«Тіл жүйрікте кім жүйрік?»

Л.Кадирова, Шағырсай негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Күзексай ауылы

Тақырыбы: «Тіл жүйрікте кім жүйрік?»
Мақсаты: Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдік деңгейлерін байқау, саралау; ана тіліміз арқылы оқушылардың рухани дүниесін, шығармашылық қабілетін арттыру;
Тәрбиелік: Оқушылардың бойында ана тілімізге деген сүйіспеншілікті дамыту, оны әрқашан құрметтеуге баулу.
Дамытушылық: Жас жеткіншектердің ойлау өрісін одан әрі кеңейту.
Білімділік: Оқушыларды өзара сайысқа түсіре отырып, сөздік қорларын байыту, білімдерін нығайту. (сайыс 5-9 сыныптар арасында ұйымдастырылады. Әр сыныптан 1 оқушы қатысады)
Көрнекілігі: түрлі-түсті қағаздар, плакат, стикер, т.б
Мұғалім:
– Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі жастар халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, есте сақтау қабілеттерін шыңдайтын білімді жастарды анықтайтын, білімге қызығушылығын арттыратын «Тіл жүйрікте кім жүйрік?» атты сайысымызға қош келіпсіздер! Білімді адам ешнәрседен қорықпайды, мазаланбайды.
Әр уақытта да батыл.
Өмірдің өзі адамды тірестірген,
Бірі жаңа жарыстың бірі ескірген.
Айнала отырып ап исі қазақ
Азаматын өзара күрестірген-дей отырып бүгінгі сайысымызды бастамас бұрын, алдымен сайысқа қатысқалы отырған оқушылармен таныстырып өтейін.
Сайысқа 5-9 сыныптар арасынан бір эрудит оқушы қатысып отыр. Кезекті оқушыларды таныстыруға берсек:
Айбынды – Саят (5 сынып)
Ақын бала – Дінмұхамед (6 сынып)
Сыныбының жалғызы – Сәкен (7 сынып)
Жүзінен нұр шашылған – Назерке (8 сынып)
Сыныбының еркесі – Дина (9 сынып)
Алдын ала алынған сауалнамада Назерке келешекте мұғалім болғым келеді деген екенсің, бұл ұлы мамандық сені несімен баурап алды?
Жүргізуші: Жауабыңызға рахмет!
Жүргізуші: Дінмұхамед, сауалнамадағы ең жақын адамыңыз кім деген сұраққа «анам» деп жауап берген екенсіз, анаңыз сіз үшін кім? Дос па? Сырлас па? Пір тұтасыз ба?
Жүргізуші: Рахмет, менде сіздің сөзіңізге қосыламын, пайғамбарымыздың өзі хадисінде «анаңды құрметте» деген екен.
Ал, Сәкен, сауалнамаға өзінің тегін де, руын да, жүзін де жазыпты. Ендеше сіз жеті атаңызды қайыра алатын болдыңыз ғой, бізге де жеті атаңызды қайырып берсеңіз.
Жүргізуші: Рахмет, «жеті атасын білмеген — жетесіз» дейді екен, сіз өзіңіздің нағыз қазақ баласына сай жоғары біліміңізді көрсеттіңіз.
Динаның ұстанымы «Білген сайын келеді біле бергім, біле беру емес пе тілегі елдің» деген екенсің, осы ұстанымызбен не айтқыңыз келді?
Жүргізуші: Саят, сіз болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?
Сайысқа төрелік айту үшін әділ қазы алқасымен таныстырып өтейін, мектеп директоры Искаков Куаныш Серикович. Тәрбие ісінің меңгерушісі Ахметов Айбек Талғатұлы. Бастауыш сынып мұғалімі Барлыбаева Жадыра Төреханқызы. (қазылар алқасы оқушылардың жауаптарын бағалап, түсінік беріп, ұпай сандарын көтеріп отырады)

— Ана тілі қазағымның қаймағы,
Тілің сенің өміріңнің айғағы.
Бүгін міне, тіл туралы сайысқа,
Әр сыныптың білгірлерін сайлады.
Бүгінгі біздің сайысымыз 4 кезеңнен тұрады:
І. Жүйрік болсаң шауып көр
ІІ. Әдебиеттен көрімдік
ІІІ. Сөз болаты – мақал
ІҮ. Бейнесұрақ

І кезең. «Жүйрік болсаң шауып көр». Бұл бөлімде әр оқушыға 6 сұрақ қойылады.
1-оқушы Саят
1. Аяз би ертегісіндегі ханның есімі кім? (Мадан)
2. Антоним дегеніміз не?
3. Дауысты дыбыстарды саны немесе атаңыз? (12. а,ә,о,ө,ұ,ү,ы,і,у,и,е)
4. «Өгіз бен бақа» өленінің авторы? (Ахмет.Б)
5. Қазақ әліпбиінде қанша әріп бар? (42)
6. «Қызғыш құс» өленінің авторы? «(Махамбет.Ө)
2-оқушы: Дінмұхамед
1. Қосымшаның неше түрі бар, атап өтсеңіз (жұрнақ және жалғау)
2. Саққұлақ, Желаяқ,Көлтауысар қай ертегінің кейіпкерлері?(Ер төстік)
3. Сөз құрамы жағынан нешеге бөлінеді (түбір және қосымша)
4. «Елім барда» өлеңінің авторы кім? (М.Мақатаев)
5. «Әліпби» сөзі қай тілден енген? (араб тілі)
6. Абай науқастанып жатқан уақытта, үйіне келген ақын кім? (Барлас)

3-оқушы: Сәкен
1. Тіл дыбыстары ненің қатысына қарай ашық, қысаң деп бөлінеді? (жақтың қатысына қарай)
2. Қазақ халқын «маса болып ызыңдап оятпақшы» болған ақын? (А.Б)
3. Қазақ тілінде неше септік бар? (жеті)
4. «Қансонар» сөзінің мағынасы? (Жаңа жауған қардың үстіндегі аңның ізі)
5. Семейдегі Абай оқыған медресе? (Ахмет риза)
6. фонетика дегеніміз не? (тіл дыбыстарын зерттейтін сала)

4-оқушы: Назерке
1. Құрмалас сөйлем нешеге бөлінеді? (3)
2. Шәкәрім Құдайбердиевтің қай шығармасында орта жүзге әділ билік еткен ғұлама Әнет баба тұлғасы суреттелген (Қалқаман Мамыр)
3. Арыстан бабты рухани ұстаз еткен, Ислам дінін уағыздаушы? (А.Йасауи)
4. Қыс келсе де, қар жаумады деген сөйлем сабақтастың қай түріне жатады? (қарсылықты)
5. Әдебиет сөзі қай тілден енген? (араб)
6. Жұрнақтың түрлерін ата. (сөз тудырушы, сөз түрлендіруші)

5-оқушы: Дина
1. Тіл білімінің негiзгi соқпақтарын сөз еткен «Тіл-құрал» еңбегінің авторы (А.Байтұрсынов)
2. Ырықсыз етіс жұрнағын атаңыз (ыл, іл,л)
3. Абылай хан атына байланысты қалмаққа қарсы жасалған жорық нағыз тарихи оқиғаға байланысты туған дастан (Батыр Баян)
4. Жай сөйлем құрылысына қарай неше түрге бөлінеді? (жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, жақты, жақсыз, атаулы)
5. 1912 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде «Садақ» атты қолжазба журнал шығарған ақын (Сәкен.С)
6. Өткен шақ неше түрге бөлінеді? (жедел, бұрынғы, ауыспалы)

ІІ. «Әдебиеттен көрімдік» деп аталады. Белгілі ақын-жазушылардың өлең жолдары жасырылған. Туындының атын, авторын атау керек (осы кезеңнен кейін үш оқушы қалуы тиіс)
1. Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!»деп,
Әжем кеп сипағандай шашымнан жай. (Ф.Оңғарсынова «Оюлар»)
2. Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін. (С.Торайғыров «Сүйемін туған тілді – анам тілін»)
3. Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі – ай, бірі – күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр. (М.Жұмабаев «Жатыр»)
4. Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған (А.Құнанбаев «Түбінде баянды еңбек егін салған»)

ІІІ. «Сөз болаты-мақал» деп бұрынғылар айтқандай мақал-мәтелдер-ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанымен, уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. «Мақал-сөздің атасы»демекші сайысымызды жалғастырамыз.
1. Ақымақ бастан ақыл шықпас… (Ақыл шықса да мақұл шықпас)
2. Батыр туса ел ырысы, … (Жаңбыр жауса жер ырысы)
3. Асыл тастан шығады, …(өнер жастан шығады)
4. Жақсы жүрген жерін мақтап жүреді,…(жаман жүрген жерін даттап жүреді)
5. Талапты ерге, …. (нұр жауар)
6. Ерлік білекте емес, …. (жүректе)
7. Сыйлы қымбат емес …(сыйластық қымбат)

ІҮ. «Бейнесұрақ» бөлімінде экранда көрсетілген арнайы сұраққа жауап беру қажет. Бұл бөлімде атаулы даталар бойынша сұрақ қойылады.

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне де келіп жетті. Келесі сөз кезегін қазылар алқасына беріп, сайысымыздың жеңімпазын анықтайық. «Тіл жүйрікте кім жүйрік!» атты сайыстың жеңімпазы атанған жеңімпазды қол соғып, шақырайық. Сонымен қатар сайыста ерекше өнер көрсеткен оқушыларымызға да рақмет айтамыз.
Біздің тіліміз – ең қымбат мүлкіміз. Оны қорғау, қолдау, өркендету – біздің міндетіміз. Әр адам өз ана тілінің болашағына жауапты. Тәуелсіз еліміздің ертеңі – сендер өз тілдеріңнің мәртебесін жоғары көтереді деп сенеміз.
Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
Ана тілсіз іс өрге аса алмайды
Желмаяның үстінде желіп тұрып;
Күңіренбеген тектен-тек Асан Қайғы –дей отырып бүгінгі сайымызды аяқтаймыз. Келіп, көріп тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *