«Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі»
Турганбаева Улбосын Абеновна
Мұғалім мәртебесі қай мемлекетте де қашанда жоғары болу керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалім мәртебесіне рухани жағынан, Заң жүзінде ерекше көңіл бөлінуде. Әр мұғалімге жүктелген талапта жоғары. Өскелен ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Ондай көзқарасқа бізде қол жеткіздік. Сондықтанда тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдерге серпіліс әкелді. Мұғалімнің құқы арнайы заңмен қорғалатын болды деген ақпарат мұғалімнің қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастағаны анық. Ал заңда көрсетілген мұғалімнің құқығы «Білім туралы заңда». Ол үшін мұғалім басты тұлғаға айналып мұғалімнің оқушыға білім беруіне барлық жағдай жасалынуға тиіс.
Басымызға түскен індет барлағымызға оңай болған жоқ, сол уақытта мұғалімнің қадірі арта түсті. Мұғалімнің мәртебесі көтеріліп, барлық жағдай жасалып білімді, саналы ұрпағымыз көбейе берсін. Адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады.
Педагог мәртебесін көтеру – жаңашыл мұғалімді қалыптастырудың бастауы. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің түп төркіні өте терең. «Ұстанымы» дегенде адамның өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы, белгілі бір адамның бүкіл болмысы ұстаздың қолында деген мағынаны білдіреді.
Ұстаздың абыройы биік болуы – бүкіл елдің абыройының асқақ болуының кепілі. Өркениетті елдердің барлығында ұстазға деген құрметі өте биік дәрежеде, өйткені ұстаз бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп отырған басты тұлға. Сол себепті ұстазды ұлағаттау әрбір саналы халықтың қоғам алдындағы мақсат – міндеттері болғаны абзал.
«Сабақ беру үйреншікті жәй ғана емес, ол жаңаны жаңадан табатын өнер», — деген Жүнісбек Аймауытов. Яғни, әр бір ұстаз жұмысына тыңғылықты дайындықпен, құштарлық сезіммен кіріссе еңбегіне қарай жемісін көре алады. Бәйгеге қосқан тұлпары озып шығып дараланса және де оны бүкіл жұрт бағалап, қадірлеген жағдайда ғана ұстаздың мерейі үстем болар. Дамыған елге қарап бой түзеген еліміз ұрпақ бойына білім нәрін себуші ұстаздар қауымын, қаға заман талабына сай білімін жетілдіруді қолға ала бастады.Әрбір педагогтың білімі мен білігін көтеруді мақсат тұтқан еліміз ұстаздардың білімін жетілдірсе, біз өскелең ұрпақты, білім көкжиегін кеңейтуіміз керек. Заман талабы «білу аз, сол білгеніңді іске қолдана білу» дейді. Бұл әрбір ұстазды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа іздеңістерге жетелейді. Жаңа технологиялардың қыр – сырын меңгерген мұғалімдер білім сапасын арттыруда барынша үлес қосып, ұрпақты жаңа заманға сай білімді беруі маңызды. Қашан да білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры, жас ұрпақтың тағдыры – бүгінгі ұстаздардың қолында.
Менің ойымша, қазіргі заман педагогы рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгерген, өзін әрдайым кәсіби тұрғыдан жетілдіріп отыратын шығармашыл тұлға. Сонда ғана ол баланың табиғатындағы туа біткен қасиеттерді айқындай алады. Өйткені әр баланың бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерді ашу сол педагогтың еншісіндегі іс. Егер педагог шығармашыл болса, ол тәрбиелеген бала да шығармашылық әрекеттерге бет бұрады. Жоғарыда тілге тиек еткен мәселелерді мен өзімнің басты ұстанымым деп білемін. Белсенділік, отансүйгіштік, бастамашылдық ең бірінші педагогтың өз бойынан табылуы қажет. Ондай педагог балалардың танымдық қызығушылығын арттыра отырып, қоршаған ортаны тануына кеңінен жол ашады.
Білік бесіктен басталады. Сәбилер мен бүлдіршіндер үшін алтын бесік – балабақша. Ол – мектепке жетелеп апаратын алтын көпір. Мен өзім тәрбиелеп жатқан балаларға үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймын. Қорыта айтқанда, балаға деген сүйіспеншілік пен жан жылуы жоқ жерде кішкентай періштелерді педагог өзіне баурап алуы мүмкін емес.
Өз ойымды қорытындылай келе,менің ұстаздық борышым – адамға ғана тән өмір сүре білетін жеке тұлға қалыптастыру деп білемін. Сондықтан да мен өз болашағыма білім алып жатқан болашақ маман – шәкірттерімнің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Менің шәкірттерім заманауи технологиялар заманында осы қоғамға сай өмір сүре алатын білімді де, білікті, елін, жерін, мамандығын сүйетін, адамдарға ізгілік жасайтын, шәкірт жүрегіне жол табатын маман болып шығуы керек.