Оқушыларды адамгершілікке баулу

Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие жұмысына байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Бүгінгі таңда тиянақты білім беру жүйесінде оқушылармен тәрбие жұмысын дамыту басты мақсат болып отыр. Осыған байланысты мектептің алдына қоятын ең басты мәселесінің бірі-өркениетті, прогресшіл бағыттағы азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық тілін жоғалтпаған, өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар жеке басының сапасын көтеру.

Тәрбие-қоғамдық үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның ара-қатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Оның негізгі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның жағымды қасиеттерін дамыту болып табылады. Оқушылардың сапалы тәртібі мен байымды мінезін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу тәрбиешінің мақсатқа бағытталған іс-әрекетіне байланысты.

Тәрбиенің негізгі міндеті-қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадір-қасиет сияқты биік адамгершілік қасиеттеріне айналдыру. Қазіргі таңда әсіресе, көп көңіл бөлінетін мәселе-адамгершілік тәрбиені күшейту.

Қазақстан Республикасының «Ұлттық энциклопедиясында» адамгершілік ұғымына былай деп анықтама берілген. «Адамгершілік-адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Халықтық дүниетанымда мінез-құлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Мінез-құлық пен іс-әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атап өтуге болады: адамды қастерлеу, сыйлау сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық,ізеттілік пен кішіпейілділік, әділдік, қанағатшылық т.б.

Дүние жүзінде, оның  ішінде Қазақстанда толық жетілген тұлғаны тәрбиелеу және соған байланысты әлеуметтік, психологиялық мәселелер күннен-күнге күрделене түсуде. Осыған орай, бүгінгі күні әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ізгілік, яғни адамгершілік тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық.

Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері оқушылардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалы көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік нормаларынан ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы. Бұл арқылы оқушының ата-анаға, ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке қатынасын айқындайды. Тәрбиелі ұстаз шәкірттерге жан-жақты тәрбиені осы адамгершілік тәрбиесінен бастайды. Себебі, бұл оның адамгершілік сезімін, сенімін, белгілі мақсатқа, бағытқа жетелеу іс-әрекетін ұйымдастыруды жетілдіреді. Сонда ғана ұстаз шәкірттердің ізгі ниеттілігін, адалдығын, кішіпейілділігін қалыптастыра алады.

Адамгершілік тәрбиесі бірнеше міндеттерді шешуге көмектеседі:

  • өмір талабына сай қоғамның моларьдық нормасын орындауға лайықты шәкірттерді тәрбиелеу;
  • оқушының санасына және мінезіне ұстаздық ықпал жасау;
  • Отанға, халқымызға, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін күшейту.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін тәрбие шаралары балалардың жас ерекшеліктеріне, жеке бас ерекшеліктеріне, қызығушылығына лайықты жасалады.

Адамгершілік тәрбиесі оқу-тәрбие үрдісінің барлық салаларында яғни оқыту, білім беру барысында және еңбек үрдесінде жүзеге асырылады. Тәрбиелі болу үшін адамгершілік нормаларын құр жаттап алу жеткіліксіз, оны терең ой елегінен өткізу, бастан кешіру және толғануды мінез-құлыққа бекіту керек.

Тәрбие ісі әрбір нақты кезеңнің өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып болашаққа бағдар ұстайды, жеке басты соған әзірлейді.

Жеке адамның адамгершілік жағынан қалыптасуы оның өмірге келген күнінен басталады. Мектепке дейінгі жаста балалардың бастапқы адамгершілік сезімдері мен ұғымдары, мінез-құлықтың ең қарапайым дағдылары қалыптасады. Баланың мектеп жасына дейінгі қалыптасқан мінез-құлықтары келешекте ересек адамдармен және құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасында көзге түседі. Бастауыш сыныптарда адамгершілік көзқарастардың, мінез-құлықтың, сезіммен сананың жаңа түрлері одан әрі дамытылады.

Мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу ең алдымен оқыту үрдісі барысында жүзеге асады. Түрлі пәндерді оқу кезінде бастауыш сынып оқушыларының достық, жолдастық, өмріге белсенді көзқарасы, Отан туралы ұғымдар қалыптасады және кеңейді. Үлкенді сыйлауды, ата-аналарды құрметтеуді, еңбектенуді, ізеттілік сақтауды сақтауды үйренеді. Бұл жастағы балалар сапалы тәртіпке, жолдастық өзара көмекке, адамның көңіл-күйін түсінуге дағдыланады. Олар мектепте оқу әрекетіне өзінің қатынасын, жанұяда, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауды үйренеді. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларының дербес және қоғамдық мінез-құлқы, адамгершілік қарым-қатынасы байиды.

Мектеп оқушыларына тәрбие беру тек жеке пәндер арқылы ғана емес сыныптан тыс тәрбие сабақтарында, үйірме жұмыстарында адамгершілік тәрбиеге баулуға болады. Ондай жұмыстар түріне сынып жетекшісінің этикалық жарыстар, пікір сайыстар жатады. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде өмірде кездесетін көптеген жағымсыз жайттардан сақтандыру мәселесі ескерлуге тиіс. Мұндай мәселелерде әсіресе жанұяның рөлі ерекше. Себебі, тәрбие жанұядан басталады. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс жасау мәселесі негізі орынды алуға тиіс.

Сайып келгенде, адамгершілік тәрбиесі-үзіліссіз жүргізілетін, адамның өмірге келген күнінен бастап өмір бойы жалғаса беретін тәрбиенің түрі. Оның мазмұны оқушының жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды. Сондықтан оқу тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда оқушылардың жеке бас ерекшеліктерін ескеру негізгі орын алмақ.

Әріптестерімді Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерей тойымен құттықтай отырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде еңбектеріңізге жеміс, шығармашылық табыс тілеймін.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *