Ү дыбысы мен әрпі

Авторы: Түйдекен Дана Талғатқызы

ШҚО Аягөз қалалық «№5 бөбекжай- балабақшасы»

Ү дыбысы мен әрпі

Сабақтың тақырыбы: Ү дыбысы мен әрпі
Сабақтың мақсаты: 1. Ү дыбысы мен әрпін таныту. Сөзге дыбыстық, буындық талдау жасату.
2. Ү дыбысының әріп элементтерін, сөздерді дұрыс жазуға, есте сақтауға үйрету, тілін дамыту.
3. Сауаттылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу
Типі: Аралас сабақ
Әдісі: Сұрақ — жауап, ойын
Көрнекілігі: тірек сызба, кеспе әріптер, суретті әліппе, суреттер.

Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі
Балалардың зейінін сабаққа аудару.
Үй тапсырмасын сұрау
Өткен әріпті еске түсіру, сөздерді оқыту, өлеңді жатқа сұрау.

2. Жаңа сабақ
Ал, балалар, бүгін жаңа әріппен таныспас бұрын сендерге жұмбақ жасырайын. Егер сендер дұрыс шешсеңдер, бүгінгі өтетін дыбыс шығады: Үйрек десе – бірінші,
Бүйрек десе — екінші.
Бұл қай әріп екенін,
Біреу айтып берсінші. (Ү)
Дұрыс балалар, ү дыбысы екен.
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: Ү дыбысы мен әрпі
Енді мына суретке қараңдаршы (суретпен жұмыс)
— Мынау не? — Үкі
— Үкі — түн құсы. Үкі сөзін буынға бөле қойыңдар. Ү — кі. (екі буын)
— Үзеңгі сөзін (үзеңгінің мағынасын ашып кету) буынға бөле қойыңдар.
— Ү — зең — гі (үш буын бар)
— Үкі, үзеңгі, Үміт, үш, үйрек деген сөздер қандай дыбыстан басталып тұр?
— Ү — ү — ү (хормен айту)
— Ү — қандай дыбыс деп ойлайсыңдар?
— Ү — жіңішке дауысты дыбыс, созылып айтылады.
— Қандай түспен белгілейміз?
— Қызыл түспен белгілейміз де қызыл үйге кіргіземіз.
— Ү дыбысы сөздің қандай буындарында жазылады?
— Сөздің басқы буындарында жазылады.
Ү — дыбысының әріп таңбасымен, жазылу элементтерімен таныстыру.
«Ү» әрпінің баспа, жазба түрлерін көрсету. Ауада жаздыру.
Үү – Ұұ дыбыстарын салыстыру.
Ү — жіңішке дауысты дыбыс, ұ — жуан дауысты дыбыс және белінен сызылған.
— Ү — дыбысын айтқан кезде ерін сүйірленіп, алға жылжиды, тіл артқа жылжиды, иек көтеріледі.

Суретпен жұмыс
Суретте салынған «үйрек» туралы айту. Үйректің пайдасы және оны өсіру.
Дыбыстық, буындық талдау жасау. Үйрек — үй — рек..-…
Тірек — сызба бойынша сөздерді оқыту, мағынасын айту. (үн, үш, үр, үз, үк, үй)
Ү — н, з, й, р, ш, к

Ойын «Сөз ойла, тез ойла» доппен ойналатын ойын (допты балаларға бергенде алып тұрып ү дыбысы бар сөзді шапшаң ойлап айтулары керек)

Дәптерге жазу. Ү дыбысының жазу элементтерін бастырып жазады. Бас, кіші әріптерін жазулары. Әдемі, таза жазуларын қадағалау.

Тірек – сызба бойынша затты сипаттау:
Гүл (қандай?) — әдемі, хош иісті, қызыл
Түлкі (қандай?) — қу, қызыл, айлакер
Тақтадағы сөздерді оқыту
Гүл, үтік, күз, жүгері, күрек, түлкі

Сабақты қорытындылау:
— Бүгін қандай әріппен таныстық?
— Ү дыбысы қандай дыбыс?
— Ү дыбысы қалай айтылады?
— Бас, кіші әрпін жазып көрсет.
«Өз орныңды тап» ойыны. Әріптерді өз орнына қою:
ү, т, л, і, к — түлкі і, к, ү — үкі р, к, е, й, ү — үйрек

Мадақтау. Бүгін балалар, бәрің де жақсы сабаққа қатысып, белсенділік таныттыңдар. Үйренгендеріңді естеріңде сақтаңдар. Рахмет сендерге.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *