«Менің Отанымның Тәуелсіздігі»

«Менің Отанымның Тәуелсіздігі»

Мен –қазақпын, биікпін, байтақ елмін.
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.
Жұбан Молдағалиев
Біз- тарих пен тағдырдың бұралаңы көп жылдар мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басымыздан өткеріп, көріп келген елміз. Бүгінгі күні тәуелсіздікке қолы жеткен егеменді елміз. Бұл бізге берген құдайдың бағы да емес, сыйы да емес. Ата – бабамыздың ұрпағым, елім, жерім деп армандап өткен, сол үшін талай тер төгіп, қалай қан төгіп, мың өліп мың тіріліп жүріп өзім жетпесем де ұрпағым жетсе екен деп армандап өткен еңбегінің жемісі. Сол бабаларымыздың ұлағатымен арманын жалғастырудағы, аманатын орындаудағы нақты дәдел 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы деп ойлаймын. Сол кезде жастардың толқуы басталмаса, бұл тәуелсіздік осылай болар ма еді, әлде болмас па еді? Бұл – халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасқан ұл- қыздарының, асыл жүректі, асқақ ақиық перзенттерінің күрес жолы.
Біз өткен күрестер жеңісінің арқасында бүгін міне, тәуелсіз ел болып, еркіндікте жүрміз. Елімізді бастап ұрпаққа жол көрсетер Президентіміз бар. Президент- еліміздің, өміріміздің айнасы.Біздің Президентіміз өте ақылды, көреген, келешекті болжағыш адам деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздік алған елдермен салыстырып көргенде ұлтаралық жанжал, қақтығыс, босқындық, берекесі кеткен елдер бар. Осыдан сақтасын. Бізді бейбіт тыныштық жолмен алып келеді. Бұл тыныштық тәуелсіздік ала салысымен орнай қойған жоқ. Мұны да қалыптастыратын ақыл керек. Біздің елімізде көптеген ұлттар мекен етеді. Соның бәрінің басын қосып біріктіре білді. Тәуелсіздік алған күннен бастап ұлтына қарай бөлмей, достықпен, береке- бірлікпен Қазақстанда тұратын барлық халыққа бірдей саясат жүргізді. Барлығын бірлікте ұстап, дұрыс жолға қойып, қамқор бола білді. Асықпады да аптықпады. Елімізді әлем таныды. Міне сол іскерлікпен әлемге әйгілі дүние жүзі таныған өркениетті ел қатарына қосылып келеді. Ел үміті ертеңде, ертеңнің кепілі-Нұрсұлтан ағамызда. Өйткені Елбасы- тәуелсіздіктің тірегі. Жаңа дәуірден, қиын- қыстау тың жолдан Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер-Елбасы деп білемін.
Бүгінгі ұрпақ- елдің ертеңі. Біз – еліміздің төл перзентіміз. Жас мемлекетіміздің жаңа түлегіміз, жаңа тағанымыз деп ойлаймын. Тәуелсіз елдің биік шыңына қалықтап шығар жас қыранымыз. Біз бірінші сыныптан бастап тәуелсіз ел, егеменді ел, еркіндік ел, бостандық дегенді сезініп өстік, көрдік, білдік. Ұстаздарымыз, өмір көрген әке- шешелеріміз үнемі ұқтырып, үйретіп келеді.
Барлық әніміз де, жырымыз да Отан үшін, тәуелсіз ел үшін арналып келеді. Өткен тарих беттерінен өткен өмір мен бүгінгіні салыстырып түсіне білдік. Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Тәуелсіз өркениетті елімізге білімді мамандар, елі мен жері үшін тәуекелге бара алатын нағыз отансүйгіш адал, «желтоқсан» жастарындай азаматтар мен азаматшалар керек екенін түсіндік. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер,әлем таңқалар, талай- талай жаңалық ашар білімділер керек екенін білдік. Осы тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңге жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенін сезіндік.
Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізге қалдырған аманатындай тәуелсіз елімізді қорғау, нығайту- әрбірімізге парыз. «Елің үшін отқа түс- күймейсің» дегендей, тәуелсіз еліміздің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрескен әр замандағы ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан да емес, ұмытпақ та емес? Аталарымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап бізге жеткізген-ұлан- байтақ жеріміз, алтын бесігімізді мекен еткен қазақ халқы, барша ұлттарды бауырына басқан кең қолтық та мейірбанды халық. Мен тәуелсіз ел туралы толғауымды тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына ойларымен сабақтай кетсем артық болмас деймін: «Тәуелсіздіктің қайта оралғаны- біздің ата – бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата – бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай ел де болмас еді».
Иә, мұндай жер болмаса, мұндай тәуелсіз ел жоқ. Мен үшін елімнің қай қиыры болсын- ыстық та қимас мекен.Тәуелсіздікке қол жеткізген осынау жарқын күндерде менің туған өлкемде, байтақ Қазақстанда, бүкіл әлемде тек бейбітшілік болса екен деймін. Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан- теңіз. Тәуелсіз еліміздің тағаны қаланған күн көз алдымызда, бізге анық. Сондықтан Егеменді еліміз бізге өте ыстық. Біз болашақтың есігін айқара ашып, жаңа ғасырға қонақ болмай, өз тағдырымыздың иесі болуымыз керек.
Халқымның «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»деген даналық пікірін ойлап қарасам, ата- бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері- елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиеті ұрпақтан- ұрпаққа дарыса асыл арманы ғой.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар- қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру тайпаларымыздың өзі жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеудегі батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Халқым сол заманнан бері-ақ елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы шапағатына» ұласып отырғанын көріп отырмыз.
Осы дәуірге жету жолында Отаным-қазақ елінің көрген қасіретін енді Тәңірім еш елдің басына бермесін дер едім.
Халық мүддесі жолында табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген тұлғаны жауынгер Абылай бастаған батырлардың аяулы Отанын қорғаған ерлік- батылдығын, ел арасындағы бет- беделдері туралы талай тарихи зерттеушілердің жеріне жеткізе жазғанының куәсіміз.
Егеулі найза қолға алып, еңку- еңку жер шалып, ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізге қалдырған аманатындай туған елімізді қорғау, нығайту- әрбірімізге парыз.
«Елің үшін отқа түс – күймейсің» дегенде, туған елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрсекен әр замандағы ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан да емес, ұмытпақ та емес?
Екі жүз жыл бойы қазақ халқына тыным бермеген жоңғар басқыншыларына қарсы елін бастап ерлікпен соғысқан қайтпас батырларымыз-Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапыратшы Наурызбай бастаған батырлардың Әз –Тәуке, хан Абылай, Кенесары сынды хандардың туған елі үшін бастарын бәйгеге тіккен ерліктерін бүгінгі ұрпақтары, біздер мақтаныш етеміз, бабалар рухынан қуат аламыз.
«Өз елі, өз ерлері ескермесе,
Ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?»- дегендей, туған елі барда, ержүрек ұлдары мен қыздары халық жадында мәңгі сақтала бермек.
Қандай дүние жетеді балауыңа!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып,
Қазақстан гербі де, жалауы да!- деген Жұбан Молдағалиевтің «Мен –қазақпын» поэмасындағы туған елге, жерге деген ыстық махаббаты әрбіріміздің жүрегімізден орын алуы керек. Туған жерін тұғырына балаған арқалы ақын, төкпе- жыршылардың жыр тілі арқылы туған жерге деген сезімімізді жеткізгендейміз.
Менің кең байтақ Отаным Ақан әнімен әлдилеп, Біржан жырымен тербеткен, Ыбырай,Орынбай ақындар әуелете шырқаған, Мәліктей батыр- ғалымдар туып –өскен жан ғана емес, ауасын жұтып, топырағын басқан адам да мақтана тәуба етері анық.
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын.
Бауырға басқанбыз баршаның баласын,-деп Әнұранымызда айтылатынындай, қуғын- сүргін кезінде өз елінен қуылған қаншама ұлттың баласын өзекке теппей, өгейсітпей, бауырға басқан кеңпейіл өлке. Мыңғыртып мал өсіріп, миллиардтап дән өсірген қойнауы құт, қабаты кенді бай өлке.
Қазақтың маңдайына біткен ұлы, тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағамыз достықтың, бірліктің, бауырмалдықтың көк туын берік ұстап, тасқа тұяғын қашаған тұлпар мінген батырларша, халқына тыныштық пен жігер беріп, шыдамдылық пен төзімділіктің шегіне жеткізіп тәрбиелеп отыр. Аяулы Отан-Қазақстанды әлемге аян етіп отырған Елбасының, халқының ерлігін Дихан-Баба Әбілев атамыз:
Қарамай қиындықтың қыңырына,
Ақыл мен алғырлығы жеңді міне.
Жасандысыз жаңашыл талабыңа
Мың рақмет, Нұрсұлтан қарағыма!- деп жырлаған.
Аяулы Отаным-Қазақстан- ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасам, кішкене жүрегім сыздап, бабалардың басынан кешкенін көзіме елестетсем көздің жасын тыя алмайтындай күйге түсемін. Қазақстан ядролық инфроқұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан- теңіз.
Тәуелсіздікке қол жеткізген осынау жарқын күндерде менің туған өлкемде, байтақ Қазақстанда, бүкіл әлемде тек бейбітшілік болса екен деймін.
Міне, оқушылық өмірді артқа тастап, ересек өмірге қадам басқалы отырған өмірлік белесімдегі үлкен арман- мақсатым- туған жерімді көрсету, елімнің баянды бақыты үшін жан аямай еңбек ету деп білемін.
Аяулы Отаным- Қазақстанды көркейтетін, байытатын, өз бақытының иесі болуына қол жеткізетін халқым, біз сияқты ұрпақтары екен.
Еркіндік – ежелден ата – бабаларымыздан бастап бүгінгі ұрпаққа дейінгі арман тілегіміз. Тілегіміз қабыл болғай!
Бұлт баспасын күнімді,
Тарылмасын өрісім.
Биік ұстау Туымды-
Қасиетті борышым.
Қорыта келгенде, аяулы Отаным- Қазақстан туралы өз ойымды Қасым Аманжоловтың мына жыр шумағымен аяқтағым келеді:
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым,сенде өстім,сенде өлсем,
«Арманым жоқ бұл дүниеде», дер едім.
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рақаттың,
Өз Отаным — өзім туған босағам.

Баймуканова Жазира Абилхановна
«Қостанай ауданы
білім бөлімінің
Мичурин орта мектебі» ММ
бастауыш сынып мұғалімі

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *