Алаштың тұңғыш газеті-«Қазақ»

1913 жылы 2 ақпанда Орынборда алаш қайраткерлерінің бастауымен қоғамдық-саяси газет жарық көрді және онда Алаш партиясының жоспарлары мен әдеби-мәдени бағыттағы материалдар жарияланды.

Қазақ зиялылары отаршылдыққа қарсы саяси күресте ағартушылық білім беруді қызу қолдады. Зиялы қауым өкілдері саяси сауаттылықты қамтамасыз ету, халықтың тарихи санасын тәрбиелеу үшін баспасөз қажет екенін түсінді.

Алаш лидері Әлихан Бөкейханов пен оның сенімді серіктері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың бастамасымен саяси күреске «Қазақ»газеті енді. Газетті ашу идеясы 1905 жылы пайда болды, бірақ оны ресми түрде шығару мүмкіндігі 1913 жылы ғана пайда болды. 1905 жылы басталған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы осындай ақпараттық қолдауды қажет еткені сөзсіз.

«Қазақ» газеті өзінің алдына тек ағартушылық ғана мақсат қоймады – ол «Алаш»ұлт-азаттық қозғалысын белсенді насихаттайтын арнайы органға айналды. Газетте оны жасаушылардан басқа (Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов) сол кездегі М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин сынды танымал тұлғалардың өзекті мазмұнды материалдары жарияланды.

Қазақ әдебиеті мен фольклоры бойынша негізгі зерттеулер мен еңбектер осы газетте, оның жабылуына дейін басылып шықты. 5 жыл ішінде «Қазақ» газеті барлық алдыңғы басылымдардан асып түсетін тиражбен сатып алынды. «Қазақ» газеті «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап», «Серке» және «Сарыарқа» журналдарына қарағанда танымал болды. Басылымды сол кездегі меценаттар, ұлттық буржуазия өкілдері қаржылай қолдады және демеушілік көмек көрсетті. Патша үкіметінің саясатына байланысты басылымның бас редакторы А.Байтұрсынов бірнеше рет темір тордың ар жағында болғанмен, әр жолы қазақ байлары оған ірі кепілзат төлеуді жалғастырды.

«Қазақ» газетін қазіргі қазақ газеттерінің арғы атасы деп атауға болады. 1918 жылы большевиктер билікке келгеннен кейін, басылым көптеген жылдар бойы тарихтың қоймасында қалды. Белгілі жазушы, баспа саласындағы ірі қайраткер Қоғабай Сәрсекеев 2006 жылы «Қазақ» газетін қайта жарыққа шығарды. Ол газеттің мазмұнды шығуына және басылымды таратуға көп күш жұмсады. «Қазақ» газеті Қоғабай ағаның арқасында жұртпен қайта қауышып, біраз жылдар сол кісінің басқаруымен тынысын ашты. Газеттің қазіргі редакторы – Жасұлан Мәуленұлы болып саналады. Қазіргі таңда басылымдар мазмұндылығымен ерекшеленеді, оның жұмысына білікті мамандар тартылып, ұйымдастырушылық жұмыс алға жылжуда.

ХХ ғасырдың басындағы халық сүйетін газетке бүгінде 108 жыл толып отыр. 2018 жылы ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев газеттің 105 жылдық мерейтойлық датаға орайластырылған арнайы сыйлықтың тағайындалғаны туралы хабарлап, мерейтой атап өтілді.

Осындай бейбіт заманда еліміздің барлық газеттері мен журналдарының арғы атасы – «Қазақ» газетіне ұзақ ғұмыр тілей отыра, әрдайым қазақ халқының құндылықтарын насихаттауды тоқтатпасына үлкен сенім артамыз.

 

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Нұрай ЕРБОЛАТ, 1-курс студенті

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *