Өзіңді сүзгіден өткіз!

Ел таныған ғұламаға бір кісі келіп: «Сіз бір шәкіртіңіздің не деп жүргенін білесіз бе?” – дейді. Сонда ғұлама: “Біреудің айтқан сөзін жеткізбес бұрын оны мынадай үш қабат сүзгіден өткізіп алғаның жөн: Алғашқысы – шындық. Соған салар болсақ, айтпақ сөзіңнің рас екеніне көзің толық жете ме?» – дейді.
Әлгі кісі: «Шынымды айтсам, өз аузынан естімедім» – дейді.
– Онда екінші сүзгіден өткізейік. Ол – жақсы сөз деп аталады. Айтатын хабарың жақсы сөз бе еді? – деп сұрайды.
Ол кісі: «Жоқ, керісінше болатын» – дейді күмілжіп.
– Онда үшінші сүзгіден өткізіп көрелік. Мүмкін бұл сынақтан өтерсің!? Ол – пайдалылық деп аталады. Ал енді мына хабарыңның маған қаншалықты пайдасы бар? – деп сұрайды.
Әлгі кісі қатты қысылып: «Пайда бермейтін әңгіме еді» – дейді жерге қараған күйі.
Сонда ғұлама: «Өзі сенімсіз болса, әрі жағымсыз әңгіме болып, маған түк пайда келтірмесе оны маған қай жақсылық ойлап жеткізгің келді?!» – деген екен.
Бұл бәрімізге керек сүзгі екен!
www.asylarna.kz