Бала тәрбиесі – бәрімізге ортақ іс

Бала тәрбиесі – бәрімізге ортақ іс

Ата-ана үшін бала – өмірінің сәні де, мәні де екенін жақсы білеміз. Ата-ана сол баласы үшін өмір сүреді, оны әлдилеп, әлпештеп, азамат етіп, өсіруге бар күш – жігерін жұмсайды.Тегінде бала- жанұя дәнекері, ата-ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы біздің елімізді алға қарай дамытушы — болашағымыз. Сондықтан  ата-ана мен мектеп болып, жасөспірімдер мен балаларды  заман талабына сай,  көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу басты міндетіміз.

Бала —  ата-анаға, өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі өнегесіне қарап тәлім алады. Жас шыбық иілгіш болса, жас балада сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болады. Ал үйдегі үлкендердің  жаман әдеттері мен іс әрекеттері бала тәрбиесіне ықпал етеді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған баланың есейе келе тәртібі қиындап, оқу үлгерімі нашарлап кетеді. Тәрбие – үздіксіз жүретін құбылыс, ешқандай үзіліс, демалыс  күндер дегенді білмейді.

Оқушыларды тәрбиелеу жүйесі заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Қазір қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген, өз Отанын шын сүйетін толыққанды адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. «Қоғам талабы- заман талабы», өйткені әр адам – өз заманының баласы. Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен мектептің, қоғамдық тәрбие орындарының бірден — бір парызы. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса, Тәуелсіз еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен және мектеп баспалдағынан басталады.

Бірінші ата-ана үйде баланың жағдайын көбірек жасап, бөлмедегі сөрелерді қажетті кітаптармен, газет журналдармен жабдықтауы керек. Бала білмеген сұрақты сол сөреден қарап, қосыла жұмыс жасаған ата-ана баласынан көп үміт күтуіне болады. Қазір енді ғана тілі шыққан сәбиімізге дейін компьютер алдына отырып,  ұялы телефонды ұстағысы келеді. Қуанатын дәнеңе жоқ, бала техникаға қызықты дерсіз… Бірақ қазір жасөспірім жаппай компьютер ойынына елігіп, ғаламторға кіріп, «тыйым салынған» сайттардан өзіне қажетті емес, ұятсыз нәрселерді көріп,одан қалса ВК, Уатцап, Инстаграмға  кіріп, бейтаныс адамдармен  танысып, бір – біріне суреттерін жіберіп, уақыттарын босқа өткізіп жүр. Компьютердегі ойын мақсаты қарсыласын өшпенділікпен неше  түрлі тәсілмен ұрып – соғып, өш алу, өлтіру, кек қайтару, қарсыластың көзін жоймай байыз таппайды. Тағы бір түрі – соғыстың  неше түрлі айла – тәсілдері насихатталады, бала ойын шырмауына кірсе шығуы қиын. Онда темекі шегіліп, неше түрлі былапыт сөздер айтылып, балаларымыз соның арасында қатыгездікке үйрететін ойын ойнап отырғанына жауапсыздықпен қараймыз. Бала мұндай жерлерде  босқа жүрмей жат қылықтарға  үйір болары анық. Темекі тарту, ішімдік ішу, бұзақылық пен ұрлық  жасау алдымен түнде беймезгіл уақытта жүретін   жасөспірімдерден шығатынын бәрімізде білеміз. Міне, осындай зиянды әрекеттер жан – жақты бала  санасын улап, байлап —  матап жатқанда,  ата-аналар мен мұғалімдер қарап отырмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Ол аздай адам жүйкесін жаулаған қаныпезер кинофильмдер мен жалаңаш жүріп әндеткен әншілер және таусылмайтын түрік, үнді теле -сериялар әр каналдан үзбей көрсетіліп жатқаны тағы бар. Осындайда балаларымыға нені көріп, нені көрмеуіне ата-ана мен сынып жетекшілер бақылау жасап отыруы тиіс.

Ата – аналар, балаларыңыз отбасыңызды, әулетіңізді ұятқа қалдырмасын десеңіз «Ұят болады» сөзі арқылы тәрбиелеуді қолға алыңыз. Осы сөз арқылы оның адамгершілік бейнесі қалыптасады. Балаларыңыз үсті- басын таза ұстамаса, беті-қолын жумаса «ұят» деңіз. Ұят арқылы бала өз жүріс – тұрысына баға береді. Мұхаммед Пайғамбарымыз өз хадисінде «Адамнан ұят кетсе, арсыз болады», «Ұят деген нәрсе харамнан сақтану», «Ар-ұяттан безгенді мұсылман деуге болмайды» деген екен. Олай болса, ұят бар жерде адамгершілік бар, адамгершілік бар жерде имандылық , достық, сүйіспеншілік бар. Тәрбиелі, көргенді, адамды  қазақ «ұяты  бар екен» дейді. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ.Мұстафин «Адамды адам етіп келе жатқан, бір ұлы қасиет бар – ол ұят» дейді.

Қазақтың қайсар қаһарман ұлы  Б.Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» — деп әр адам тәртіпті сақтап, тәртіпке бас исе, елдің отбасының  тыныштығын сақтағаны деп көрегендікпен, бір ауыз сөзбен  ұрпағына түсіндірген.

Сыныптан тыс уақытта оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін  біздің мектепте оқушылардың қызығушылықтары мен бейімділігіне қарай әр түрлі үйірмелер, клубтар, оқушылардың ерікті ұйымдары мен қосымша білім беру курстары жұмыс істейді. Әр жаңа оқу жылының басында оқушылардың сұранысы бойынша ата – аналардың өтініші алынып, мектеп директорының бұйрығымен ақысыз үйірмелер, клубтар, жастар ұйымы ашылып, олардың мүшелері мен жетекшілері, жұмыс жоспарлары бекітіледі. Атап айтқанда: «Сазды әуен» /жетекшісі музыка пән мұғалімі Қ.Тоқмырзаев/, «Сиқыр әлемі» /жетекшісі технология  пән мұғалімі Қ.Мангулов/, «Сырлы би» /жетекшісі технология пән мұғалімі М.Байбатшаева/, «Көркем сөз» /жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Нұржанова Ақжарқын /, «Болмасаң да ұқсап бақ… /пародия жасау /»  жетекшісі бастауыш сынып мұғалімі Сарпбекова Ләззат, «Әуенді қимыл» /жетекшісі биология пән мұғалімі Д.Ештаева/, «Шебер қолдар» /жетекшісі технология пән мұғалімі Ш.Құрбаналиева мен Қ.Мангулов/, «Жас суретшілер» /жетекшісі бейнелеу өнері пән мұғалімі Г.Жәнібекова/,  «Мирас» хор үйірмелері/жетекшісі музыка пән мұғалімі Қ.Тоқмырзаев/,, «Абай әлемі» /жетекшісі А.Нұржанова/, «Болашақ актёрлар» /жетекшісі педагог ұйымдастырушы Н.Момбекова/, «Жас ақындар» /жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі А.Ибрагимова/, «Көз тимесін» әзіл – сықақ клубтары, «Жас қыран», «Жас ұлан», «Адал ұрпақ» «Өзін – өзі басқару» /Аға тәлімгер Қ.Жұмабаев /, «Жас полициялар», «Өркен» ұл балалар /АӘД жетекшісі Ж.Бұрқанбаев/, «Сырласу» қыздар ұйымы /жетекшісі Елбасы Ғалия/ , «Өлкетану», «Өзін – өзі тану», «Ақпараттық-комуникациялық технологиялар (АКТ)» қосымша білім беру курстары жүйелі түрде тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Мектептегі сыныптан тыс ісшаралардың сапалы әрі мазмұнды, әрі қызықты өтуі,  осы үйірмелер, әдеби клубтар мен оқушы жастардың белсенді ұйымдарының нәтижелі жұмысының жемісі дер едім.

Бала тәрбиесінде  ата – ана мен мектептің  мақсаты бір болса, сол мақсатқа жету жолында  мұғалім мен оқушы, мұғалім мен ата – ана, мұғалім мен  мектеп әкімшілігі тынбай тиянақты жүйелі жұмыс жүргізсе, біз бағындырмайтын белес, алынбайтын асу болмас еді. Сол кезде ғана жан – жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, рухани – адамгершілік қасиеттер мен жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдениетті, өнерлі, салауатты өмір салтын ұстанатын, Отанын шын сүйетін, елі үшін аянбай еңбек ететін, нағыз ұлтжанды азаматтар тәрбилеп шығара аламыз.  Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, болашағымызға немқұрайлы, жүрдім — бардым қарамайық!

   Дайындаған  

   Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: А.Нуржанова

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *