белгісіз достарымның барлығы мұғалім, ғарышкер, дәрігер боламыз дейтін. Осы үш мамандықтан артық мамандық жоқтай көрінетін. Ал қазіргі бүлдіршіндер бірден милиция, құрылысшы, бизнесмен боламын дейді. Біздің түсінігімізде ұстаз деген ұғым ең құрметті, қастерлі, абыройлы еді. Мұғалімізден жасқанатынымыз сонша жолдан көріп қалсақ ұялып, басымызды төмен салатынбыз. Сол себепті ме ұстаздық кәсіп аса қадірлі болып көрінгендіктен бәріміз талаасып-тармасып осы мамандықты таңтайтынбыз.

Менің бала күнгі арманым десем де болады, ішкі жан дүнием қалап, сезгендей ме мұғалім болам деген сөз санамда жатталып қалыпты. Мектептен келе сала сөмкемді ақтарып, заттарымды шығарып мұғалім апайдың рөліне кіремін. Ешкім жоқ бос бөлмеде өзіммен өзім ойнай бастаймын. Кейде сыныптас қыздарымды алып үйге келемін. Оларды отырғызып қойып өзім Жаматай апаймын (сынып жетекшіміз) деп сабақ түсіндіре кетемін. Арасында дауыс көтеріп, өзімше мінезімді көрсетіп қоямын. Мұғалімнің ұрысқаны қалыпты нәрсе еді ғой ол кезде. Осылай мектептің тоғызыншы сыныбын үздік тамамдап жаздық демалысқа шықтық. Сыныптастарымызбен еш алаңсыз мектеп ауласындағы маусымдық практика деп атайды гүлдерді суару, арамшөбін жұлу жұмыстарымен айналысып жатқанда жүрек ауыртарлық хабар естідік. Бала санының аздығына байланысты мектеп қысқаратын болды, тез арада қаладан мектеп немесе басқа оқу орнын таңдап, сонда аттаныңдар деді. Басымыздан жай түскендей асығып-үсігіп құжаттарымызды алып қалаға аттандық. Мектеппен, білім берген ұстаздарымызбен, тіпті сыныптастарымызбен жөндеп қоштасып та үлгермей кетіп қалдым.

Қалаға келісімен бірден оқу орнын анықтап, тест тапсырып оқуға түсуге қамдандым. Таңдаған мамандығым ешкімге де таңсық емес сол «мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеші» мамандығы болды.Студенттік кездерім қызыққа толы болды. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде білім алғаныма еш өкінбеймін. Ұстаз дейтін қай кезде де, қай жерде де бағалы екеніне осы колледж қабырғаларында жүргенімде тағы көзім жетті. Тәлімгерлеріміз сапалы білім берді. Барлық жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердік, ең бастысы мамандығымыздың басы-қасында болдық. Есімде ерекше қалғаны алғашқы жылдары қала балабақшалары мен сауықтыру орталықтарына, жетімдер үйіне экскурсия жасадық. Мекемелердің тыныс-тіршілігі, балалардың қал-жағдайы бізді де елең еткізді. Жетекшіммен бірігіп осы экскурсия барысын, мекемелер жайлы қызықты ақпараттарды тағысын басқа оқиғаларды әдістемелік құрал ретінде кітап етіп шығардық. Сол сәттен бастап мамандығыма деген қызығушылық көптеп оянды. Тіпті экономика сабақтарында бизнес план құрып, қимыл-қозғалыс аппараттарында кемшіліктері бар балаларды сауықтыруға арналған орталық ашам деп шешіп, жоспарын жасадым. Қызығы оқу орнын аяқтаған соңда ара-қатынасымды үзбедім. Бірде сынып жетекшім «Мектепке дейінгі білім беру мен оқытуға 50 жыл» толуына байланысты қалалық семинарға қатысуға шақырды. Жобамды дайындап конференцияға қатысып «Үздік баяндамашы» деген сертификатпен марапатталдым. Семинар соңында оқу орнының музейіне саяхат жасатты. Аралап жүріп сол бір оқу оқып жүрген кезімде жасап қалдырған «Эскурсиялар» жинағы көзіме оттай басылды.Кеудемді мақтаныш кернеді.Төрт жыл талмай-тынбай жарыса оқып бұл мамандықты да үздік аяқтадым. Колледжбен де қимай қоштастық. Көп жақсы, жылы естеліктер қалды. Мамандығыма шынайы тәрбиелеген, салмақты қарауға баулыған, ауылдан келген қарапайым қара қызды қаланың нағыз өжет тәрбиешісіне айналдырған бұл алтын орданы әлі күнге дейін айтып, мақтап, бағалап жүру менің міндетім. Мамандығым өмірлік наным боларына анық көзім жеткендіктен жоғары оқу орнында да осы мамандығымды жалғастырып оқитын болып шештім. Оқуымды ойдағыдай аяқтаған соң босқа жатпай бірден жұмысқа кірістім.

Барлығын білемін, істей аламын деген өзіме нық сеніммен бастаған ісімде қиындық та, түсінбеушілік те кездесті. Алдымен ұжымға үйрену, жұмысқа дағдылану, басшылыққа бағыну біраз қиындықтар келтіргенімен балаларға деген жауапкершілік оларға деген сүйіспеншілікке айналды. Жасап жатқан екі жыл жұмыс тәжірибемде көп нәрсе көрмесем де көп нәрсеге үйрендім, тәжірибе алмастым. Алар асуым мен биік белестерім алда екенін түсіндім. Әр жолы мақтау естіп, ата-аналардың жылы лебіздеріне бөленіп, мадақтама, алғыс хаттар алған сайын жұмысқа деген қызығушылығым артып, еткен еңбегімнің нәтижесін көріп, еңбегімнің еленгеніне, бағаланғанына қуанамын.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа әсіресе жастарға жолдауында айтқандай Қазақстан дамыған мемелекеттер қатарына кіріп, жаңғыру жолына түсуі қажет. Сол жолда «100 нақты қадам да тағайындалды». Биыл міне еліміздің еркіндік алып, тәуелсіз ел атанып, көк байрағымзыдың желбірегеніне жиырма алты жыл. Жас мемлекет болсақ та бүкіл материкке танымал байтақ, дамыған ел болуға үмітіміз зор. Сол арман, мақсаттың жолында біз сияқты жас мамандар, өз ісінің шынайы шеберіне айналып, жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытуда біршама үлесімізді қосуымыз тиіс деп есептеймін. Менің таңдаған мамандығым тек менің сүйікті ісім ғана емес, «Жаңғыру жолындағы жас мемелекетіміз» үшін аянбай еңбек етер бастамалар басы. Сондықтан алдымен өзімді жетерліктей дәрежеде осы мамандықты меңгерген кадр ретінде дайындау, мақсатымды айқындау.

Болашақта бүлдіршіндерді тәрбиелейтін тәрбиеші ғана емес, Білім және ғылым саласында жаңа идеялар мен технологиялар әзірлеп шығарар ұстаз болғым келеді. Менің мамандығым шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді, содай-ақ аса жауапкершілік пен аналық мейірімді қажет етеді. Мен тәрбиеші бола жүріп, әнші, биші, актриса, жаңашыл, ізденімпаз жан болуға міндеттімін. Осы таңдаған жолымда мақсаттарым орындалып, ата-анам мақтан тұтар тұлға боларыма сенемін. Мен тәрбиелеген, менің қолымнан аттанған түлектер еліміздің іргетасын қалауда халқының қалаулы, елінің елеулі, адамгершілігі мол нағыз патриотты азаматтары мен азаматшалары болуын қалаймын және сенемін.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *