ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДЫҢ СӨЙЛЕУ, ЖАЗУ ТІЛІНДЕГІ КЕМШІЛІКТЕР

         Тіл қарым-қатынас құралы, адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды — қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда елімізде тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» — деп атап өткен. Ал қазақ халқының тіл келешегі қазіргі жастарда, сол жастардың бүгінгі таңда тілді қолдану жағдайы қандай жағдайда екендігін осы мақаламызда зерделеп көрмекпіз.

          Кез келген тілдің лексикасы əдеби жəне бейəдеби болып екіге бөлінетіні белгілі. Осы бейəдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін де жатқызуға болады. Жаргон – (франц. jargon) – шағын әлеуметтік топ қолданатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ жалпыхалықтық тілдің тармағы. Сленг – (англ. slang жаргон) – белгілі бір аптада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Нəрсіз сөздер белең алып тұр. Айталық, сұлу қыз, əдемі көлікті көргенде жастар көбіне «жынды қыз екен», «жынды көлік екен» деп таңданып жатады. Қазақ тілінің бай сөздік қорындағы сөздерді аздық ететін жас буын өкілдері тілді шұбарландырып, орысша сөздер мен жаргондарды қосып сөйлеуді әдетке айналдырып алған. Белгілі бір ортада ғана қолданылатын жаргондар қазақ лексиконына еніп бара жатқан тәрізді, олардың күн сайын қолданатын жаргондарының қатарында мынадай: «жыртты», «басы теппейді», «қадап тастады», «қыртпаш», «картопты жарды», «балта қадады», «өшті», «ат екенсің»,   «шашып тастады», «тартылсай», «дәл тиді», «базар жоқ», «құлақтан тепті», «қораға кірді», «лақтырып кетті», «сындырды», «жынды болып кетіпсің», «құлаққа лапша ілді», «базар жоқ», «маған сынып қалды», «қоянның суретін салып кетті»  деген сарындағы сәнге айналған сөздерге жастар қауымы тым құмартып алған. Сонымен қатар, жасөспірімдер жиі қолданатын орысша жаргон сөздер: мажор, мажорик-байдың балалары, кент (дос), мазя(бәрі жақсы),синяк (маскүнем), нарик (нашақор), батя(әке), мамка (ана), атака (ата), ажека (әже) т.б.    

           Қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге жеткен шағы, соған сай сана өркениеті өрістеп биіктеп барады. Бір анығы, адамның санасы, дүниетанымы жоғарылаған сайын қоғам да өзгереді. Мысалы, интернет жүйесі алғаш 1969 жылы  2 қыркүйекте пайда болып, қоғамға енгенде оны ең жас пайдаланушылар жасы  20-25 жастан асқан, ересек адамдар болса, қазіргі таңда интернетке 5-6 жастағы бала да әуес. Бүгінде ғаламторды, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын жан тым сирек. Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ғаламтордың игілігі жетерлік. Бірақ оның қоғамға тигізер кері әсерлері де жоқ емес. Әсіресе, қазақ тілінің тілдік нормаларын бұзып бара жатқаны жанға батады. Әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдердің тасқынын ауыздықтау мүмкін болмай отыр, жасыратыны жоқ, заманауи деп танылған интернет торабының бүгінде біздің қоғам үшін онсызда жағдайы төмен тіліміздің тазалығын сақтаудағы кері әсері көбейді. Сауаттылық, тіл тазалығы мәселелері екінші орынға шығып,ең бай, оралымды тіл деп бағаланған қазақ тілі заман ағымымен бірге лайланып бара  жатыр. Оған дәлел жастардың ғаламтордағы жазбаларында, бір-бірімен хат алмасқанда немесе ауызекі сөйлескенде  пайдаланатын түрлі жаргон,сленг сөздер, оған қоса бір сөйлемде қолданылатын басқа тілдегі сөздер сәнге айналып барады. Мәселен, «Салют»-сәлем, «каксын»-қалайсың «нормалек»-ойдағыдай, «чепуха» — түк емес, «халява»-демалыс, «фуфло-арзан», «мамбет»-қатарынан артта қалған, «вертяк», «порожняк»,-жолы болмау, «типаж болу» — менменсу, «сущняк»-сусын, «хавчик»-тамақ,   «тормоз»-қолыңнан ештеңе келмейді деп кемсіту, «потеря болу»-тығырықтан шығар жол таппау т.б мұндай жаргондар қатарын жалғастыра берсең өте көп.  

           Ғаламторда әдеби тілдің нормаларын сақтап отырып сөйлесу мүмкін еместігі түсінікті. Ғаламтор тілі тез әрі жылдам қарым-қатынасқа қолайлы тіл. Оның басты ерекшелігі де осында. Сондықтан, әдеби тіл нормаларын интернетте сақтау міндетті деген қате пікір дегенді қолдайтындардың қатары көп. Әлеуметтік желілердегі хаттар мен жазбалардың кейбірінен дауысты дыбыстарды таба алмайсың. Жылдам хат жазу үшін сөздердің ішіндегі дауысты дыбыстарды тастап кету – нағыз грамматикалық қателік. Осыған бой үйретіп алған жастардың ертеңгі күні орфографиялық ережелерге бағынбай кетпесіне кім кепіл?! Әлеуметтік желі коммуникациясында сөйлеу тіліне жақын құрылымдар көп қолданылады, яғни сөздің тұлғасын өзгертіп кең жазу да етек алып келеді. Біріншіден, жіктік жалғауды түсіріп жазу: отырм-отырмын, ухтайм-ұйықтаймын, билмим – білмеймін; екіншіден, қазақ әліпбиіне тән қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің қолданылмауы: салем, калайсын,озин,не жаналык, жаксы, шукир, бари дурыс, ойдагыдай; үшіншіден, дауысты дыбыстарды түсіріп жазу: слм -сәлем, не хб-не хабар, дм-дым, шукр-шүкір, озн(өзің), қдрп-қыдырып, шгар-шығар; төртіншіден, басқа тілдегі сөздерге қазақ тілі жалғауларын қосып қолдану; прет, каксын, не хау; бесіншіден,  кей кезде ч әрпінің орнына 4 санын қолдану, «жанұя (семья)»,   сөзін немесе «бәріңізге сәлем» деген сөздерді жазу үшін 7саны мен я әрпін жазу да жиі кездеседі.

         Таңның атысы, күннің батысы әлеуметтік желіде отыратын жастар ұзақ жазуға еріне ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жаргондармен қысқа ғана жазуға құмар. Тіпті сонымен қатар, ғаламтордағы кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Бұл олардың қол және көз дағдыларына әсер етіп, сауатты жазу дағдысын жояды. Ең сорақысы, көпшілік жастар сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалайды: Мысылы: көрватырм-көріп отырмын, болватр-болып жатыр, табалмайатырм-таба алмай отырмын, нстеватсын-не істеп жатырсың?, кеатырм- келе жатырмын, қаяқтасың -қай жақтасың?  невоқалд-не болып қалды? келет-келеді, келшиш-келсеңші, болшиш-болсаңшы,бош-болшы.

              «Әлеуметтік желілерде хат жазғанда, қазақ әріптерін қолданбайтындығымды жасырмаймын. Маған орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырып, барлық сөзді орфографияға сай жазу қиындау. Сондықтан, өзіме ыңғайлы жолмен жаза беремін. Ол үшін әлеуметтік желіде мені ешкім сынға алмайды. «Салем», «калайсын?», «озин?» «жаксы», «бари дурыс» деген сөздерде қазақ әріптері алмастырылғанымен, қазір бізге бұл сөздердің дұрыс жазылуы осындай секілді болып көрінеді. Өйткені біздің көзіміз осыған үйреніп кеткен», – дейді әлеуметтік желіні күн сайын қолданатын жастардың бірі. Мұндай қателіктер интернет қолданушыларының арасында бұрыннан қалыптасқан жағдай болғандықтан, оны өзгерту де қиын. Бірақ бұған көз жұмып қарауға мүлдем болмайды. Өйткені ғаламтор пайдаланушылар қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтамауы жастардың сауатсыздыққа бой үйретуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Байқағанымыздай, бұл мәселеге бас ауыртатындар көп емес ең қорқыныштысы, тілді шұбарлау оны білмеуден де қатерлі екен.       Ғ. Мүсіреповтің «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген аталы сөзі бар. Бұған қарап, «бүгінгі қазақ жастарының бәрі өз тілімізге өгей болғаны ма?» деген сауал пайда болады.

            Уақыт өте келе интернет арқылы өзгеріске ұшыраған тіл мәдениетінің нормалары бұзылып, жаппай сленг, жаргон, арго тәрізді дисфемизмдермен ластануы мүмкін. Жаһандану дәуіріндегі жан-жақтан ретсіз келіп жатқан ақпараттар тасқыны жастардың санасын осындай паразит сөздермен улап жатқаны айқын. Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыру, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, кейде әзіл ретінде де айтып жататындары бар. 

           Әлеуметтік желілер адамды мәде­ниет­ті сөйлеу ғана емес, мәдениетті ойлау мүмкіндігінен де айыруда,  осы «бір көзді тажалға тәуелді»  болған үлкен де кіші де бір-бірімен ауызша сөйлесуді ұмытып, сөздердің орнына смайлик арқылы сөйлесуді әдетке айналдырып алды.

          Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазақстандық жастарға: «Әлеуметтік желілерде  көп отырып, уақыттарыңды босқа ысырап етпеңдер, ең дұрысы, өз араларыңда көп әңгіме-дүкен құрыңдар. Өйткені нағыз дос ғаламторда емес, жаныңда жүргенін ұмытпа. Бүгінгі қоғамда адамдарды кітап оқитындар мен компьютерде отырып, уақыт өткізетіндер деп екі топқа бөлуге болады. Компьютерде отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді», – деген болатын. Бар уақытын әлеуметтік желіге арнап, сауаттылық деңгейін төмендеткеннен, қолына кітап ұстап, қазақ тілінің көркем сөздерін санасына сіңіргені әлдеқайда тиімді.

          Тіл мен ойдың біртұтас екендігін ғылым әлде­қашан дәлелдеп қойған. Адам баласының нені қалай ойлайтыны, қандай дәрежеде пайымдайтыны оның әрбір сөзі арқылы айқындалмақ. Сондықтан да, қазақ баласының кімді болса да бірауыз сөзінен танып-білуінің өзінде терең мән бар. Белгілі бір тұлғаның қаншалықты ақылды немесе ойсыз пенде екендігін ең алдымен оның аузындағы сөзі, тіл мәдениетінің дәрежесі анықтап береді. Тіл мәдениеті дегеніміз – оқыту  үрдісінде, отбасында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасын сақтай, тіл тазалығын сақтай жеткізе білу шеберлігі. Баланың тіл мәдениетін қалыптастыруда отбасының орны ерекше. Қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезов: «Ұлт болам десең — бесігіңді түзе деп бекер айтпаған. Ал балаға ана тілінің құдіретін ана сүтімен беретін   отбасының   балаға   тигізер   әсері,   басқа   ықпалдардан   биігірек тұратыны белгілі. 

         Қазіргі таңда сөздің қадіріне жетуді, қазақ тілі­нің тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырып көпшіліктің, тілді оңды-солды қойыртпақтауының, жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептерін сараласақ:

·        1.Тілдік ортаның әсері;(Көше тілі)

·        2.Сөйлеу    дағдыларының    жоқтығы;  

·        3.Көркем  әдебиет  оқуға деген  оқушылардың  қызығушылығының төмендігі,  сөздік қоры аздығы, өз ойын жеткізе алмауы;

·        4.Ата-аналардың  балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі;

·        5.Бастауыш   сыныпта   казақ   алфавитін   терең   меңгертпей, басқа тілдерді қосып үйретудің ауыр тиетіндігіне көңіл бөлінбеу;

·        6.Кей мұғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі;

·        7.Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;

          Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең сұлу, ең көркем, мәнді де мағыналы тіл – қазақ тілі екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, біздің көкейімізге ең алдымен Елбасымыздың: «Біз тегіміздің – Түркі, дініміздің – Ислам, тіліміздің – қазақ тілі екенін ешқашанда ұмытпауымыз керек!» деп   ұрпаққа салмақты ұран тастаған өсиет сөзі оралады.     

        Тіл – асыл қазына, рухани мұра. Халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің жарымжан сөздермен былғанбай таза сақталып, сауатсыздыққа жол бермей, өркендеп өсуіне үлес қосу кез-келген қазақ азаматының міндеті.

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы». (1998 жыл 5 — қазан).

2.Тілдерді   қолдану   мен   дамытудың   2001-2010   жылдарға   арналған мемлекеттік бағдарламасы.

3.Кекілбаев Ә. «Тіл және тәуелсіздік»  Егемен  Қазақстан.- 2006, 12қыркүйек

4..Мейірманқұлова Т. «Отбасы және тәрбие» 

5.Мейірманқұлова Т. «Ұлт тағлымы». — 2001. — № 7

6.Әбдуали Қ. «Ел мәдениеті  тілден басталады» Егемен Қазақстан                                     13 қаңтар, 2006

7.Сарыбаев  Б.   Тіл үйретудің басты мәселелері.-  Алматы , 2001

8. Ә.Тумабаева, «Тіл ішіндегі тіл» немесе жастар жаргоны туралы Ана тілі 20-26 қазан,2016

Адилбекова Жанар Зинуллаевна

Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі,

Ақтау қаласы

 

 

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *