«Мектеп жасына дейінгі балаларға этно мәдени білім берудің маңызы»

Маңғыстау облысы , Қарақия ауданы , Жетібай ауылы
МКҚК «Жауқазын» бөбекжай-бақшасы
Бейінді оқытушы: Тегісбаева Ақшагүл Аманбекқызы
«Мектеп жасына дейінгі балаларға этно мәдени білім берудің
маңызы»

Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол-үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты-баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болуы тиіс.
Этномәдени білім беру дегеніміз мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығын дамытатын мүмкіндіктер, ұлтымыздың бай мәдениеті, ұлттық болмыс, тарихы, тілі, ұлттық құндылықтар туралы білім беріп, жан-жақты, Отанын сүйетін, адамгершілігі мол, рухы биік, жаһандық өркениеттің халықтарына төзімді жеке тұлғаны тәрбиелеу. Этномәдениет ата-бабаларымыздың тәрбиеге байланысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірибе жиынтығы, қанша уақыт өтсе де тат баспайтын адалдығы айнадай ұлттық қазына. Халқымыз өз ұрпағын ізгілікке инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуді басты мақсат санаған. Олай болса, бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін терең сіңіру қажет. Халық батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай «Өткенін білмеген, одан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз».
Көп ұлт мекендеген Тәуелсіз Қазақстанның ерекшелігі де этникалық білім берудің қажеттігін туындатады. Кез-келген халық ғасырлар бойы жинаған қоғамдық және әлеуметтік тәжірибесін, ата-бабалардан алмасқан тәжірибеге өз үлестерін қосып келесі ұрпаққа мәдениетін, тарихын аманат етіп отырған. Ежелден келе жатқан тарих толқынында халық- үлкен күш, ол мәдениетті, тарихты жасаушы жалғыз таусылмас қазына, құндылықтардың қайнар бұлағы. Сол таусылмас қазына мен қайнар бұлақтан өркен алатын жас ұрпақты халық дәстүрінде білім беріп, тәрбиелеу қазіргі білім саласының басты міндеті. Қырғыз халқының дана ұлы Шыңғыс Айтматов «…..өз халқының және басқа халықтардың тарихы, мәдениетінен, тәжірибиесінен бейхабар адамның болашағы жоқ, бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді» -дейді.Өйткені тек білімді адам ғана басқаның мәдениетін, өз төл тарихы мен мәдениетін бағалай алады, өз халқының ажырымас бөлігі екенін сезініп, сол халық мәдениетінің қажеттілігін өтей алады. Ал этномәдени білім жеке тұлғаның этномәдени ерекшеліктерінің қалыптасуына және оқу мен тәрбиенің ұлттық жүйесін дамытуға негіз болады .
Этномәдени білім беруде көп нәрсе біліктілік, ұғымдылық, танымдылық тұрғысынан берілу керек. Біз әлемдік деңгейдегі білім берудің озық үлгілерін жоққа шығармаймыз, оны зерделеу, білу қажет. Бірақ дүние жүзінің ұлттары мен ұлыстарының мәдениеттері, салт-дәстүрлері, тілдері сан түрлі болғандықтан, сусындайтын этномәдени білім мен тәрбие көздері де сан түрлі. Осы рухани көзді елемеу ұлтсыздандыруға апаратын жол.Сондықтан, әлемдік деңгейдегі білімді қажетінше пайдаланып өз этномәдени білім мен тәрбиеге негізделген ұлттық білім жүйесін дамыту қажет. Бүгінгі жастарымызды бізден әлдеқайда сауатты болуға бағыттауымыз, бағыт-бағдар беруіміз керек. Абай атамыз айтқандай «Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар , мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі ақымақтық», сондықтан да жастарымыз озық болсын десек этномәдени білім мен тәрбиені басты назарда ұстау керек.Біз халықтық тәлімнің ақ уыз шырынан нәр беретін текті тәрбиеге қол жеткізетін ұлттық қазына , рухани байлық атты қасиеттерімізді үнемі назарда ұстауымыз керек.Бұлардың бәрі жас ұрпаққа үйренумен, таныммен , тағлыммен келеді.Сондықтан да, қазіргі оқуымыз да , тәрбиеміз де этномәдени тұрғыда болуы керек деп есептеймін.
Әр мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ерте жас тобынан бастап мектепке дейін шығарып салуға дейін этномәдени компонент элементтері кездеседі. Күн тәртібінің барлық сәттерінде қандай да болсын элемент болуы мүмкін – халық ертегілері, халық педагогикасының бөлімдері, фольклор, мақал – мәтелдер, әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер, халық ойындары және т. б. Балаларға әрдайым жомарт қазақ халқымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттер мысалға келтіріліп, тәрбие және оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Соның арқасында тәрбиеленушілердің қоршаған ортаны сезіну, қоғамдану, өзіндік бағалау, тұлға ретінде даму сияқты маңызды қасиеттері дамып қалыптасады.
Этномәдени білімді жолға қоюдың жолы оқу процесіне жаңа педагогикалық технологияларды қолданып ғана қоймай, қазіргі заманғы техникалық құралдардың көмегімен авторлық бағдарламалар жасап, тек ғана мектепке дейінгі ұйымдарда ғана пайдаланбай отбасында да пайдалану септігін тигізеді. Ата-аналары қолданылатын ұялы телефондарға, планшеттерге балаларға қызық болатын арнайы бағдарламалар жасау. Мысалға «Қуыршақты ұлттық киімге киіндір». Бұл бағдарламаларда ұлттық киімдердің үлгісі тұрады, балалар киімді таңдайды, таңдалған соң ол киімнің атауы қазақша және ағылшынша айтылады. Бала қуыршақты киіндіріп ғана қоймай, ұлттық киім түрлерін ғана емес,сонымен қатар тіл үйренеді. Сонымен қатар осындай мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, ертегілерді, салт-дәстүрлерді, қазақ халқының бай халық ауыз әдебиетін осылай үйретуге болады деп ойлаймын.
Мультимедиялық оқулықтар біріншіден балалардың қызығушылығын арттырады, екіншіден зейін қойып көрумен қатар түсінбеген жерлерін қайта көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді, сонымен қатар бүлдіршіннің білім алу кезеңінде оқу іс-әрекетіне белсенділігін арттыра түседі. Мультимедиялық оқулықтар балабақша бүлдіршіндеріне арналған таптырмас құрал. Себебі, бұл кезеңдегі балалардың зейіні әдемі түстерге, әдемі ойыншықтарға, әдемі суреттерге, яғни, әдемілікке, әсемдікке әуес болады. Кез келген сабақта әр түрлі әдемі, ұнамды, жағымды суреттер, сызбалар, тәсілдер арқылы графикалық иллюстрациялар негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.
21 ғасыр ғылым мен білімнің дамыған кезінде балаларды жан-жақты, ұлтын сүйетін, мәдениетін білетін, қазақ тілінің барлық қыр сыраларын көрсете алатын, өз этномәдениетімізді басқа тілде де еркін таныстыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге, баланың одан әрі қызығушылығын арттыруға көп септігін тигізеді деп ойлаймын.
«Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деп Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткендей бізге білімді ұрпақ қажет. Сондай ұрпақ тәрбиелеп шығару ол біздің міндет.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *