Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

 Жазу — адамның ой-пікірін, басқа адамға хабарлап айтқысы келген сөзін, мағлұматын таңбалар арқылы жеткізуді қамтамасыз ететін белгілер жүйесі. Оның алғашқы нұсқалары өте ерте заманда жасалды. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір десек қателеспейміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманға ақпараттың тіліне айналдырады»-деген болатын.

Еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің орны бар жас мемлекеттің бірі ретінде жан-жақты даму үстінде, сондықтан әлемдік коммуникациялық кеңістікке барынша ене отырып, басқа елдер мен қоғамдық өмірдің барлық саласы жағынан байланыста болу аса қажет. Бірақ соның ішінде тілдік қарым-қатынастың, әліпбидің орны ерекше екені сөзсіз.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен екі топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады. Латынға көшу туралы тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы кейбір жат дыбыстардың артықшылдығын тілге тиек етеді.

Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымызды былайша жіктеп көрсетуге болады:

Ең алдымен, тіл тазалығы мәселесі, қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Сондықтанда тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, латын әліпбиіне көшу — қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақшаны тере алмай қиналып жататынымыз бар.Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан, әрі ауқымы кең.

Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен.Ал қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол-табиғи іс. Сондай-ақ бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақтар тұратынын ескерсек, солардың  80 пайызы латын әліпбиін қолданатын көрінеді. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшер болсақ, сол қандастарымызбен жақындаса түсеміз. Түсіне білген қоғам үшін мұның да маңызы зор екенін атап көрсеткім келеді.

       Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға қарыштап, өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Қуантарлығы бүгінде мектеп шәкірттері даярлық сынып, бастауыш сыныптардан-ақ ағылшынша үйренуде. Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Әлеуметтік желілерде де ағылшынша жазатын жастардың саны күннен күнге артуда. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей көпшілік арасында кең таралып, ауқымы кеңейе түсетініне сенімдімін. Сондықтанда латын әліпбиіне көшуден қорқуға еш негіз жоқ деп ойлаймын.

Қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу – еліміздің өркендеуі, жаңғыруы үшін үлкен рухани өзгеріс. Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білім, мәдениет, өнер, экономика салаларының дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жол. Бұл жолда латиницаға көшу – тиімді әрекет. Бұл әрекет қазақ ұлтының болашағы, еліміздің өркендеуі үшін жасалып отырған дүние, ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады. Латын графикасына көшу жаңғыруға айқын серпін береріне кәміл сенеміз!

Жетписова Гульнуз

«Тұран» университеті 2 курс

Читайте также:

1 комментарий

  1. Гульсара:

    Мәнді мақала еремет👍

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *