Бала тәрбиесі-баршаның ісі

Бала тәрбиесі — баршаның ісі.

Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие көбінесе балабақшадан басталып, мектепте жан- жақты педагогикалық өрісін табады. Әсіресе, балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Өйткені, жас ұрпақтың жан- жақты қалыптасу негізі мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Осы кезең балаларды еңбекке баулуға қолайлы кезең. Балаға тән бір нәрсе естігендері мен көргендерін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, сенгіш, еліктегіш, білуге құмартқыш келеді. Бала 1,5-2 жасынан бастап жуынып-тарануға еліктеп, ұмтылады. 2-3 жастан бастап алдына мақсат қоя бастайды.«Мен өзім» деп еңбек әрекеттерінде ересекке тәуелсіз болуға, қолынан келсе де, келмесе де орындауға тырысады. Бірте- бірте бала еңбек әрекетінен тәжірибе жинай отырып, 4-5 жасында өз әрекетін жоспарлап, нәтижесін көруге тырысады. Егер ата- анасы баласын өзі киіндірсе, шешіндірсе, ойыншықтарын жинай салса, тәрбиенің тиімділігі төмен болады.
Жақсы перзент ата- ана қолындағы аманат. Баланы тәтті тағам, жақсы киімге үйір қылмаған жөн. О бастан баланың жан дүниесін рухани пәктікке тәрбиелеген абзал. Егер бала қателессе, бір екі рет көрмегенсіп, білмегенсіп, қоя салған дұрыс. Оған жауап беретін дәлелі болмауы да мүмкін. Оқтын- оқтын жаман іске үйір болып әдеттенсе, кемшілігін айтып ұялтып, түсіндіру қажет. Әкесі өзінің баласына сабыр, шыдамдылық пен айбаттылығын өнеге еткен абзал.
Отбасында ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көрген бала балабақшада да, мектепте де өз ісіне жауап бере алады. Үйде өз ойын еркін айта алатын бала қай жерде де жасқаншақ болмайды. Адамдармен тез тіл табыса алады. Бала мен үлкендер арасындағы байланыс қазіргі заманда бұрынғы заманмен салыстырғанда едәуір дамыған.
Ата- ана — отбасының рухани тірегі. Балабақшаға балалардың мінез-құлқы, көбінесе, отбасынан қалыптасып келеді де, бұдан кейінгі оқу тәрбие ісі олардың ата- анасы берген қабілеттерін шыңдайды.
Тәрбие: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, құлық тәрбиесі болып тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны дей келіп, «балам адал болсын» дейтін ата- ана осы тәрбиелерден бастау алса деймін.
Ата- ананың жұмсақтығынан бала жұмсақ, бос болып өседі, ал қатал болса, олардың жоқтығын пайдаланып, өз еркімен ойына келгенін істейді.
Ұлт тәрбиесі ұлт- болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін барлық балабақша, мектеп, ата- ана болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажет. Тәрбие арқылы ересектердің бойындағы жақсы- жаман қасиеттерді ажырата біліп, еңбекке, өнер білімге бой ұрады. Сондықтан да отбасында болып жатқан ірілі-уақты оқиғалар: ата- ананың бір- бірімен қатынасы, баламен сөйлесуі, үй шаруасының атқарылуы, ересектердің еңбекке көзқарасы, уақытты өткізуі, туыстар мен жолдастарына ықыласы, қонақ қабылдауы, бәрі балаға тікелей әсер етеді, мінез- құлқы да соған қарай қалыптасады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», -деген халық даналығы осыған байланысты туса керек. Шын мәніндегі өнеге, бедел ата- ананың да, мұғалімнің де бала тәрбиесіне үлкен көмек беретін, дұрыс бағыт сілтеп, басшылық ететін басты құралы. Кейбір ата -ана беделге барынша қаталдықпен жетуге тырысады, айқайлап, ұрысу сияқты өрескел мінез көрсетеді. Шектен асқан қатаңдық баланы қорқақ, жасық етіп, тіпті оны ауруға да душар етеді.
Көрнекті педагог А.С.Макаренко, балаға қатаң талап қою да қажет, бірақ оларды құрметтей де білу керек екенін арнайы сөз еткен болатын, біз бұны көбіне естен шығарып аламыз. Балаға бір нәрсе туралы бірнеше қайталап айта берсең, ол сөздің қасиетін жояды. Сондықтан баланы ең жас кезінен ата- анасын бір айтқанда -ақ тыңдап, талабын орындауға үйреткен орынды. Қорытындылай келе, ғұлама ғалым Әл Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы» деген ақиқат сөзімен дәлелдегім келеді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *