Баланы мәдениеттілікке тәрбиелеу

Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
№35 «Балдырған» бөбекжай әдіскері
Айтбаева Қарлығаш Кирикбаевна

Баланы мәдениеттілікке тәрбиелеу
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Бала — жасы кәмелетке толмаған, жан — жақты тәрбиені қажет ететін, болашағынан көп үміт күттіретін жеке тұлға. Ал, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тәрбие берушілер ата-ана, жанұя, араласатын ортасы, жолдастары, балабақша және тәрбиеші.
Жеке баланың бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілігі жанұядан алынады. Сондықтан жанұя – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Осы ұжымның әрбір мүшесі өзара сүйіспеншілікпен, береке-бірлікпен, сыйластықпен бала тәрбиесіне араласса, кәмелетке толғаннан кейін саналы, тәрбиелі жеке тұлға пайда болады. Ал, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі, тату, берік отбасының әсері мол, себебі оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ.
Ата-ана – тәрбие өнегесі, сондықтан «Ата көрген-оқ жонар, ана көрген –тон пішер» деп қазақ мақалы тегін айтылмаған. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз тағы бар. Осы нақыл сөздерден-ақ, отбасының, ата-ананың бала тәрбиесіндегі ролі өте үлкен және маңызды екенін көреміз. Бала тәрбиесі — қиын да күрделі процесс. Біз баламыздың тәрбиелі де өнегеліболып өсіп, өзқатарының алды болғанын қалаймыз. Бірақ баламызды осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек, күш — жігер қажет екенін бәріміз білсек те, бала тәрбиесімен қажетті түрде айналыса бермейміз. Кейін баламыз есейген сәтте, «сен маған тартпағансың, мынаны олай істемедің, ананы былай істемедің, ештеңеге қырсызсың» деп кінәлап жатамыз. Алайда, бала неге осындай болды деп ойланып, оның осындай болуына басты себепкер өзіміз екенін мойындамаймыз.
Өнегелік тәрбие мақсаты- балалардың өмірде қажет болатын жалпы адамзат құндылықтарына, ұлттық дәстүрлер мен бастауларына тарту үшін мінез-құлық нормаларын қалыптастыру, кәсіптік этика мен абырой бағытында тәрбиелеу,мейірбандылық, қайырымдылық, адамгершілік, бауырмалдық, татулық, әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, ықыластылық және гуманистік қасиеттерін дарытып тәрбиелеу.
Еліміздің көркейіп, өркениетті елдің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі парызы» деп көрсетілген. Сондықтан, өнегелі ұрпақ өсуін тілеп, ұрпақ тәрбиесін отбасынан бастап, бала алдындағы парызымызды дұрыс атқаруымыз қажет. Әр ата-анаға ақыл айтып, баласын қалай тәрбиелеу керектігін түсіндіру шарт және мақсат емес, алайда бала тәрбиелеп отырған отбасылар, әсіресе жаңа отбасын құрған жанұялар бала, болашақ ұрпақ тәрбиесіне көп мән берер деп сенемін.
Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-өнегелі дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Әрбір бала қандай да болмасын бір міндетті орындау үшін, өзіндік ерекше жағдайлар жасалады. Мәселен, ойында ұнамды әдеттер, өзара қарым-қатынастар, адамгершілік сезімдер қалыптасады, еңбекте-еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, сондай-ақ ұйымшылдық, жауапкершілік, парыздың сезімі сияқты қасиеттер, патриоттық сезімдер жайлы мағлұматтар. т. б. қалыптасады.
Мектепке дейінгі жаста балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді: ізгілік бастамасымен тәрбиелеу, балалар мен үлкендер арасындағы саналы қарым-қатынас/ тұрмыстың қарапайым ережелерін орындау/ кеңпейілдік, қайырымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау және т. б./ Ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым-қатынасын қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, әр түрлі ұлт өкілдеріне қадір тұту және сыйлау. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады, немқұрайдылықтың пайда болуына, құрбыларына, төңіректегі үлкендерге қалай болса солай қарауға мүмкіндігі жасалмайды.
Қарапайым әдеттерді тәрбиелей отырып педагог балдырғаннның бар істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын айқындайды.
Мектепке дейінгі жылдарда бала ересектердің жетекшілігімен жақын адамдарымен, құрдастарымен, заттармен, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың, тәлім-тәрбие алудың бастапқы тәжірибесіне ие болады. Балалардың іс-әрекеттерін басқара отырып, тәрбиеші олардың бойында Отанын сүю, айналадағыларға ықыласпен қарау, шамасы келгенше оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс-әрекетте белсенділік және белгілі бір іске бастама көрсету сияқты адамның маңызды сипаттарын қалыптастырады. Дұрыс тәрбие балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды.
Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі реніші немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *