Ұлттық білім беруді жаңғыртудағы ұстаздардың рөлі

Қазақтың кең-байтақ өлкесінде білім ісінің пайда болу тарихы өзінің бастауларын сонау ерте заманнан алады. Қазақстан жерінде, әсіресе, оның отырықшы аудандарында орта ғасырдық ерте дәуірінде-ақ көптеген мұсылманша бастауыш оқу орны мен медреселер, діни білім беретін оқу орындары болғаны тарихтан белгілі.
Ертедегі Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырар  қалаларында көптеген медреселер болған, олардың  жалпы  саны 84-ке жеткен. Ауылдық жерлерде мектепте молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналған. Балалар қыс, күз айларында оқыған. Оқу мерзімі 4 жыл, оқуға 7 жастан бастап қабылданған . Абай, Ыбырай, Мағжан, Ахмет сынды ғұламаларымыз ең алғашқы білімдерін осындай ауыл молдаларынан алып, хат таныған.  Халқымыз білімдінің күні жарық екенін ерте заманнан білген. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды » деген нақыл сөзді ешқашан естерінен шығармаған.

Ал  қазіргі заман –қарқындап алға дамыған заман. Бүкіл әлем дамыған заман. Қазақстан да әлемде болып жатқан өзгерістерден қалмай даму керек. Сол өзгеріс қалай қалай жүзеге асады. «Ал біз өзгердік»- дегеннен өзгере қоямыз ба?  Әрине өзгере қоймайтынымыз айдан анық.

Өзгеріс білім беруден басталады.  Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы-білім жүйесі. Білімді үйрететін тұлға-ұстаз. Бүгінде білімге қояр талап артып, оқу жүйесі де күрделенген шақта жаңа қоғам мұғаліміне жүктелер жүк еселене түсуде. Ұстаз қауымы алдында жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшіне жол бастайтын , әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр.Қазіргі кездегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы , оның әлемдік өркениеттегі орны , жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі –ұстаздың қолында. Сондықтан болар Н. Назарбаев «Болашақта  еңбек етіп, өмір сүретіндер –бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Қазіргі  ұстазға жүктелетін міндет ауыр»  деген болатын.

Қазіргі  заман мұғалімінен  тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық –психологиялық  сауаттылық, ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында да мектеп оқушылары бойында адамгершілік және тұрмыс негіздерін қалыптастыру, азаматтыққа тәрбиелеу және олардың ақыл – ойын айқындау басты міндет екендігі айтылған. Олай болса, қоғам болашағы- жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, ақыл-ой, сана-сезім қалыптастыратын салауатты тәрбие беру мазмұнын жаңаша құру қажет. Осы орайда, «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» деген, Жүсіпбек Аймауытовтың сөзін айта кету артық болмас. Жаңадан жаңаны табу үшін оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, қазіргі жаңа технологияларды меңгеру керек.

Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай еңбек етіп жатқан кішкентай мектебімде 50 ұстаз бар. Осы 50 ұстаздың 35-і  «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша » курстан өткен. Мұғалімдер мультимедиялық электрондық оқыту құралдарын барлық пәндерді оқытуға пайдаланып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуін басты назарда ұстайды. Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, білім сапасын арттырумен қатар ақыл-ой шығармашылық белсенділіктерін жетілдіру үшін жеке пәндерді оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіріп, пайдаланады. Мектеп ұстаздарының алдына қойған мақсаты –озық педагогикалық тәжірибені қолдана отырып , бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырып, білім сапасын арттыру, өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлейтін  және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу. Рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғадағы ең басты қасиеттердің бірі — тіл байлығы, өз ойын нақты, терең мағыналы әрі көркем жеткізе білетін, шешен де ойлы сөйлей білетін, Абайша сөйлегенде сөзі жүрекке жылы тиетін, сөз құдіретін игерген адамдарда  ғана  тұлғалық қасиет болады. Рухани адамгершілікке тәрбиелеудің басты мақсаты оқушылардың белсенді өмірлік жолын, қоғамдық борышқа саналы көзқарасын, сөз бен істің бірлігін қамтамасыз етіп, адамгершілік нормаларынан ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру  керекпіз.

Қытайдың дана ойшылы Конфуций: «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» — деген, сондықтан рухани жағынан дамыған, педагогикалық әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген және бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлей, сараптай алатын ұстаз болайық. Қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген жақсы бір сөз бар. Біздің міндетіміз –қазіргі заман  ұстазынан  асып түсетін  білімді шәкірт тәрбиелеу

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *