Бала неге өтірік айтады?
Бала неге өтірік айтады?
Оразбаева жансая Амантаевна
БҚО Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы
№ 7 «Айналайын» бөбекжайы
педагог — психолог
Баланың үлкендерге өтірік айтуы, көбінесе ол балаға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтіндіктен деп түсіндіреді мамандар. Бала ересектердің көңілін тауып, өзін қорғау үшін, тығырықтан шығу үшін де жалған сөйлеуге барады. Мұндай жағдай ой – қиялы бай, яғни ойынан «шындық» құрастырып шығарғысы келетін балаларда көп кездеседі. Әсіресе, 5 – 6 жаста балалар ғажайып оқиғалар, ертегілер ойлап табуға, қиялдауға бейім.
Есіңізде болсын! Егер балаңыз өтірік айта бастаса, оның ішкі жан – дүниесінде қандай да бір проблема болғаны.
Баласы өтірік айтқан жағдайда ата –аналар не істеуі, өздерін қалай ұстауы керек? Мысалы, балаңыздың өтірік айтқанын біліп тұрсыз, тіпті дәлеліңіз де бар. Психологтар мұндай кезде онымен жайлап тілдескен жөн дейді. Психолог Алан Фромм балаңызға әсіресе мына сөздерді міндетті түрде айтып өтіңіз деп ескертеді. «Балам, маған мұның қалай болғанын бастан – аяқ айтып берші. Мейлі, сен кінәлі болсаң да, жазаламай – ақ қояйын. Тек менен ештеңе жасырма. Егер сен бәрін айтып берсең, неліктен жаман қылыққа барғаныңның себебін тауып түсіндіріп беремін. Екінші рет қайталамайтын боласың!»
Бала мына жағдайда өтірік айтады:
— Ыңғайсыз жағдайға тап болудан сескеніп, ата – анасының жазалауынан қорыққаннан, ұялғаннан;
— Қалағанына қол жеткізу үшін немесе ұнатқан нәрсесін алу үшін;
— Өзі жақсы көретін досын қорғау үшін;
— Өзінен үлкендердің мақтауына ие болу үшін және ұнау үшін;
— Өзінікі «дұрыс екенін» ұқтыру үшін
Ешуақытта баланың теріс әрекетін көре сала оны қорқытып – үркітіп, жазалаймын деп шара қолдануға асықпаңыз. Сондықтан баланың ішкі эмоциясы басылғанын күтіңіз. Төтеннен ашуға мініп, дөрекілік көрсететін болсаңыз, сізге сенбей, іштей «жау» санап өсуі мүмкін. Бұл жерде балаға өтірік айтқызбаудың бірден –бір кепілі – сенімділік. Демек, бала мен үлкен адам арасында сенім қалыптасуы керек. «Баламен ашық сөйлесуі
керек». «Балам, екеуміздің арамызда бір – бірімізге деген сенімнен артық ештеңе жоқ. Егер ұнамсыз қылықтар жасап қойсаң, маған оны айтудан қорықпа.Әрине, бәрін жасырып қалуыңа болады. Бірақ, шындықты айтуға батылдық танытсаң, мен сен үшін мақтанар едім». Балаға өтірік айтудың соңы неге апарып соқтыратынын мысалдармен түсіндіріп беріңіз.Ертең үйден тыс, бөтен ортадағы адамдармен араласа бастаған шақта мұнан да үлкен мәселелер, жалғандық, алдап – арбаулар балаңыздың алдынан кездесуі мүмкін ғой. Мысалы, қатарластары, құрбы – құрдастары, одан ересектері…. Оларға қалай сенуге болады? Қандай жағдайда сенбеуі керек? Өмірде кездесетін мысалдарды, оқиғаларды айтып беріңіз.
Әрине, біз балаларымыздың тәртіпті, әділ, өнегелі болғанын қалаймыз. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін тіпті ең кішкентай деген мәселеге дейін әділ болуыңыз керек. Берген уәдеңізді орындай алмадыңыз ба, онда не себепті ондай болғанын айтып, балаға түсіндіруіңіз қажет және кешірім сұрау артықтық етпейді.
Әдетте ата – ананың балаға деген немқұрайлылығы, салқынқандылығы теріс мінездердің қалыптасуына әкеліп соқтырады. Өзіңіз ойлаңызшы, алаяқтар, бетімен кеткен жүгенсіздер, қылмыскерлер қайдан шығады? Олардың тағдыр жолдарын талдап қарағанда, балалық шағы дұрыс қалыптаспағаны белгілі болған. Әсіресе, баланың 4 – 5 жасындағы қылықтарына мән берген абзал. Көптеген ата – аналар бұған балалық деп қарайды. Басында балалар әке – шешесінің қатаң сөгісінен қорқып, өтірік сөйлей бастайды. Қалағанын алу үшін өтірік айту қауіпті. Бірте – бірте бала қулыққа бейімделе бастады. Тіпті, жалған сөйлеуді «қару» етіп алады. «Сәтті» басталған өтіріктер әрі қарай да баланың бұрыс қалыптасуына жол ашады.
Сондықтан, отбасында бала қандай қандай жағдайда өтірік айтады, соны анықтап алыңыз. Оның өтірік айтуының себебі неде? Бәлкім, отбасындағы мүшелермен арадағы қарым – қатынастың дұрыс болмауынан, қатар – қатынастың қиындауынан болар. Мұны біліп алған соң, енді жағдайды өзгертуге тырысыңыз. Демек, баланың өтірік сөйлеуіне итермейлейтін жағдайларды болдыртпауға тырысыңыз.