Менің елім – Қазақстан!

Дуйсенова Меруерт Садыбакасовна

Тараз қаласы, Абай  атындағы Жамбыл  гуманитарлық колледжі

«Сәндік қолданбалы өнері» ПЦК оқытушысы

 

   Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем.

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем!         

М.Мақатаев

         Міне, менің анам бесігіне тербеп, аялап өсірген Отаным. Осындай сұлу да көркем, ерекше табиғаты бар кең өлкеде  мына дүние есігін ашқаныма қуанатыным соншалық, таудың асқар шыңына шығып:

Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Таныймысың сен мені,

Мен қазақтың баласы!

— деп әр кез жар салғым келіп-ақ тұрады шіркін! Жері қандай байтақ болса, жаны да сондай дархан елім менің! Көкжиекке кеудесін тіреген асқар, алып шыңдары тау төсін түрлендірген, сұлудың кірпігіндей кербез шыршалары, күн сәулесімен жарыса сыңғырлап аққан мөлдір бұлағы, кеудеңе құйылған жұпар ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары, жан-дүниеңді әсем әнімен тербететін самал желі, бәрі-бәрі менің елім, аяулы Отаным – Қазақстанның, туған елдің бір бөлшегі.

Мен – өркениет өріне қадам басқан еркін елдің өренімін. Өткенге бойлап, бүгінді ақыл таразысына салып баға беру, ғасырлар тоғысында өмір сүріп жатқан өз Отаным – Қазақстан туралы өз пікірімді айту – менің перзенттік парызым.Үлкен жүректі, ұлы сезімді, шалқар шабытты ақын-жазушыларымыздың еңбектеріне арқау болған, біздің атамекеніміз, қазақ даласы – бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырып кеткен асыл мұрасы. Осынау, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең-байтақ, дәулетіне сәулеті сай елімнің ғажап көркіне тамсана қарағанда, ата-бабаларымыздың сонау ғасырларда шеккен қайғы-қасіреті мен қанды да, қайғылы күндері – көз алдымнан мәңгі өшпес бейнедей бір сағым боп өтеді. Иә, сан ғасырлар бұрын кең-байтақ созылып жатқан, бой жеткен қыздай толықсып тұрған алтын дәнді кең дала мен қанатын кеңге жайып, гүл жайнаған сәулетті қалалар орны –  Жоңғар, Қалмақ, Ресей мен Қытай басшылары көздеген  ұлан-ғасыр атырап болатын. Жоңғарлар мен Қалмақтардан қысым көрген, мал-мүлкінен айырылған қазақ халқы аштықтан қырылып, жан-жаққа босып кетті.

Тіпті қан қақсаған халық :

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айрылған жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.

— деп зарлы үнмен жырлады. Иә, «жараның өзі кетсе де, орны қалады» дегендей, уақыт өткенімен Қожаберген жыраудың бұл «Елім-ай» атты өлеңі тыңдаған жанды сонау ғасырлар торабына апарып салатындай. Қалмақтардан қысым көрген қазақ халқы Ресей патшалығымен бейбіт келісім жүргізуге мәжбүр болды. «Бейбіт келісім» деп аталғандықтан мұның соңы бодандыққа апарып соқтыратынын ешкім де білген жоқ. Қара халық хандар мен билерден, сұлтандар мен төрелерден былай, Ресей патшалығынан да талай қорлық көрді. Қазақ еліне басшылыққа Голощекин келген сәтте-ақ, халықты жаппай қанаушылық басталды.  Тіпті халық Голощекин қолдан жасаған ашаршылықты да басынан өткерді. Голощекиннің әділетсіз саясатының адам айтқысыз зардаптарынан талай өмір деген гүлін  аша алмаған ер жүрек ерлер, Қозы мен Баяндай  көкірегінде маздап жанған ыстық махаббат отының жылуына жылына алмай арманда кеткен жастар қаншама?! Өмір…… Осы бір айы мен қыры, созалаңы мен соқпағы көп жол оларды шаршатқан еді сол кезде… Таңертең қызыл шұғылаға малынып, арайланып атқан алтын күн – кешке ұясына түнеріп кіріп жатты…

Жер бетінде жалпы тіршілік иесінің бәрі дерлік бодандықта болғысы келмейді. Бәрі де азатыққа, еркіндікке ұмтылады. Жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап, өзге тіршілік иелері секілді адам баласы да азаттықты аңсап, бостандыққа құмартады. Себебі, халықтың азаттығы, яғни тәуелсіздігі  қашанда қымбат әрі қасиетті. Ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқы Қазан төңкерісін азаттық таңы атты деп есі кетіп қуанып, жүрегі елжіреп қарсы алып, бар әлемге «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп жар салды. Бірақ, қазақтың сол еркіндігі  — халық күткендей болмады. Еркіндік есептеулі, шектеулі болды. Осы еркіндік білім, ғылым қанын мойнына жүктеді. Атап айтатын болсам, елім деп еңіреп туған «Бес арысымыз» бен «Үш бәйтерегімізге» жасалған қиянат елді дүрбелеңге түсірді. Осы зобалаң қазақ халқының жүрегіне жазылмас жара салды, қара жамылған қайғыға душар етті. Қарап отырсақ, қазақ халқы басынан небір қиыншылықты, қатігездікті, әділетсіздікті өткізген екен. Момын, ақкөңіл, кеңпейіл, қонақжай халықты басыңғысы, жойғысы келгендер де аз болған жоқ. Өз жеріне өзі билік ете алмай, мал жанынан айырылып, орыстың айдауында жүрген елін көргенде – көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар қауымының қабырғасы қайысып, жүрегі қарс айрылды. Бұғаудан арылмаған бейкүнә қазақ халқының басына тағы бір қара бұлт төніп келе жатты.Бұл – 1986 жылдың мұз қарыған 16 желтоқсаны еді. Міне, дәл осы күні сан мыңдаған жастар қазақ ұлы Қонаевтың орнына Колбинді таққа отырғызғандығына наразылық білдіріп бейбіт шеруге шықты, бірақ бейбіт шеру соңы қанды қырғынмен аяқталды. Батыр ұлдарымыз бен өрімдей жас, ержүрек қыздарымыз әділеттілік жолында жанын пида етті. Бұл көрініс қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін, яғни, жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән, ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін көрсетті. Қазақ елінің басшысы ретінде өз ортамыздан ел басқаратын азамат  табылмағандай, өзге ұлт өкілін басшы сайламақшы болғаны –  жүрегі «қазақ» деп соққан әрбір азаматтың ашу-ызасын тудырмай қоймасы айдан анық еді. Алматы қаласының орталық қызыл алаңына жастарымыздың шығуына бірден-бір себеп болған осы емес пе? …Қайрат, Ляззат, Қанат, Жансая, Ердос, Гүлмира… Иә, олар бізде көп еді… Дәл  осы жандар, алаштың айбынды ұлдары мен қыздары «халық жауы», «ұлтшыл», «қылмыскер» деген жаламен абақтыға қамалып, ату жазасына кесіліп жатты. Сол бір қанды желтоқсанның құрбаны болған қазақ жастарының бірі – Қайрат Рысқұлбеков еді. Ақындық өнерге кең қанат жаятын пырағымыз тұсалып, желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысының қанды тырнағына ілінді. Басынан бағы тайып, жазықсыздан жазалы болған, көкейін ашу-ыза кернеген Қайрат былай толғанды:

Қайрат деген атым бар.

Қазақ деген затым бар

Еркек тоқты құрбандық

Атам десең, атыңдар!

Бұл өлең шумақтары қайсар ұлымыз Қайраттың жүрегін жарып шыққан соңғы сөздері болғаны әркімнің де жанына қатты батты. Шіркін… Осы бір өрімдей жас ақын бүгінде  арамызда болғанда, халқымыздың рухани байлығын байыта түсетін  сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген  нағыз ақын болар еді…

Кеңес Одағы «Желтоқсан оқиғасынан» кейін күйреді, құрамындағы он бес республиканың әр қайсысы өзінің егемендігін алды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы атты зайырлы, тәуелсіз елге айналдық. Ғасырлар бойы армандап келген елдің  тәуелсіздігімен бірге бостандықтың жұпар желі бетімізді аймалады. Азаттықты аңсаған «Мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртшылығына да  тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Қазақ халқының да  өзге тәуелсіз елдер секілді өз Туы, өз Елтаңбасы, өз Елбасы  сайланды. Әрине, халық тәуелсіздік үшін аз күрескен жоқ. Қаншама жастарымыз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Сол жастарымызды мәңгіге құрметтеп, желтоқсан құрбандарын мақтанышпен тілге тиек ету біздің парызымыз! Иә, біз қазақ – шапқыншылықты да, ашаршылықты да,  қуғын-сүргін мен басынушылықты да көрдік.. Шүкір, бүгінде көк байрағы желбіреген, Әнұраны дүние жүзін тебіренткен тәуелсіз, егеменді елміз. Санаулы күдерден соң егемендігімізге 25 жыл толғалы жатыр. 25 жыл ішінде нарықтық экономика жолына түсіп, демократиялық үрдіске бет алдық. Бүгінгі Қазақстанды 1991 жылғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Біз әзірге  дамыған, шынайы озат елдер қатарына қосылмасақ та, озат та өміршең құндылықтарды игеруге бейімделіп, болашақ даму бағытын таңдау негізінде анықталған сындарлы қазақстандық жол басында келеміз. Еліміздің жүрегі – бас қаламыз Астана болса, халқымыздың тірегі Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бағымызға орай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Елбасы ретінде халқымызға ниеті ақ, жүрегі таза екендігін әу бастан ірі істермен білдірсе, халық та оны ақ ниет, таза жүрегімен қабылдады. Бұл үрдіс халық сеніміне, мемлекет тұрақтылығына, ел ырысына айналып, жасампаздық идеялары өсіп өнді. Егемен Қазақстан жаңа мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық, өзара келісім, экономика мен саяси жүйенің қарыштап дамуы жолында теңдесі жоқ үлгі көрсетті. Осыған орай Қазақстанда интелектуалдық ұлтты қалыптастыру идеясы Елбасының негізгі бастамаларының қатарына жатады десем қателеспеймін. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан егемендік  алғаннан болашаққа нық қадамды — ғылымды дамытумен бастады. Негізгі мақсат – Қазақстандықтарды жаңа формацияда тәрбиелеу, бәсекеге қабілетті адам капиталы бар елге айналдыру. 25 жыл ішінде жеткен ауыз толтырып айтуға лайықты жетістіктеріміздің бірі – әлем елдері арасында ең бірінші болып ядролық қарудан бас тартуымыз. Өзге де жетістіктеріміз жетерлік. Мәселен,  әлемнің озық 50 елінің қатарына қосылдық, алдағы уақытта 30 елдің  қатарына  қосылуды жоспарлап, ол үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Кеше ғана Парижде өтіп жатқан ЕХРО Халықаралық бюросы Бас Ассамблеясының 152-сессиясынан тамаша хабар келіп жетті.Онда әлемнің 161 елінің жасырын дауыс беру қорытындылары бойынша Астана қаласы ЕХРО-2017 көрмесінің иесі атанды. Қазіргі уақытта ЕХРО-2017 көрмесіне дамылсыз дайындық жүріп жатыр. Себебі, ағымдағы жылдың шілдесінде аталмыш көрме еліміздің жүрегі – Астана қаласында жоғарғы дәрежеде аталып өтпекші. Тәуелсіздікке 25 жыл ғана болса да, Қазақстан өзінің жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мыңжылдыққа дейін сақталуы үшін талпынуда. Мұнымен қатар қазақ жерін мекендеген түрлі этникалық ұлттардың да өзіндік дамуына, дәстүрін сақтауға, мәдениетін қалыптастыруға ерекше жағдай жасалуда. Еуропалық маман Қазақстанға Еуразияның  жүрегі  әрі екі құрлықтың арасындағы көпірі болған жаңа мемлекет деген баға берді. Осылайша шетел сарапшылары Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жайлы сыр шертті. Бұл дегеніміз Қазақстанның биік дәрежеге жете отырып, шетел сарапшыларын таң қалдыра білгенінде. Бұл алдағы арман күніміздің бастауы.Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, егемен еліміздің іргесі бекіп, талай асулардан өтіп, әрі қарай жүретін бағыт – бағдарымызды, шығатын биіктерімізді анықтадық. Болашақта әлемдегі ең жан-жақты дамыған елдердің санатына қосылу тұр.  Осыларды айта келіп, тәуелсіздік біздің елімізге ешқандай қиындықсыз, аспаннан бақыт құсы болып қона қалды деген пікірден аулақпыз. Бүгінгі  тәуелсіздігіміздің астарында қазақ халқының  отаршылыққа, бодандыққа қарсы бірнеше ғасырға созылған  күресі, оның ішінде Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары хан бастаған ұлт азаттық күрестер, Алаш арыстарының азаттық ұраны, өткен ғасырдың  басында Торғайда, Меркіде , Созақта басқа да өңірлерде болған кеңес үкіметіне қарсы үлкенді-кішілі көтерілістер, сол ғасырдың соңында азаттық аңсаған қазақ жастарының Алматыдағы қанға боялған шеруі, осылардан туған ыза –кек, оларды енді болдырмаймыз деген намыс пен жігер жатыр. Біздің еліміз өтпелі кезеңнен жауапты шағынан өтіп, Қазақстан әлемдік өркениет жолындағы биіктіктерге қадамдарын жасап, бүгінгі таңда елдің іргесі берік, халықтың бірлігі көбейді. Қазақстан халықтарының татулығы мен бірлігінің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шынайы достық саясатының жемісі – қоғамның саясатына қол жеткізуі. Болашаққа ұмтылған Қазақстан дамуының 2050– жылға дейінгі көп ұлтты, көп дінді, көп тілді республикамыз дүние жүзінің көлемінде егеменді, жоғары ел болып гүлдене берсін! Ал, енді кейінгі ұрпақ менің достарыма айтарым: Алланың басымызға берген бақ құсын алақанымыздан ұшырып алмайық. өзге ел, мемлекет деп еліктей бермей, өз туған жерімізді, Отанымызды, елді –мекенімізді, тілімізді, дінімізді қадірлесек, елбасымызды қадір тұтсақ, сонда ғана биік белестерге шығып, нағыз қазақ атанамыз. Егеменді ел болғалы Отаным Қазақстанның көгінде туы, жерінде әнұраны шарықтауда. Шарықтайды да. Осындай көп көрген, көреген де білімді, ерекше тұлға болып тұрғанда қазақ елі әлі де дамып, қол жетпес шыңға, ой жетпес биікке жетеріне кәміл сенемін. Елбасы жасасын, қазақ елі жасасын. Мен Елбасын мақтан етемін! Халқымыздың ғасырлар тереңінен тамыр тартқан тарихының бағыт-бағдарын айқындап, оның шамшырағындай болған ата-бабаларымыздың жолынан адаспай көш бастап отырған Елбасымыздың жолы нұрлы болғай деп тілеймін!

Талай шарасыз күндерді бастан өткерген халқымның тәуелсіздігі  — бақытты  да баянды болуы үшін Қазақстан Республикасында тұрып жатқан жүрегі Отан деп соққан әрбір азамат өз үлесін қосса деймін. Асқақ арманға, ұшқыр қиялға, көптеген аңсаған армандарға жету,  бәрі – бәрі де өз қолымызда дей отырып, шығармамның соңына нүкте қояр сәтте, менің ойыма Мұқағали атамыздың мына бір өлең жолдары оралды:

Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген

Іс тынбайды, жанамын, күйемменен

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамды иемденем.

Туған жерімнің гүлденіп өсуіне, биік дәрежеге жетуіне өзге де өркениетті елдермен терезесі тең болуына титтей де болса өз үлесімді қосу үшін барымды саламын. Қазақ жастары «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» емес пе, сондықтан да өскелең ұрпақтың, яғни жастарымыздың, соның ішінде мен секілді оқушылардың Қазақстанды биік шыңдарға жетелейтініне кәміл сенемін. Өйткені, менің елімнің шалқайса тарих шыңы, еңкейсе еркін елі, қиыншылыққа төзімді сайып қыран ерлері, қазына байлыққа толы жері бар емес пе?!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *