АБАЙ ЖӘНЕ «МЕН» КОНЦЕПЦИЯСЫ
АБАЙ ЖӘНЕ «МЕН» КОНЦЕПЦИЯСЫ
Ахметжанова Ж.Б., ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор,
Қарағанды Бөкетов университеті, Қазақстан
«Абайды тани алмаған қазақ дүниені де танып жарытпайды»
(Н.Назарбаев)
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес [1, 136 б.].
Өмірдің мән-мағынасын жете бағалап, опасы мен жалғанын әрқашан да ажыратып қараған Абай дүниеден өткен адамды біржолата өлдіге санайтын жаңсақ пікірді теріске шығарады.
Ақынның ұғымында «мен» әрі табиғат, әрі адам. Ол «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегенде сол адамды өлтірмейтін «менікі» саналатын – істеген еңбегі дейді. «Мен» кісінің денесі де, «менікі» –атқарғанісі, ұстаған ойы, айтқан сөзі. Осы «менікі» мәңгілік. «Фәнидің» мінін көрмей қоймайтын, «бақилық» мұрасы. Бақи – уақытпен өлшенбейтін мәңгі рухатауы, адамрухының о дүниелік мекені. Бақи «мәңгі» сөзінің синониміемес, оның ауқымына сиып тұрған о дүние туралы халықтың теологияұғымы. Мысалы, «мәңгі бақи» тіркесі қолданылғанда, «бұл дүниеде және ол дүниеде», яғни, «екі дүниеде де» деген мағынаны береді. Абайдыңосы терең ғақлияттықмағынасы бар өлеңінен бақидың – адам рухының уақыт өлшемінен тыс мәнділігін білдіретін атау екенін танимыз. «Мені мен менікінің айрылғанын, Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес» дегенАбай, Бақи сөзі бұ дүниеден кетіп, о дүниеге ұласқан адам ғұмырының атауы деуімен қатар, рух мәңгілігін мағұлым етеді[2].
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей.
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей [1, 136 б.].
«Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей» дегенде ғұлама жалған, өткінші дүниенің имандылық таразысы да, түпкі мәні де Бақи екенін аңғартады.
Абайдың бұл тұжырымы түптеп келгенде «Жақсының аты өлмес, ғалымның хаты өлмес» дейтін халық философиясымен үндес жатыр. Сонда ақын «адам өлмес» дегенде не айтпақ? Ол осынау байламды сөзі арқылы халықты табиғат құбылыстарынан жасқанбай, оларды мойынсынбай, қарсы күресуге, еңбек етуге, артына жұрт есінде тұтарлық іс қалдыруға шақырады.Фәнилықдүниеге бой алдырмасаң, терең ойдың соңына ерсең ғанаиманыңтүгел деп түсіндіреді. Бұл жерде, сөз жоқ, ол өзі туралы айтып отыр. Бұл кезде «Абай аға» атанып, дуалы сөзі елге дауа, жұртқа жұбаныш болған ақын өзінің бүгінгі мен болашақты жалғастыратын ірі тұлға екенін жақсы білген. Өйткені оның өзі де «өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Оны төмендегі шумақтарда дәлелдей түскендей.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыяма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?! [1, 136 б.].
Жоғарыда айтылған «Мен» кісінің денесі де, «менікі» –атқарғанісі, ұстаған ойы, айтқан сөзі деген пікірді дәлелдей түседі. Арзан дүниеге, мал-мүлікке бой алдырмай, артыңда жас ұрпаққаүлгі боларлық өшпес еңбегіңмен із қалдыр, өсиет қалдыр дейді.
Дүниедегі дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәғшәрға амалсыздың.
Иманын түгел деуге аузым бармас [1, 136 б.].
Абайдың осы төрт шумақ өлеңінен-ақ өмірдің тылсым сырларын ұғып, әр сөзінің астарында терең ой жатқанын байқауға болады.
Абайдың ойынша, «адам бойындағы ең қымбаты – оның жүрегі,мейірімділік, ізгілік, өзгені өз бауырындай қабылдай білу, оған өзіңе тілейтін игілік тілеу – мұның барлығы жүректің қалауынан, ақ пейілден, ішкі жан дүниенің кеңдігінен туады.Осы орайда отыз бірінші сөзіндегі: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер» [1, 311б.], — деп адамзатты жаман келселдерден сақтап, көңілің, көкірегің ояу, білімді, сабырлы болуға шақырады.
Абайдың қай өлеңін не қара сөзін алып қарасаңыз да адам баласын білімге, тәлім-тәрбиеге деген құштарлықты байқаймыз.
Он жетінші сөзінде Абай: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп қайрат, ақыл, жүрек сияқты адамның жақсы қасиеттерін айтыстырады. Онда адамның алдына қойған мақсатына жету үшін қайтпайтын қайрат керек екені тұспалданады. Ақыл болмаса жақсы мен жаманды айыра алмаймыз, сондағы асылы жүрек болмаса бүкіл адам бойындағы мүшелері өмір сүруді тоқтатады. Қайрат тек адалдыққа ғана қызмет етпей күш-қуатына сеніп ізгілікке қызмет етумен қатар теріс әрекетке де баруы мүмкін. Ал ақыл болса, ақылдылықпен жақсы мен жамандыққа да ниет білдіре береді. Адамды адалдыққа бастайтын ақиқат жолында ғана жүретін жүректің бұйрығы ғана туралыққа бастайды, ол қайрат пен ақылға бағынбайды. Жақсылыққа қуана білетін, жамандыққа баспайтын ізгілікке ғана бейім Жүрекке билеткен әділ қазы қызметін атқарған ғылым: «…үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет…» [1, 295 б.] деген қорытындыға келеді.Осыдан келіп, үш-ақ нәрсе–адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекдеп адам бойындағы ең ұлы қаситеттерді анықтай келіп, осы асыл қаситеттерді бойымызға сіңіре білуіміз керек екендігіне көз жеткізеді.
Жыр алыбы Жамбыл «Абай – ақын емес, ол–ғұлама» деген болса, ақын С.Торайғыров «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең жаттап оқы, көңілге» деп ұран етті.
«Адамның ең жаманы талапсыздық» деп ақынның өзі айтқандай жас ұрпақ сана сарайын ашуда, ой орамдарын тереңдетуге Абай өлеңдері мен қарасөздерінің қасиетті құрандай екені даусыз.
Абай мұрасы – халық мұрасы. М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезін жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді» [3. 18б.].
Мақаламызды елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен бастаған едік, соңында да:«Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін», — деген сөзімен тәмәмдамақпыз [4].
Абайды тану арқылы жас ұрпақ өз тарихын, ата-баба мұрасын танып, зерделейді.
Әдебиеттер:
- Абай. Қалың елім қазағым: Шығармалары. -Алматы, Жалын, 1995. -384 бет.
- Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/mektep_omiri/51047/
- 3. Абай. Энциклопедия. (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев; ред. алқасы: З.Ахметов, Л.М.Әуезова, Б.Г.Ерзакович т.б.). – Алматы «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 бет.
- 4. Нұрсұлтан Назарбаев. Абай аманаты /Абай әлемі. Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия.
- Мырзахметов М. Абай – қазақ елінің моральдық кодексін жасаған адам. /Аңыз адам журналы.
- Нұрмұрaтов С.Е. Рухaни құндылықтaр әлемі: әлеуметтік-философиялық тaлдaу. -Aлмaты: Қaзaқстaн, 2000. -180 б.