Қызға қырық үйден тыю

Қызға қырық үйден тыю

«Қызға қырық үйден тыю»  деп ата-бабамыз бекер айтпаған.  Қазіргі жайқалып өскен бәйшешек,  ертең бір үйдің ошағының отын жағып,  шаңырақтың түтінін түтетіп отыратын аяулы ана.  Сол себепті,  қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне ерекше мән береді.  Ертеректе аталарымыз қыз өмірге келген сәттен «байлығым келді,  елмен елді жалғайтын елшім,  өмірімді кеңейтетін өрісім келді»-деген.

Қыздың тәрбиесіне,  жүріс- тұрысына,  сөйлеген сөзіне аса мән беріп,  қонақ етіп,  төрінен орын берген,  еркелетіп әспеттеп күткен.  Қазақ қыщдарын бала кезінен бастап еркелетіп,  бетін қақпай өсірген.  Бұл қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлінгендігін аңғартады.  Сондықтан да тәрбиелі,  инабатты,  ибалы,  намысты қазақ қыздарын отбасында тәрбиелеп шығады.  Ертеде аналары қыз балалардың көрікті болып өсуіне ерекше көңіл бөлген.  «Аттың көркі- жалы,  қыздың көркі- шашы» деп ұғынған аналар қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған.  Сонымен қатар,  бойжеткен қыздардың киім киісіне де мән берген.

Халқымыз қыз балаларға дүрия бешпет,  қынама қамзол,  қос етек көйлек,  кәмшат бөрік,  биік өкше етік кигізген.  Киімдеріне үйлестіріп білезік,  шашпау,  сырға,  алқа секілді әшекей бұйымдарын тақтырған.  Қыз балаларының аспаздық,  тігіндік қасиеттерінің бойынан табылуына жағдай жасаған.  Қыз баланың ақылды,  көркем,  нәзік болуына анасы себепкер.  « Анасына қарап,  қызын ал» демекші,  анасының жақсы жар,  аяулы ана,  жанашыр жан болғандығы қызының бет бейнесін көрсетеді.

Қызының шынайы жүзін,  оның тәрбиесінен аңғарады.  Бала ұядан не көрсе,  соны іледі.  Бізде отбасында қыз баласының тәрбиесіне ерекше мән беріледі.  Ата- әжелеріміз бен ата- аналарымыз дүниеге шыр етіп келген сәтімізден бастап,  өз даналықтарымен,  ақыл кеңестерін бойыма сіңіріп,  өсіреді.

Біреудің ала жібін аттама,  сөйлеп жатқан кезінде сөзін бөлме деп ескертетін.  Қыз баласы Құранда жазылғандай ең нәзік,  ең сұлу,  ең мейірімді адам баласы.  Өмірге келгенінде әкесін жұмаққа жетелейтін аруы,  есейе келе анасының қолғанаты,  тұрмысқа шыққаннан кейін жарының қолдаушысы,  ұрпағының жалғасын өмірге алып келетін аяулы жары,  ата- енесінің бесаспап келіні,  өмірге бала алып келгеннен кейін бір қолымен бесік тербетсе,  екінші қолымен әлемді тербететін дәрежесі бар жаратылыс иесі.

Қазақта қыз баласына арнап түрлі ырым-тыйымдар,  мақал- мәтелдер,  ән мен жырлап көптеп кездеседі.  Сонымен қатар,  дінімізде әйел адамының құрметін ерекше дәріптейді.

Ертеден қыз баласының тәлімі мен тәрбиесіне аса мән қоя білген.  Жас күнінен ақылдылықты,  зеректілікті,  биязылықты,  нәзіктілікті,  сыпайылықты,  даналықты барлығын еркелете отырып,  бойына сіңіріп отырған.  « Қызға қырық үйден тыйым»  салып отырған.  Шашына таққан әшекейінен жүргенде дыбыс шығатындықтан аса байыптылықпен де жүруді үйреткен.  Ерлер қауымы жақын арада шолпының сыңғыры естілгеннен өздерінің тілдеріне абай болып,  сөйлейтінде болған.  Бұл сипаттан қыз баласның боқтық сөздерді естімей өскендігін аңғара аламыз.

Сонымен қатар бойына көптеген аңыз- әңгімелерді сіңіру арқылы дана етіпте тәрбиелей алған.  Би шешендеріміздің әділ шешімі,  батырларымыздың батырлығы барлығы аналардың,  әжелердің дана адам болуынан.  Абай атамызың әжесі Зере мен анасы Ұлжандай аналарымыз,  асыл қыздарымыздың арқасында дана басшы,  ерлігі бүкіл дүниеге таралған батырларымыз өніп-өскен.

Қорытындылай келе,  қазақ халқы Еуропа елдеріне қарағанда рухани және мәдени салт дәстүрлері мен әдет ғұрыптарын қалыптастыра білді.  Ата- бабаларымыздың қалдырған ырым сенімдерінің,  тәрбиесінің әрбірінің астында тамыры тереңге жайылған мәселе жатыр.  Соның ішінде,  қыз баласының тәрбиесіне ерекеше көңіл бөлуі,  жақсы тұлға болып қалыптасуына ықпал жасауы болашақ мемлекеттің берік қалыптасуына бастама болмақ.  Әр қыз баланың тағдырына немқұрайлықпен қарамау,  саналы ұрпақтың дүниеге келуі  екендігін аңғаруымыз қажет.

Руслан Ақжүніс

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *