Қазыбек бидің шешендік өнер шежіресі
Қазыбек бидің шешендік өнер шежіресі
Билердің сөзі — ақылдың көзі. Қазақ тарихында тоқсан ауыз сөзді орақ тілмен сөйлете алған қызыл тілдің шебері қазақ шешендік өнерінің орны әрқашан да ерекше болған. Қазақ шешендік өнер деп бастауымыздың да өзіндік ерекшелігі бар. Ол сонау Майқы биден басталып, осы кезге дейін ауыздан ауызға таралып, қағаз бетінде емес, халық жадында сақталған. Сондықтан болар, олар талай ұрпақтың, талай таптың сынынан өтіп, ұстарып жалпы халық қойнауының құндылығына айналған…
Сондай сұрыпталған құндылықтардың тарих сахнасынан қазақ сахарасына жетуіне үлес қосқан, есімі қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітім – бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмлегер, шешендік өнердің майталманы — Қазыбек Келдібекұлы.
Қазыбек — көркем сөздерімен қазақтың шешендік өнерін, халық әдебиетін дамытқан, байытқан, дарынды шешен, кемеңгер ойшыл.
Биіміздің ауыз толтырып айтарлық, еске аларлық ерен қадір-қасиеттерінің бірі – оның заңгерлік даналығы, ғаламат дала дипломатиясының негізін қалаушы, санаулы ғана даналардың бірі болғандығы… Сондай ақ, «Жеті жарғыны» — бүкіл қазақ халқының конституциялық алғашқы құжатын жасаушылардың бірі ғана емес, бірегейі – осы Қаз дауысты Қазыбек би.
Қаз дауысты Қазыбек -шешендіктің, әділқазылықтың, төреліктің тәсілдерін шебер меңгерген ұтқыр да ұшқыр ой иесі атанумен бірге асқан әдебиеттің жанашыры болған адам. Оның шешендік сөздерінің құндылығы ойының тапқырлығында. Қиядан жол, қиыннан сөз табу – шешеннің ең бағалы қасиеті.
Қаз дауысты Қазыбектің толғаулары, нақыл сөздері.
Қазыбек бидің толғауларының ерекшелігі қандай? Кім жақын? Не қымбат? Не жаман? Не қиын…
Оның әрбір жалынды сөздері қазақ халқының рухын биіктеткен ұранға айналды. Шешендіктің қайнары болған әрбір толғауы өте ерекше, құнды, мағыналы.
Біздің қазақ халқы бауырмалдық пен қонақжайлылыққа және тәрбиелілікке, достыққа аса қатты мән бергендіктен ағайынның жақындығы мен татулығын, бауыр мен туыстың осы өмірдегі алатын орны мен қадір-қасиетін аса қатты дәріптеп, құрметтеген. Қазыбектің толғауындағы ерекшелік осы жақындық пен татулыққа негізделуінде жатыр.
Ұлының ақыл-ойға негізделген өсиет сөздерінде әділ шешімдері, ел еркіндігі мен бірлігі, ынтымағы терең танылады. Еліміздің Ресейге қосылғанға дейін қазақ мемлекетін басқару тек саяси қатып қалған заңдар, ресми жарлықтар арқылы емес, бірінші кезекте дәстүр, атадан балаға мирас болған ұлттық құнлықтарды дәріптейтін шешендік сөздер мен қағидалар арқылы болашақ ұрпақты бір арнаға тәрбиемен тоғыстырып отырған. Қазыбек бидің артында қалған мұрасының жай – күйі осыған дәлел. Ұлы бабамыздың қалдырған шешендік сөздері ұрпақ жадында мәңгіге сақталғандықтан ғана бүгінге жетіп отыр. Түптеп келгенде халық пен уақыт қана әділ сарапшы ғой. Олар шын асылды ғана ұрпақтан – ұрпаққа жалғастырады. Демек, ұлының бізге жеткен асыл мұрасы ғасырлар жүгі мен парызын, халық ойының тылсым сырын сырқа жаяр, сөз құдіретінің жаны мен қанын арқалап тұр. Мәселен, шешен сөздің, яғни жиынды аузына қаратып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлеген шешен сөздің ғажап үлгісіне айналған әрбір нақыл сөзін жатқызуға негіз бар. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз…», — деген нақыл сөзі тек қана шешендік емес, сонымен қатар, қиын- қыстау кезеңде бар өмірін өз халқының еркіндігі мен теңдігіне арнаған халық жанашыры. Асылы, ойлау қабілетінің аса биіктігі қасиетті тілінің орамдылығы , сөйлеу мәдениетінің кемелділігі арқылы кез- келген дұшпанын мойындатып, бордай егілткен. Осыдан түйетініміз, судай қызыл тілінен тамған жүйелі сөзі, шешендік толғанысы – ойшылдықтан, дүниетанымының тереңдігінен , даналығынан , шапшаң да тегеурінді ойлау мүмкіндігінен туғандығын байқауға болады. Осыдан болар, елі «Қазып айтқан Қазыбек» деп қастерлеген.
Қазақ тілі білімі ғылымының атасы Ахмет Байтұрсыновтың: «… ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып, айтылған сөздер ғана сөйлем болады»,- дегеніндей, ол өз тілінің қалың бұқараға ұғынықты болуын негізі мақсат санады. Осындай көркем сөздің хас шебері, мінсіз майталманы болған Қазыбек би қазақ тіліндегі әдеби тәсілдердің шыңдала түсуіне, әдеби нормалардың тұрақтануына айтарлықтай ықпал еткен.
Қазыбек бидің салмақты ойы ұшқырлығының жоғары деңгейде болуының тағы бір көрінісі- әрбір толғауының қайталама қолданыстарды ұтымды пайдаланатындығын көруге болады. [2,234].
— Бір дегеніміз — бірлігі кеткен ел жаман.
— Екі дегеніміз — егесіп өткен ер жаман.
— Үш дегеніміз — үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
— Төрт дегеніміз — төсектен безген жас жаман.
— Бес дегеніміз — белсеніп шапқан жау жаман.
— Алты дегеніміз — асқынып кеткен дерт жаман.
— Жеті дегеніміз — жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
— Сегіз дегеніміз — серпілмеген қайғы жаман.
— Тоғыз дегеніміз — торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпеген сол жаман.
— Он дегеніміз — оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, — толғауы дәлел бола алады.
Қазыбек бидің нақыл сөздері мен толғауларында жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді алға тартады. Көбіне көп мал дауы мен жан дауы, ар дауы мен намыс дауына кесім айтқан. Оның нақыл сөздері мен шешендік сөздерінің көпшілігі «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген тұжырымға негізделген. Ол «от ауызды, орақ тілді» шешендігімен ұрпақ жадында сақталған.
Бабамыздың данагөйлік өнегелі өмірі, ел қамын ойлаудағы нақыл сөздері, топ бастаған көсемдігі , орақ тілді шешендігі, от ауыздығы мүлтіксіз әділдігі туралы жазар дерек аз емес. Оның аузынан шыққан бітімді бата, кесімді бағасы, орамды ойы мен көркем теңеуі, тоқсан ауыз сөзді бір арнаға тоғыстырған толғаулары ұлт жадында жатталып, бүгінгі ұрпаққа мирас болып отыр. Филология ғылымының доқторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев «Олардың әрқайсысы жайлы жеке зерттеу, кең әңгіме шерту кезеңі жақын, оны әзірше уақыт еншісіне қалдыра тұралық»- деген сөзі арқылы ұлының асыл мұрасын толық жазып зерттеу уақыт еншісінде.
Пайданылған әдебиеттер:
- Билер сөзі / құрастырған Т.Кәкішев/ .- Алматы, 1992 ж.;
- Қаз дауысты Қазыбек би/ Артықбаев Ж.- І,ІІ том/. Алматы,2017 ж.;
- Қаз дауысты Қазыбек би/ Дәуітов С./- Алматы,2011 ж.;
- Билер сөзі- ақылдың көзі/ Төреқұл Н./ Алматы,2001 ж.;
- Қазақ шешендері/ Адамбаев Б./ — Алматы,2008 ж.;
- Шешендік сөздер/ Адамбаев Б./ -Алматы,1992 ж.